Қуаныш МӘДЕН: Робот ойлап табуыма кептеліс әсер етті
Қуаныш  МӘДЕН: Робот ойлап табуыма кептеліс әсер етті
Әлемдегі дамыған елдердің арасындағы басты бәсекелестік – білім, ғылым және жаңа технологияда. Қазір дүние жүзінде ғылымға баса көңіл бөлініп, жаңалық ашқан дарынды ғалымдарға, әсіресе талантты жастарға талас жүріп жатқаны бекер емес. Өйткені техника мен технология қарыштап дамып жатқан уақытта елдегі экономикалық тұрақтылық осы саланы дамытумен байланысты болып тұр. Елімізден қатарынан озып туған жас ғалымдардың  жарыққа шығып жатқаны қуантады. Соның бірі – Қытайдың Макао қаласында өткен халықаралық жарыстан жүлдемен оралып, әлемге белгілі ғалымдардың жоғары бағасына ие болған жас дарын Қуаныш Мәден. Ол ешбір елде қолданылмаған инженерлік робот ойлап тауып, авторлық патентін алған болатын. Жас ғалыммен әңгімелесіп, алдағы жоспарлары туралы сұраған едік.   Қуаныш, әлемнің ешбір елінде қолданылмаған құбыр тазалайтын әмбебап робот ойлап тапқаныңды білеміз. Мұндай идея саған қалай келді? – 7-8 сыныпта мектепке бара жатқанымда автокөлік кептелісінің кесірінен сабаққа кешігіп қалып жүрдім. Кейін бұл кептелістер қаланың бас Қонаев данғылындағы құбырларда орын алған апаттың нәтижесі екенін анықтадым. Осыдан кейін идея пайда болды.   Қуаныш  МӘДЕН, кептеліс, робот – Жобаңды патенттеуде қиындықтар болды ма? – ҰЗМИ (Ұлттық Зияткерлік меншік институты) ұйымына арнайы тапсырыс 2017 жылы берілді. Ол үшін арнайы техникалық реферат, өнертабыс формуласы жане схемалар қажет болатын. Патентті алуға Ontustik Patent ұйымы үлкен көмегін тигізді. Сөйтіп, 2 жыл көлемінде жүргізілген кәсіби сараптама  нәтижесі оңтайлы аяқталды. – Өткен жылы Қытайда өткен халықаралық сайыстан жүлдемен оралдың. Шетелдік мамандар өнертабысыңды қалай қабылдады?   Қуаныш  МӘДЕН, кептеліс, робот – CASTIC-2019 халықаралық жарысында жобамды әділқазылар алқасы жоғары бағалады. Сайысқа 54 мемлекеттен 600-ге жуық оқушы қатысты. Словакия елінен келген өнертапқыштың онкологиялық ауруларды анықтайтын құрылғысы 1-орынды иеленді. Жобам 2-орын алды. – Елбасымен жүздескен екенсің. Ол кісі жұмысыңа қандай баға берді? – Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ-ның 10 жылдық мерейтойының қарсаңында «Ұлы дала мұрагерлері»  атты гала-концертінде республика бойынша үздік болып іріктелген 5 жобаның қатарында өз өнертабысымды Елбасымызға таныстырдым. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұнай экспортына маманданған ел екенімізді ескере отырып, осы жобаның келешегіне және жүзеге асатынына ықыласты екенін айтты. – Мұнай саласына қандай пайдасы тиеді? – Роботты мұнай, кәріз және су жүйелерінде қолдануға болады. Қазақстан мұнай экспорттайтын ел болғандықтан, тәулігіне тасымалданатын мұнай мөлшері экономикамызға тікелей әсер етеді. Егерде бүгінде мұнай экспорттайтын құбырлардың қуаттылығы тәулігіне 2.0 млн баррель болса, роботымның көмегімен еліміздің 2025 жылға қойған жоспарына, яғни 2.3-2.5млн баррель көрсеткішіне қазірдің өзінде қол жеткізуге болады. – Бір құрылғыны жасап шығаруға қанша қаражат кетеді? Қаржылай қолдау білдіріп жатқандар бар ма? – 2017 жылы Кока-кола және Еуразия қорының ұйымдастыруымен өткен 321 республикалық жарысында 800 жобаның арасында 1-орынға және 1млн тг көлеміндегі қаржылай қолдауға ие болдым. Осы қаржылай демеуге жұмыс атқаратын бірінші прототипті (толық нұсқасы емес ) жасауға мүмкіндік туды. Құбыр тазалағыш робот жүйедегі қозғалысты қамтамасыз ететін 4 арнайы және тазалағыш тізбекті іске қосатын қосымша 3 мотормен жабдықталған.