Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевті қабылдады

Нариман Төреғалиев өңірлік жалпы өнім көлемі үш жылда 13,6 пайызға ұлғайып, 2026 жылдың 1 қаңтарында 5 триллион теңгеге жеткенін айтты.

Президент аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті тыңдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Нариман Төреғалиев өңірлік жалпы өнім көлемі үш жылда 13,6 пайызға ұлғайып, 2026 жылдың 1 қаңтарында 5 триллион теңгеге жеткенін айтты.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша тартылған инвестиция көлемі 874,5 миллиард теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға өсті. Бұған дейінгі тапсырмаларының орындалуы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.

Жуырда Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 5 миллиард текше метр газ өңдеуге жететін зауыт құрылысы басталады. Инвестициялық жоба құны – 1,7 триллион теңге. Сондай-ақ жыл соңына дейін Жайық өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Соңғы үш жылда облыста жалпы құны 138 миллиард теңге болатын 121 жаңа әлеуметтік нысан салынғаны туралы баяндады.

1542 шақырым автокөлік жолдары жөндеуден өтті. Қазақстан – Ресей шекарасындағы «Сырым» автокөлік өткізу бекеті қайта жаңғыртылып жатыр. Келесі жылы «Тасқала» бекетінде дәл осындай жоба басталады.

Бұдан бөлек, жаңадан салынған және жаңғыртылған төрт теміржол вокзалы ел игілігіне берілді.

Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 320 миллиард теңгеге жетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы қолға алынғаннан бері 1414 жоба қаржыландырылып, 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

«Қаладан – ауылға» өңірлік бағдарламасы аясында мыңнан астам адам ауылға қоныс аударды. Барлық 218 отбасы баспанамен қамтылып, оларға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.

Мемлекет басшысы: өңірді одан әрі дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жедел жаңғырту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жұмысын жалғастыруды тапсырды.