Хайп үшін заңды аттауға болмайды

Лайк, қаралым, жазылушы мен донатқа ұмтылған кейбір әлеуметтік желі қолданушылары әдеп пен құқық шегінен асып кетуді «контент» санайтын болды. Балағат сөз, қауіпті пранк, жанжал мен тікелей эфирдегі оғаш әрекет арқылы аудитория жинауға тырысатындарға полиция да назар аударып отыр.

Әлеуметтік желі бүгінде ақпарат тарататын, пікір білдіретін алаң ғана емес. Ол жеке бренд қалыптастырып, аудитория жинап, одан табыс табуға мүмкіндік беретін үлкен кеңістікке айналды. Алайда танымал болуға деген талпыныс кей жағдайда адамды құқықтық және моральдық шектен аттауға итермелейді.

«Көп қаралым – көп табыс», «көп лайк – көп танымалдық» деген түсінік кейбір қолданушыларды әдейі арандатушы­лыққа, бейәдеп әрекетке, тіпті қоғамдық тәртіпті бұзуға алып барады. Мұндай жағдайда виртуалды ортадағы әрекеттің соңы нақты жауапкершілікке ұласуы мүмкін.

Ішкі істер органдары әлеуметтік желі­лердегі құқыққа қайшы контентті анықтап, оның жолын кесу бойынша мониторинг жүргізіп келеді. Соңғы уақытта тікелей эфир арқылы қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шара қолданылған жағдайлар да аз емес.

Абай облысында полиция TikTok плат­формасындағы тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, әдепсіздік танытқан әйелді анықтады. Эфир барысында ол есірткі қолданатынын да мәлімдеген. 26 жастағы Азиза Қоқанова Түркістан облысының тумасы, Семей қаласында уақытша тұрған. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның ішімдікке масаң күйде болғаны белгілі болды. Сот шешімімен азаматша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл жағдай әлеуметтік желідегі тікелей эфирдің де заңнан тыс кеңістік емес екенін көрсетеді. Экранның ар жағында жасалған әрекет виртуалды болып көрінгенімен, оның құқықтық салдары нақты.

Мұндай фактілер өзге өңірлерде де тіркеліп отыр.

Астана қаласының 37 жастағы тұрғыны Индира Ештаева тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, заңға қайшы контент таратқан. Ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алматыда 32 жастағы Ақтөре Батырбек тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, айналасындағыларды балағаттаған. Сот шешімімен ол 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Шымкентте 20 жастағы Данияр Сейдалиев аудиторияның назарын аудару мақсатында тікелей эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырған. Сонымен қатар эфир барысында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Осы әрекеті үшін ол 8 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Жамбыл облысында 41 жастағы Лайло Қасымова бірнеше рет тікелей эфирге шығып, балағат сөздер айтып, құқыққа қайшы контент таратқан. Оған әкімшілік айыппұл салынды.

Осы облыста 19 жастағы Байбек Жарқынай мен Асылжан Таңайбергеновтің TikTok-та донат жинау және аудитория тарту мақсатында бір-біріне әдейі дене жарақатын салып, хайп үшін контент жасағаны анық­талған. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ақтөбе облысының тұрғыны Санат Нұртаев TikTok және Instagram желілерінде бейәдеп сөздер қолданғаны үшін жауап­кершілікке тартылды.

Түркістан облысында TikTok-та тікелей эфир жүргізген 39 жастағы Баян Шанкееваның агрессивті мінез-құлық танытып, былапыт сөздер қолданғаны анықталған. Ол да сот шешімімен жауапкершілікке тартылды.

Павлодар қаласының 26 жастағы тұрғыны Аслан Амантаев көлік жүргізіп келе жатып тікелей эфирде былапыт сөздер айтқан. Бұған қоса, қауіпсіздік белдігін тақпаған. Сот шешімімен азамат 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Талдықорғанда TikTok-та тікелей эфир кезінде қоғамдық әдеп нормаларын бұзып, бейәдеп сөздер айтқан 44 жастағы Гүлмира Касенова анықталды. Тексеру барысында оның бұған дейін де осындай құқықбұзу­шылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Соған қарамастан заң талабын қайта бұзған азаматшаға сот шешімімен айыппұл салынды.

