«Әділет» партиясы Шығыс Қазақстанда сайлауалды бағдарламасын таныстырды

«Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы өңірлердегі жұмысын жалғастыруда.

Шығыс Қазақстан облысында Құрылтай депутаттығына кандидаттар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және спорт салаларының өкілдерімен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сапар аясында делегаттар алдымен Өскемен қаласындағы Үстел теннисі орталығына барып, бұқаралық спортты дамыту, мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау, спортшыларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін талқылады. Қазақстан Республикасының фристайл могулдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының фристайл могулдан ұлттық құрама мүшесі Аяулым Амренованың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында дене шынықтыру мен спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Басты мақсат – халықтың спортпен тұрақты шұғылдануына жағдай жасап, салауатты өмір салтын насихаттау.Балалардың спортқа қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында облыстық бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта Damubala платформасы арқылы 17 спорт түрі бойынша 231 тегін секция жұмыс істеп, 4,4 мыңнан астам бала қамтылып отыр. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды спортқа тарту көрсеткіші де жыл сайын артып келеді.

Өз кезегінде, партия өкілдері дене шынықтыру мен спортты дамыту бағытындағы жұмыс нәтижесін арттыру үшін үлкенді-кішілі елді мекендерде тез тұрғызылатын модульдік спорт нысандарын салуды ширату қажет екенін айтты. Бұған қоса, ел аумағында тірек спорт нысандарын жаңғырту және жаңадан салу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуге тиіс.

Бұдан кейін Штаб мүшелері «OskemenAgroProdukt» ЖШС-ның өндіріс алаңында кәсіпорын мамандарымен, өндіріс басшыларымен және еңбек ардагерлерімен жүздесіп, агроөнеркәсіп саласының бүгінгі ахуалы мен алдағы даму бағыттарын талқылады. «ШығысАгроХолдинг» ЖШС директоры Ержан Нұрбаевтың айтуынша, қолжетімді инвестициялық қаржыландыру болмайынша, қайта өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласы ұзақ мерзімді дамымайды. Заманауи өндіріс техниканы жаңартуды, жаңа технологияларды енгізуді, қайта өңдеу қуатын арттыруды және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды талап етеді. Сондықтан қаржы ресурсының қолжетімділігі саланың тұрақты дамуының басты шарты  болып қала бермек.

Штаб мүшелері «Әділет» партиясының Сайлауалды бағдарламасында ұсынылып отырған бастамалар осы міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Әділет» партиясы азық-түлік қауіпсіздігін мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігінің бірі ретінде қарастырады. Сондықтан біздің сайлауалды бағдарламамызда отандық өндірісті дамытуға, экономиканың нақты секторын қолдауға және заманауи, бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды құруға ерекше назар аударылып отыр», – деді Құрылтай депутаттығына кандидат Ерлан Саиров.

Одан кейін кандидаттар Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өңір жұртшылығымен жүздесті. Зиялы қауым өкілдері, мұғалімдер, дәрігерлер, бизнесмендер, ғалымдар және мәдениет саласы қызметкерлері бас қосқан кездесуде бірқатар маңызды мәселеге назар аударылды. Қатысушылар көкейтесті мәселелерді ортаға салып, нақты ұсыныстарын жеткізді.

Осы орайда, Штаб мүшесі Екатерина Смышляева мемлекеттік басқару мен бизнестегі басшылық лауазымдарда әйелдер көшбасшылығын дамытуға бағытталған бағдарламаларды кеңейту мәселесін көтерсе, Эмин Әскеров  ірі компаниялар мен шағын бизнес арасындағы серіктестік мәселелеріне мән берді. Сондай-ақ Эмин Әскеров «Әділет» партиясы өңірлерге ресурстардың әділ бөлінуін қамтамасыз ету бастамасын қолдайтынын жеткізсе, Ерлан Саиров партия шекара маңындағы аудандардың тұрақты дамуы үшін «Шекара маңындағы аумақтарды дамыту туралы» заң қабылдауды ұсынатынын айтты.

Сондай-ақ Штаб мүшелері Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өткен алқалы жиынға қатысты. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті, саланың бүгіні мен ертеңі, түйткілді мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланған кездесуде «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «ӨТМК» АҚ сынды аймақтағы алпауыт кәсіпорындардың өкілдері кандидаттарға бірқатар сұрақ қойып, тұшымды жауап алды. Жиын барысында өнеркәсіп саласы жұмысшыларын әлеуметтік тұрғыда қорғау, баспанамен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және денсаулық сақтау салаларына қатысты мәселелер көтерілді. Партия өкілдері 2030 жылға дейін «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 86 мың шақырым инженерлік желі жаңғыртылып, жаңадан салынатынын мәлімдеді.

Ал Сол жағалау музей-қорық кешенінде ұйымдастырылған ашық пікір алмасуға шағын және орта бизнес өкілдері, туризм саласындағы кәсіпкерлер қатысты. Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, партия өкілдері сайлауалды бағдарламада қарастырылған нақты шешімдермен бөлісті.

Айта кетейік, дәл осы күні облыс аумағындағы Шемонаиха, Глубокое, Ұлан аудандары мен Риддер қаласында «Әділет» партиясы сайлауалды штабы өкілдерінің қатысумен бірқатар кездесу ұйымдастырылды. Штаб жұмысы Өскемендегі Амфитеатрда 5 мыңға жуық адам қатысқан ауқымды «Open air» іс-шарасымен түйінделді.