Қажетті құрал-саймандардың әлі өндірісте қолданылмайтыны біршама қиындық туғызды. Сол себепті осы қаржыға 3D принтер және өзге де кәсіби станоктарды сатып алуға тура келді. Ал толық жұмыс істейтін роботты жасап шығаруға 3-4 млн көлеміндегі қаражат кетеді. Осындай 20 шақты робот Алматы, Шымкент секілді мегаполистердің құбырларын тазалауға жеткілікті болады.   Қуаныш  МӘДЕН, кептеліс, робот – Қазір роботтан басқа да жобаларды қолға алып жатыр екенсің. Соның бірі ғарыштағы проблемаға қатысты. Осы туралы айтып берсең. – Иә, қазір құбыр тазалағыш роботтан бөлек, бірнеше жобаларды жүзеге асыруға тырысып жатырмын. Оның бірі – ғарыш кеңістігін металл қоқыстан тазалау. Ғарыштағы спутник қалдықтары ғаламдық масштабтағы мәселеге айналып отыр. Ең кішігірім бөлшектің өзі мыңдаған км/с жылдамдықпен қозғалатындықтан, олардың қауіп-қатері өте үлкен.  Досымыз  екеуміз ойлап тапқан концептіміз осы қоқыстардың артынан жүретін шаттлды қамтиды. Ол қоқыс түріне жақындаған соң, арнайы құралмен қоқыстың траоекториясын өзгерте отырып, оған үдеу береді. Нәтижесінде, зиянды металл бөлшектерінің қаупі төмендейді. Биыл 9-шы рет өткізілген республикалық Наурыз кездесулерінде осы жобамызды әзірлеп, жүлделі 3-орынға ие болдық. – Қазір қайда білім алып жатырсың? – Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысымын. Менің тұлға ретінде орнығуыма, қалыптасуыма Назарбаев Зияткерлік мектебінің атқарған рөлі елеулі. Түрлі үйірмелер, пәндер арқасында өзіме қызықты болатын ғылымды ерте жасымнан-ақ таңдауыма көмектесті. – Шетелде оқу жоспарымда бар депсің бір сұхбатыңда? – Иә. Америка, Еуропа елдеріндегі ЖОО-да берілетін білімнің сапасы жоғары. Оқуды аяқтағаннан кейін Қазақстанға қайта оралуды жоспарлап отырмын. Алған білімімді елімнің игілігіне қолданамын. – Ғылым саласына қай кезден бастап қызыға бастадың? – Кішкентай кезімнен түрлі ойыншықтарды, тіпті компьютерлерді бұзып, қайтадан құрастыруды қызық көретінмін. Осы орайда балалық қызығушылымды дамытып, оның сүйікті ісіме айналуына бар жағдайды жасағаны үшін ата-анама үлкен алғысымды білдіргім келеді. – Осы салада сен үлгі тұтатын тұлға бар ма? – Аpple компаниясының негізін қалаған Стив Джобсты үлгі тұтамын. Ол  өмірлік жолында кретивтілігімен және әлемге деген көзқарасының өзгешелігімен ерекшеленген. Тіпті, бүгінге дейін заманауи маркетологтар Стивтің қолданған әдістерін зерттеп жатыр.  Жалпы, әлемдік ғылым коммуникациялық технологияларының дамуына үлкен үлес қосқан тұлғаның бірі.   – Қандай армандарың бар? – Арманым – жобаларымды өндіріске енгізіп, Қазақстанның дамуына өз үлесімді қосу. – Әңгімеңе рақмет! Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