Бұл оқиғалардың барлығында ортақ бір нәрсе бар. Ол – аудитория назарын аударуға деген ұмтылыс. Бүгінде кейбір әлеуметтік желі қолданушылары үшін лайк, қаралым, жазылушы саны мен донат көлемі негізгі көрсеткішке айналған. Аудитория көбейген сайын табыс та артатынын түсінгендер контенттің сапасына емес, оның қаншалықты «шулы» екеніне мән бере бастайды. Бірі балағат сөз айтып көрермен жинайды. Екіншісі, жанжал шығарады. Үшіншісі, қауіпті пранк ұйымдастырады. Тағы бірі өзінің немесе өзгелердің өміріне қауіп төндіретін әрекетті камераға түсіріп, оны «қызық контент» ретінде ұсынады. 

Бірақ хайптың артында адам тағдыры, қоғамдық қауіпсіздік және жауапкершілік тұр. Әсіресе мұндай контентті балалар мен жасөспірімдердің де көретінін ескерген жөн. Экраннан көрген әрекет олардың са­на­сында қалыпты мінез-құлық үлгісі ретінде қабыл­дануы мүмкін. Осылайша, бір адам­ның жеке әрекеті көпшілікке әсер ететін әлеуметтік құбылысқа айналады. Сон­дықтан мәселе тек құқық бұзушының әре­кетінде емес. Бұл – қоғамның ақпараттық және мораль­дық мәдениетіне қатысты мәселе.

Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин хайп үшін заң бұзғандарды ашық жауапкершілікке тарту өзгелерге сабақ болып, қоғамда жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ықпал ететінін атап өткен. Шын мәнінде, қоғамдық мәдениет көшеде немесе қоғамдық орында ғана қалыптаспайды. Ол әлеуметтік желідегі әрекеттен де көрінеді.

Адамның интернетте жазған сөзі, жа­риялаған видеосы, тікелей эфирдегі мінез-құлқы – оның мәдениетінің бір бөлігі. Сондықтан әлеуметтік желідегі еркіндік жауапкершілікпен қатар жүруі керек.

«Бұл – интернет, мұнда бәріне болады» деген түсінік  қате. Интернет – заңсыздыққа жол беретін кеңістік емес. Виртуалды ортадағы әрекеттің де нақты құқықтық салдары бар.

Полицияның әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуі де сөз бостандығын шектеуді мақсат етпейді. Негізгі міндет – заң талаптарының интернет кеңістігінде де сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау және қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттердің алдын алу.

Бірнеше минуттық танымалдық үшін абыройға нұқсан келтірудің, заң бұзудың, өзгеге зиян келтірудің қажеті жоқ. Әлеуметтік желідегі кез келген әрекеттің аудиториясы бар. Ал аудиториясы бар жерде жауапкершілік те бар. Бүгін әзіл немесе пранк ретінде қа­былданған әрекет ертең әкімшілік жауап­кершілікке, қоғам алдындағы сынға немесе адамның беделіне нұқсан келтіретін жағдайға айналуы мүмкін. Қазір қоғамға заңды білетін ғана емес, заңды құрметтейтін азаматтар қажет. Әлеуметтік желіде де, күнделікті өмірде де өзін-өзі ұстау мәдениеті қалыптасуға тиіс. Хайп уақытша. Ал жауапкершілік – нақты. Сондықтан лайк үшін заңды, донат үшін әдепті, бірнеше минуттық танымалдық үшін адамдық ұстанымды құрбан етпеген жөн. Заң мен тәртіп – баршаға ортақ. Ал экранның ар жағындағы әрекет те сол заң мен тәртіптен тыс қалмайды.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы