Қазақстан Халық партиясының өкілдері дәрігерлерді қолдауға бағытталған нақты ұсыныс айтты

Қазақстан Халық партиясы Шымкент қаласының медицина қызметкерлеріне дәрігерлер мен медицина мамандарының мәртебесін арттыру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.

Шымкентте №2 қалалық аурухананың алаңында Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттардың медицина қызметкерлерімен кездесуі өтті. Кездесуге қаланың бюджеттік ұйымдарына қарасты мекемелерінде еңбек ететін 50-ден астам медицина маманы – дәрігерлер мен медицина қызметкерлері қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы – ҚХП-ның сайлауалды бағдарламасындағы денсаулық сақтау қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту және олардың мәртебесін арттыруға бағытталған басымдықтарды талқылау болды.

Кездесу барысында Қазақстан Халық партиясының кандидаты Ләззат Ақтаева ЖСДП-ның денсаулық сақтау жүйесіне қатысты ұстанымын сынға алып, «жалған социалистер медицина қызметкерлеріне тиісті деңгейде көңіл бөлмейді және олардың мәселелерін шешуге бағытталған нақты ұсыныс жасамайды», – деп атап өтті.

Басқа партиялардан ерекшелігі, Қазақстан Халық партиясы медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған нақты шараларды ұсынады:

1. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне міндетті түрде қызметтік тұрғын үй беруді;

2. Медицина қызметкерлері үшін жеңілдетілген ипотека енгізуді;

3. Жасанды интеллектті пайдалана отырып, медициналық қызметтің цифрлық жүйесін құруды;

4. Дәрігерлердің бюрократиялық жүктемесін азайтуды ұсынады.

– Медицина саласы елдегі ең беделді әрі әлеуметтік тұрғыдан қорғалған мамандықтардың біріне айналуы тиіс. Дәрігер есеп берумен емес, емдеумен айналысуы керек, – деп атап өтті Ләззат Ақтаева.

Қазақстан Халық партиясы денсаулық сақтау жүйесін нығайту мен сала қызметкерлерін қолдауды сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі деп санайды.