Елорда төріне еліміздің барлық өңірінен 3 мыңға жуық белсенді жас жиналды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Олардың қатарында волонтерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер, жастар ұйымдары мен жастар ресурстық орталықтарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, қоғам қайраткерлері, өнерпаздар және спортшылар бар.
Қазақстан Республикасының Президенті жастарға арнайы құттықтауын жолдады. Мемлекет басшысының құттықтау сөзін ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың қоғамды алға бастайтын қозғаушы күш әрі жасампаз идеялардың қайнар көзі екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстан жастары халықаралық деңгейдегі білім және ғылым байқауларында, спорт сайыстарында топ жарып, Көк Туымызды биікте желбіретіп жүр.
«Жастарды қолдау саясаты мемлекетіміз үшін әрдайым негізгі басымдық болып қала береді. Қазіргі таңда республикамыздың әр аймағында көптеген мектептер, спорт нысандары, даму орталықтары салынып жатыр. Ауқымды жобалар қолға алынып, дарынды жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Бүгін табысталатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – соның жарқын көрінісі. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарды» анықтайтын үздіктер сайысы озық ойлы, отаншыл, білімді әрі еңбекқор азаматтардың басын қосып отыр.
Қастерлі Отанымыздың болашағы – Сіздердің қолдарыңызда!
Қазір елімізде барлық салада түбегейлі реформалар жасалып жатыр. Халқымыз жалпыұлттық референдумда бірауыздан қабылдаған жаңа Конституция еліміздегі ауқымды өзгерістерге тың серпін берді, Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашты.
Ата Заңымызда адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде айқындалды. Сонымен қатар, бас құжатта алғаш рет волонтерлік қызметке мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні нақты жазылды. Осылайша, біз қоғамда өркениетті ұлтқа тән жаңа этиканы орнықтырып, «Таза Қазақстан», «Адал азамат» қағидаттарын ұлт санасына сіңіре бастадық.
Қазақстан беделі жоғары мемлекет ретінде дамудың даңғыл жолына түсіп, тарихи өрлеу кезеңіне қадам басты. Еліміз жаппай цифрландыру ісін қарқынды жүргізіп, жасанды интеллект технологияларын барлық салаға белсенді енгізіп жатыр. Түптеп келгенде, біздің мақсатымыз – экономикасы құатты, Заң мен Тәртіп үстемдік ететін, Әділетті, Озық, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру.
Жаңашылдыққа ұмтылған, игі бастамалардың бел ортасында жүрген жалында жастар кез-келген белесті бағындыра алады.
Мен бұған кәміл сенемін! Баршаңызға табыс тілеймін! Жолдарыңыз ашық болсын! Қастерлі Отанымыз – Қазақстан көркейе берсін!», – делінген Президент құттықтауында.
Сондай-ақ іс-шара аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен қорытындыланды.