Абай күніне орай өткен іс-шараға 50 мыңнан астам адам қатысты

Абай мұрасын дәріптеуге айрықша мән берілді.

Қазақстанда Абай күніне орай 350 мәдени, білім беру, ғылыми, ағартушылық және спорттық бағыттағы іс-шара өтті. Еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылған іс-шаралар 50 мыңнан астам адамды қамтыды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты ұйымдарда Абай мұрасын дәріптеуге айрықша мән берілді. Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығында ақын өмір сүрген кезеңге қатысты қолжазбалар, мұрағат құжаттары мен естеліктер көпшілік назарына ұсынылды. 

Сондай-ақ бейнелеу өнеріндегі Абай тұлғасына арналған көрме ұйымдастырылды. Әдеби квест пен Абай әндерінің фестивалі де өтіп, музей қорындағы мұра жұртшылыққа түрлі танымдық форматта таныстырылды. Ұлттық музейде ойшылдың өмірі мен тағылымды ойларына арналған тақырыптық экскурсия мен музей сабағы өтті. 

Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде балалар қазақстандық суретшілердің туындылары арқылы Абай тұлғасымен танысты. Ал «Отырар» музей-қорығында ақынның шығармашылық мұрасына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Алматыдағы «Абай әлемі» музыкалық-поэзиялық кеші ауқымды іс-шаралардың біріне айналып, 20 мыңнан астам адамды қамтыды. 

Кеш аясында «Алғашқы кітап» деректі фильмінің премьерасы өтті. Фильмде Абай шығармаларының 1909 жылы жарық көрген тұңғыш жинағының тарихы баяндалады. Абай күніне арналған бағдарлама Бейжіңде де жалғасты. 

Қазақстанның мәдени орталығында еліміздің ҚХР-дағы Елшілігі және «Цзиньтай» музейінің қатысуымен «Абай – Ұлы тұлға» дөңгелек үстелі өтті. Жиында қытайлық ғалымдар, жазушылар мен аудармашылардың Абай шығармаларын зерттеу, аудару және насихаттау бағытындағы көпжылдық еңбегі кеңінен сөз болды. 

Өңірлерде де ақын мұрасын дәріптейтін түрлі іс-шаралар өткізілді. Абай облысында «Abai Joly – 100 miles» ультрамарафоны мен «Адамзаттың Абайы» республикалық айтысы өтті. Астанадағы «Сөз өнері. Жасампаз жас қалам» форумына жас қаламгерлер қатысты.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.