Атырау облысында да әскери резервке азаматтарды тарту бағытында түсіндіру және кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізілуде. Атырау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, майор Жасұлан Сатыбалдиевтің айтуынша, әскери резерв бағдарлама-сы – Қазақстанның Қарулы Күштері жүйесінде қолға алынған маңызды бағыттардың бірі.
«Әскери резерв бағдарламасы Қазақстанның Қарулы Күштерінен бастау алды. Республика деңгейінде үгіт-насихат, кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізілуде. Жаңа бағдарламаға сәйкес, енді запастағы офицерлер мен кәсіби даярланған сержанттар үш жыл көлемінде резервте әскери қызмет атқарады. Олар Қарулы Күштерде даярлықтан өтіп, жұмылдыру жұмыстарына қатысады. Бірақ резевртегі әскери қызмет – ерікті түрде жүзеге асады», – дейді майор Жасұлан Сатыбалдиев.
Оның айтуынша, резервке тартылған азаматтарға қызмет кезеңінде бірқатар әлеуметтік және материалдық қолдау қарастырылған. «Резервтегі әскерилер кәдімгі әскери қызметшімен тең құқыққа ие болады. Олар әскери киіммен қамтамасыз етіліп, ай сайынғы төлем алады. Қазір еңбекақы көлемі 85 мың теңгені құрайды. Келер жылы бұл көлем ұлғаяды деп күтілуде. Сонымен қатар резервтегі азаматтарға әлеуметтік пакет ұсынылады. Олардың қатарында балаларды балабақша мен мектепке орналастыруға қатысты мүмкіндіктер, сондай-ақ жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, медициналық сақтандыру секілді шаралар бар», – деді майор Жасұлан Сатыбалдиев.
Жалпы, Атырау облысында биылға әскери резервке 31 азаматты шақыру жоспарланған. Қазіргі уақытта 16 азамат әскери резервте қызмет етуде. Ескерерлігі, әскери резервке қабылдау кезінде азаматтардың бұрынғы әскери даярлығы мен азаматтық мамандығы да ескеріледі. Әсіресе мерзімді әскери қызмет өткерген, әскери-техникалық мектептерде немесе әскери кафедраларда білім алған азаматтарға басымдық беріледі.
Ерекше атап өтерлігі, резервтегі қызметтің ерекшелігі – азамат негізгі жұмысынан қол үзбей, әскери даярлығын жетілдіре алады. Мұндай мүмкіндік Атыраудағы резервшілердің бірі Наурызбай Дауылбайұлы үшін де маңызды болған.
Ол Атыраудағы Халел Досмұхамедов атындағы университетті 2020 жылы тәмамдап, әскери кафедрада білім алған. Қазір қаладағы мектептердің бірінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді.
«Офицерлік шенім бар. Өзім мұғаліммін. Балаларға алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беремін. Бүгінгі уақытта қосымша резервте қызмет атқарып жатырмын. Айына үш күн қызмет атқарамыз, оған қосымша 85 мың теңге жалақы аламыз. Әскери машығымды жетілдіру мақсатында әрі елге қызмет ету үшін резервке келдім», – дейді резервтегі офицер Наурызбай Дауылбайұлы.
Атырау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, майор Жасұлан Сатыбалдиевтің айтуынша, резервке қабылдау кезінде азаматтың әскери даярлығы, денсаулық жағдайы, жасы және таңдалған әскери лауазымға сәйкестігі ескеріледі. Резервтегі қызмет офицерлік және сержанттық құрамды жүйелі түрде даярлауға мүмкіндік береді. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, офицерлер 60 жасқа дейін, сержанттар мен сарбаздар 50 жасқа дейін резервтегі қызметке шақырылуы мүмкін.
Резервшілер Қазақстанның әр өңірінде орналасқан әскери бөлімдерде даярлықтан өте алады. Бұл жүйе ел аумағындағы әскери бөлімдердің жұмылдыру дайындығын арттыруға бағытталған.
Әскери резервтің басты артықшылығы – қажет болған жағдайда дайын тұрған азаматтарды қысқа мерзім ішінде жұмылдыруға мүмкіндік беру. Қарулы Күштер үшін резервшілердің тұрақты даярлықта болуы әскери бөлімдердің жұмылу уақытын қысқартуға және әскери дайындық сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ал азаматтар үшін бұл – негізгі кәсібін жалғастыра отырып, әскери машығын жетілдіру және қосымша табыс табу мүмкіндігі.
Резервшілер оқу-жаттығу кезеңдерінде әскери даярлықтан өтіп, өздерінің кәсіби және физикалық дайындығын жетілдіреді. Осы арқылы біржылдық мерзімді әскери қызметтен кейін азаматтық өмірге толықтай оралатын азаматтардан ерекшеленетін, әскери дағдыларын жүйелі түрде жаңартып отыратын дайын резерв қалыптасады.
Қазір мұндай резервтің маңызы артып отыр. Қарулы Күштерге дәстүрлі әскери мамандармен қатар, байланыс, ақпараттық технологиялар, инженерлік бағыт, ұшқышсыз жүйелер және басқа да техникалық салаларды меңгерген мамандар қажет. Сондықтан әскери резерв тек әскери мамандық иелерін ғана емес, азаматтық салада еңбек етіп жүрген, бірақ ел қауіпсіздігіне үлес қосуға дайын білікті мамандарды да біріктіретін жүйеге айналуы мүмкін.
Әскери резервтің тағы бір маңызды қыры – азамат пен мемлекет арасындағы жауапкершілікті ұштастыру. Резервші бейбіт уақытта өз мамандығы бойынша еңбек етіп, отбасына және қоғамға пайдасын тигізе алады. Ал ел қауіпсіздігіне немесе төтенше жағдайларға байланысты қосымша күш қажет болған жағдайда, ол әскери даярлығын пайдалана отырып, мемлекетке қызмет етуге дайын болады.
Ауған соғысының ардагері, қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл әскери резерв тақырыбына берген сұхбаттарының бірінде Қазақстан Финляндияның үлгісін алуға тиіс деген пікір айтқан еді. «Бұл шағын ұлт әскерге шақырылғандардан тұратын армия сыртында резервтік армияға да арқа сүйейді. Резервистерді тұрақты тонуста ұстап, даярлығын шыңдап, заманауи соғыс өнеріне, майдан даласындағы жаңа әскери машықтар мен айла-шарғыларға үйрету үшін Қорғаныс министрлігі түрлі қоғамдық әскери ұйымдарға иек артады. Нәтижесінде, бүгінде Фин резервистерінің қауымдастығы (FRA) қырық мыңдай резервистің басын біріктіретін шамамен 340 өңірлік ұйымнан тұрады» деген еді қоғам қайраткері. Осы тұрғыдан алғанда, әскери резервті дамыту – Қарулы Күштердің санын ғана арттыру емес, елдің жұмылдыру әлеуетін күшейтіп, әскери даярлығы бар азаматтардың тұрақты резервін қалыптастырудың заманауи тетігі.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы