Дебаттар аудиториясының салыстырмалы деректерін Алматыда өткен «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылық алаңы аясында саясаттанушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай таныстырды. Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ұсынылған деректерге сәйкес, Qazaqstan телеарнасындағы дебаттарды 560 мың адам, ал «7 арнадағы» эфирді 1,45 млн адам көрген. Сонымен қатар екі эфирдің аудиториясы жас және жыныстық құрамы жағынан бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленді.
Qazaqstan телеарнасындағы дебаттар аудиториясының 61,5%-ын ерлер, 38,5%-ын әйелдер құрады. Ал «7 арнада» керісінше, әйелдер аудиториясы басым болып, сәйкесінше – 66%, ерлердің үлесі 34%-ды құрады.
Көрермендердің жас ерекшеліктері бойынша да айтарлықтай айырмашылық байқалды. Qazaqstan телеарнасындағы дебаттардың негізгі аудиториясын 24 жасқа дейінгі жастар құрап, олардың үлесі 50,8%-ға жетті. Ал «7 арнада» 55 жастан асқан көрермендер ең көп үлесті – 38,3%-ды құрады.
«Теледебаттардың сайлаушылардың әртүрлі топтарын қамтуға қабілетті екенін көріп отырмыз. Оның үстіне, бұл тек дәстүрлі телевизиялық көріліммен шектелмейді. Саяси пікірталас интернет пен әлеуметтік желілерде жалғасып, онда аудитория кандидаттардың сөздеріне пікір білдіріп, партиялардың уәждерін бағалап, іс жүзінде қоғамдық талқылаудың тікелей қатысушысына айналады», – деп атап өтті Бақытжан Бұқарбай.
Дебаттарға ақпараттық кеңістікте де айтарлықтай қызығушылық байқалды. Qazaqstan телеарнасындағы дебаттар бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында 466 материал және интернет-ресурстарда 453 жарияланым жарық көрді. Ал әлеуметтік желілерде мазмұнды сипаттағы 10 203 жазба тіркелді.
Әлеуметтік желілер аудиториясының белсенділігі де жоғары болды. YouTube платформасында қолданушылар шамамен 65 мың пікір қалдырып, 90 мың лайк басқан. TikTok-та 27,5 мың пікір мен 57 мың лайк тіркелсе, Facebook желісінде шамамен 15 мың пікір жарияланған.
Саясаттанушының пікірінше, аудиторияның теледебаттарға қызығушылығы тек сайлау науқанына деген назардың көрсеткіші емес. Дебаттардың өзі саяси мәдениеттің даму деңгейін көрсететін маңызды индикаторға айналып отыр. Өйткені олар сайлаушыға партияларды тек үгіт-насихат материалдары мен саяси ұрандары арқылы ғана емес, өз ұстанымдарын дәлелдеу, пікірталас жүргізу және сынға жауап беру қабілеті тұрғысынан бағалауға мүмкіндік береді.
«Дебаттардың басты құндылығы – саяси бәсекені имидж бен ұрандар деңгейінен мазмұн мен дәлелдер деңгейіне көтеруінде. Әлеуметтік желілерде белгілі бір бейне қалыптастыру салыстырмалы түрде оңай. Ал тікелей пікірталас барысында, сынға және күтпеген сұрақтарға жауап берген кезде үміткерлердің құзыреті, күйзеліске төтеп беру қабілеті және стратегиялық ойлау деңгейі айқын көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, дебаттар сайлаушы үшін өзіндік интеллектуалдық сүзгі қызметін атқарады», – деді сарапшы.
Бақытжан Бұқарбай саяси пікірталас мәдениетінің қоғамдық маңызына да тоқталды. Әртүрлі саяси күштердің ашық пікірталасқа түсуі текетіреске бармай-ақ, идеялар бәсекесін жүргізуге болатынын көрсетеді. Ал ұстанымдардың сан алуандығы қоғамды бөлшектейтін фактор емес, ортақ шешімдер іздеудің тиімді тетігіне айналады.
Сонымен қатар жария пікірталастар саяси партиялардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттырады. Тікелей эфир барысында айтылған уәделер мен ұстанымдар қоғамдық сипат алып, кейіннен саяси күштердің қызметін бағалаудың маңызды өлшемдерінің біріне айналуы мүмкін.
«Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылар алаңы 13 тамызда Алматы қаласында өтуде. Талқылауға саясаттанушылар, академиялық және сарапшылық қоғамдастық өкілдері, зерттеу және талдау орталықтарының мамандары, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ саяси коммуникациялар мен сайлау үдерістері саласының сарапшылары қатысуда. Сарапшылық алаңның жұмысына Қазақстанның барлық өңірінен сарапшылар онлайн форматта қосылды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.