«Байтақ» партиясы: Таза ауа үшін көлікке тыйым салу емес, балама ұсыныс қажет

«Байтақ» партиясы жасылдар партиясы қалалардағы ауа сапасын жақсарту үшін ескі көліктерді шектеумен қатар, тұрғындарға экологиялық таза көлікке ауысуға қолайлы жағдай жасау қажет деп санайды.

Партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырған Құрылтай депутаттығына кандидат Алма Қараштың айтуынша, көлік шығарындыларын азайтуға бағытталған бірнеше шараны қатар жүзеге асыру керек.

«Алматыға кіретін негізгі бағыттарда көлікті қалдырып, қоғамдық көлікке ауысуға мүмкіндік беретін тұрақтар салу, электромобильдерге арналған қуаттау инфрақұрылымын дамыту және қоғамдық көлікті кезең-кезеңімен экологиялық таза көлік түрлеріне көшіру қажет», – деді «Байтақ» партиясының кандидаты Алма Қараш.

Кандидаттың пікірінше, экологиялық саясат тұрғындарға тыйым салумен шектелмеуге тиіс. Керісінше, таза көлікті таңдау ыңғайлы әрі тиімді болуы керек. Ол мұндай тәсіл қалалардағы ауа сапасын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті өміріне де қолайлы жағдай қалыптастыратынын атап өтті.

«Байтақ» партиясы ауылдарды аралады

«Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай сайлауына депутат Айман Сексенова Ақтөбе өңірі халқымен кездесуді жалғастырды. Бұл жолы ол Мәртөк ауданының Сарыжар ауылына барып, тұрғындарға сайлауалды бағдарламаны түсіндірді.

Жинда түрлі тақырып қозғалды. Ауыл болашағы, әлеуметтік мәселелер, экологиялық ахуал және өңірдің одан әрі дамуы. Жұрт өздерін алаңдатқан түйткілдерді ортаға салып, ұсыныстарын айтты.

«Біз халыққа тек бағдарлама мен ұстанымымызды жеткізбейміз. Ең әуелі оларды тыңдап, толғандырған мәселесін талқылаймыз. Соның негізінде шешу жолдарын іздеуге тырысамыз», ¬– деп атап өтті «Байтақ» партиясының кандидаты.

Кездесуде аға буын өкілдері ерекше белсенді болды. Ел келешегіне бейжай қарамайтындығын айтқан ақсақалдар түрлі түйткіл бойынша өз пікір-ескертпесін ортаға салды. Партияның экологиялық бастамаларына қолдау білдірді.

Жасылдар партиясының өкілдері мұндай кездесуді жалғастыра бермек. Осылайша халықтың ұсыныстары мен жергілікті жердегі өзекті мәселелерді партияның алдағы жұмысында ескеруге ниетті.