Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бүгінде болжанған бала санының 320 мыңға жуығы, яғни шамамен 84%-ы мектептерге қабылданған.
Құжаттарды қабылдау Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде пилоттық жоба аясында жүргізілуде. Өтініштер 2026 жылғы 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен қабылданады.
Өтініштердің 84%-ға жуығын ата-аналар электрондық форматта берген. Құжаттарды eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ таңдалған мектепке тікелей тапсыруға болады. 1-сынып оқушыларының ең көп саны Түркістан облысында – 50 мыңнан астам, Алматы облысында – 35 мыңнан астам, Астанада – 33 мың, Алматыда – 31 мыңнан астам және Шымкентте 29 мыңнан астам болады деп күтілуде. Бұл осы өңірлердегі халық санының көптігімен және туу деңгейінің жоғары болуымен байланысты. Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға құжаттарды уақытылы рәсімдеуді ұсынады. Қосымша ақпаратты таңдалған мектептен, eGov.kz порталынан және eGov Mobile қосымшасынан алуға болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.