Астанада жаттығу кезінде футбол қақпасы баланың үстіне құлады

Оқиғаға байланысты Қазақстан футбол федерациясы алаңдаушылық білдірді.

10 тамызда Астанадағы футбол алаңдарының бірінде жаттығу кезінде бала зардап шекті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Алдын ала мәлімет бойынша, жаттығу барысында футбол қақпасы баланың үстіне құлаған. Зардап шеккен бала медициналық мекемеге жеткізілді. Қазір оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Қазақстан футбол федерациясы балаға және оның отбасына қолдау білдірді.

ҚФФ мәліметінше, оқиға болған футбол алаңын Федерация жеке футбол мектебіне жаттығу жиындарын өткізу үшін жалға берген.

Қазір Федерация оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сонымен қатар нысан мен футбол жабдықтарының техникалық жағдайына ішкі тексеру жүргізілуде.

Федерация оқиғаның себептерін анықтау үшін құзырлы органдарға барлық қажетті ақпаратты ұсынуға және тергеу жұмыстарына жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.