Азаматтың дерегі – Ата заңға аманат

Ақпарат ғасырының толқынын ауыздықтаған қазақ қоғамы үшін цифрлық орта – тек коммуникация құралы емес, сондай-ақ ұлттың дүниетанымы мен әр адамның жеке өмірінің айнасына айналған жаңа әлем.

Осы шекарасы сызылмаған, шет-шегі беймәлім кеңістіктегі мемлекеттің қауіпсіздігі мен оның азаматының құқығын қорғау мәселесі конституциялық құқықтың басты өзегіне айналып отыр. Себебі виртуалды әлемдегі арсыздық, қылмыс пен қолсұғушылық кейде нақты өмірдегі қауіптен де қатерлі болып шығады. Ол қоғамның бірлігін бұзып, мемлекеттің тұрақтылығын шайқалтуға қауқарлы.

Экранға телмірген қоғам

Бүгінгі адамның өмірін интернеттен бөлек елестету қиын. Тәулік бойы телефонға түсетін хабарлама мен қоңырау, банк қосымшасындағы ақша қозғалысы, электронды Үкіметтегі сансыз анықтама, әлеуметтік желідегі өзекті пікір, ақпарат құралдарындағы маңызды жаңалық, шалғайдағы туыс-туған, дос-жаранмен бейнебайланыс, «Дамумед» медициналық жүйесіндегі немесе электронды күнделік білім беру платформасындағы мәлімет – мұның бәрі әрбір адамның қайталанбас төл цифрлық ізін қалыптастырады. 

Сондықтан бұл сала мемлекеттің қорғауын қажет етеді. Бұл мәселе ел тарихында тұңғыш рет Ата заңда көрініс тауып отыр. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақ­станның жаңа Конституциясы заманауи жаңа өмір шындығын құқықтық тілде әдіптеген маңызды құжат саналады. Негізгі заңның 1-бабында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітілген. Бұған азаматтардың цифрлық ортадағы құқығын қорғау да жатады.

Ал 15-бапта Қазақстанда адам құқықтары мен бостандықтарының танылатыны және оларға кепiлдiк берiлетіні нықталған. Сонымен бірге бұл құқыққа қол жеткізу үшін әлдебір тапсырманы орындаудың, не қандай да бір санаулы санатқа кірудің қажеті жоқ: мемлекеттің қорғауы, адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан тиесілі. «Олар ажыратуға және айыруға болмайтын деп танылады, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай айқындалады», – делінген Ата заңда. Бұл қағида цифрлық әлемге де қатысты: технология адамды өзгерту үшін емес, адамның құқығын қорғауды нығайту үшін қызмет етуге тиіс.

Цифрлық дәуірдің конституциялық қалқаны

Жаңа Конституцияның цифрлық құ­қық­тар тұрғысындағы ең елеулі жаңалы­ғы – 21-бап. Оның бірінші тармағында: «Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинау­дан, өңдеуден, сақтаудан және пайдалану­дан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі», – деп қадап айтылған. 

Екінші тармаққа сәйкес: «Банк опе­рацияларының, жеке салымдар мен ж­и­нақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта ха­барламаларының және байланыс құралда­ры, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де ха­барламалардың құпиясы заңмен қорғалады. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен ғана жол беріледі».

Үшінші тармақ мемлекеттік органдарды, қоғамдық бiрлестiктерді, лауазымды адамдарды және барлық БАҚ-ты «әрбір адамға өз құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжатпен, шешiммен және ақпарат көзiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге» мiндеттейді. 

Бұған дейін Қазақстанда жеке өмірдің, хат-хабар алмасудың және байланыстың құпиясы қорғалса, енді дербес деректерді қорғау жеке конституциялық міндеттеме ретінде енгізіліп отыр. Ғылыми орта мен заңгерлердің құқықтық талдауына жүгінсек, жаңа Ата заңның 21-бабының 1995 жылғы алдыңғы Конституциядан айырмашылы­ғы – дербес деректерді цифрлық техно­логиялармен ұштастыра отырып, жеке конституциялық қорғау нысаны ретінде бекітуінде.

Бір сәт ойланайық: азаматтың аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірі, саусақ таңбасы, биометриялық бейнесі, банк операциясы, электрондық хат-хабарлары, басқасы – бәрі-бәрі оның өмірбаянының цифрға айналған ажырамас бөлшегі. Оны рұқсатсыз жинап пайдалану, тіпті адамның үйіне рұқсатсыз кіруден де қауіпті болуы мүмкін. Өйткені баспананың есігін не қабырғасын бұзып кірген адам көршілердің назарына ілігуі, көшедегі не үйдегі бейнекамераға түсіп қалуы мүмкін. Мұның сыртында қожайыны орала сала, дабыл қағары даусыз. Ал цифрлық деректің қайда кеткенін көбіне оның иесі де, сервистің операторы да байқамай қалады. Сондықтан 21-баптың мән-маңызы – «әркімнің цифрлық ізі де адамның жеке өмірі болып есептеледі» деген қағидатты конституциялық ұстанымға айналдыруында.

Заман мен қоғам өзгерген сайын қа­зақтың құқықтық ой-санасы да, мемле­кет­тің құқық нормалары да жаңарып оты­ра­ды. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» – қоғамдағы қатынастарды сол дәуірдің қажетіне қарай реттеудің тарих үшін тағылымды, ұлыс үшін ұлағатты үлгілері. Бүгінгі цифрлық кеңістік те сондай жаңа құқықтық «жолды» талап етеді. Тех­нологияның тілі ағылшынша болғанымен, осы әлемдегі адамның қадірін сақтау, құқығын аяқасты етпеу мәселесі – қазаққа да, адамзатқа да ортақ.

Сөз бостандығының жаңа алаңы

Цифрлық құқық тек жеке деректерді қорғаумен шектелмейді. Интернет – пікір айтылатын, ақпарат тарайтын, қоғамдық пікір қалыптасатын алып алаң. Сондықтан жаңа Конституцияның 23-бабы ерекше мәнге ие. Онда, біріншіден, «сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығарма­шылық еркіндігіне кепiлдiк берiледi». Екінші тармағымен зияткерлік меншік қорғалады. Үшінші тармағына сәйкес, мемлекеттік құпияларды қоспағанда, еркін ақпарат алу және тарату құқығы заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен іске асырылатыны нықталды. Бұл ретте «цензураға тыйым салынады». 

Бірақ жауапкершіліксіз еркіндік – анархияға және хаосқа соқтырады. Сол себепті Ата заңның 23-бабы сөз еркіндігі және ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс екенін айқындайды. Бұл норма енді ғаламтордағы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі, жалпы, цифрлық әлемдегі пікірталастың да құқықтық шекарасы белгіленгенін көрсетеді. 

Жалған ақпарат, жала, адамның абы­ройын таптау, зорлықты немесе өшпенділікті насихаттау, азаматтардың аманат етіп сеніп тапсырған дербес деректерін оңды-солды тарату – «пернетақта артындағы анонимді еркіндік» болудан қалып, құқықтық жауап­кершілікке әкелуі мүмкін әрекеттер аясына ауысты. Сөздің қадірін білген, аталы сөзге тоқтаған қазақ елі үшін бұл – ескі ұстаным­ның жаңа әлемдегі жалғасы.

Цифрлық қоғамның тағы бір күрделі мәселесі – теңдік. Конституцияның 16-бабы бойынша бәрі заң мен сот алдында тең. Ешкімді тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсiтуге болмайды. Бұл қағида цифрлық ортаға да тең қолданылады. Заңгерлер анықтағандай, соңғы – «кез келген өзге де себептерге» цифрлық кеңістік те жатады. Мысалы, кең экранды смартфоны жоқ қарияны банктер: «қосымшаны жүктеп, мобильді банкинг орнатыңыз!», ХҚКО маманы – «мобильді eGov-қа кіріңіз!» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Мемлекеттік қызметтер мен қоғамдық мүмкіндіктер тек технологияны жақсы меңгерген адамға ғана емес, баршаға қолжетімді болуы керек. 

Осы орайда Президент 2026 жылғы 9 қаңтарда қол қойған және 6 айдан соң, биылғы шілдеде күшіне енген Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі Конституциядағы осы нормалардың іс жүзіндегі, практикалық жалғасы іспетті. Кодекстің 4-бабында цифрлық ортадағы адамның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау, қауіпсіздік, цифрлық ортаның қолжетімділігі мен инклюзивтілігі «негізгі қағидат» ретінде бекітілген. 

Ал 10-бабы мемлекетке азаматтардың цифрлық технологиялар мен қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мінде­тін жүктейді. Яғни цифрландырудың мәні – ғаламтордың, жалпы жаңа техно­логиялардың қақпасын баршаға бірдей айқара ашу болса керек. Әйтпесе, цифрлық тосқауылдар да әлеуметтік кедергіге, қоғамдағы теңсіздікке айналуы мүмкін.

Конституциялық кепілдік нақты құ­қықтық тетіктермен нығайса ғана өміршең болады. Осы тұрғыда Цифрлық кодексте әр азаматтың өз дербес деректеріне қол жеткізуге, оларды бақылауға, жоюға, өңдеуді шектеуге, сондай-ақ деректердің қандай мақсатта және қандай құқықтық негізде пайдаланылып жатқанын, анық-қанығын сұрап білуге құқығы көзделген. Заң енді цифрлық бірегейлікті «жеке мүліктік емес игілік» ретінде қорғайды. Кодекстің 41-бабы, мысалы, кез келген жанның дербес деректерін ғаламтордан жоюы, анонимдеуі және өңдеуді шектеуі мәселелерін реттейді.

Қазақ қоғамы талай заманды бастан өткерді: дала заңы ауызша айтылды, кейін қағазға түсті, енді ол цифрлық кодқа да айналып отыр. Бірақ құқықтың өзегінде өзгермейтін бір өлшем бар. Ол – адамның қадірі. Адам алгоритмнен биік. Жаңа Ата заң осыны меңзейді. 

Бұрын ел ішінде «біреудің ала жібін атта­ма» деген сөз болса, бүгін оның цифрлық баламасы «біреудің дерегіне қол сұқпа» ­де­генге саяды. Технологияның аты өзгер­ге­німен, адамдықтың өлшемі өзгермеуге тиіс.

Сондықтан жаңа Конституцияның цифрлық кеңістікке қатысты нормаларын тек техникалық жаңалық деп қарау аздық етеді. Бұл – мемлекет пен азамат арасындағы жаңа қоғамдық келісімнің бір белгісі. 

Қорыта айтқанда, цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғау – тек техникалық немесе заңгерлік ресім емес, бұл ұлттың рухани кемелдігі мен мәде­ниетінің көрінісі. Бабалар аманат еткен әділдік пен адамгершілік қағидаттарын жаңа заманның озық технологияларымен ұштастыра білген Қазақстан ғана цифрлық дәуірдің көшін бастай алады. Әрбір азаматының виртуалды әлемде де қор­ғалғанын айқын сездіріп, қоғамдағы сенім мен тыныштықтың мызғы­мас тірегіне айнала алса, Ата заңымыздың рухы мен пәрмені содан айқын көрінбек.

Айхан ШӘРІП