Павлодар облысында Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаеваның азық-түлік өнімдерін өндіретін «Рубиком» ЖШС еңбек ұжымымен кездесуі өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Рубиком» — Қазақстандағы табысты әрі ірі кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын өз қызметі барысында 2 мыңға жуық жұмыс орнын қамтамасыз етіп, өңірдегі жұмыспен қамту мен отандық азық-түлік өндірісінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде кәсіпорында шамамен 600 адам еңбек етеді.
Кездесу барысында Дания Мадиевна партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары мен Құрылтайда жүзеге асыруды көздейтін нақты ұсыныстарына жан-жақты тоқталды.
Партия төрағасы отандық өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға, бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыруға, еңбек адамдарының мүддесін қорғауға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар туралы айтып берді.
Дания Еспаева «Ақ жол» партиясы экономика мен қоғамның дамуына нақты ықпал ететін практикалық шешімдерді қолдайтынын атап өтті. Партия өкілдерінің Құрылтайдағы жұмысы өзекті мәселелерді көтерумен ғана шектелмей, оларды шешуге бағытталған нақты заңнамалық бастамаларды жүзеге асыруға тиіс екенін жеткізді.
Кездесу барысында «Рубиком» ЖШС қызметкерлері Дания Еспаеваға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Кездесу ашық әрі мазмұнды пікір алмасу форматында өтті.
Өз кезегінде кәсіпорынның еңбек ұжымы Дания Мадиевнаға мазмұнды әрі қызықты кездесу үшін зор алғыстарын білдірді. Қызметкерлер партия төрағасымен тікелей пікір алмасып, өздерін толғандырған мәселелерді талқылауға мүмкіндік туғанын атап өтті. Сондай-ақ олар «Ақ жол» демократиялық партиясына алдағы сайлауда сәттілік пен жеңіс тіледі.
Кездесу соңында Дания Еспаева «Ақ жол» — нақты өзгерістерді, қуатты экономиканы, отандық өндірісті дамытуды және азаматтардың мүддесін қорғауды қолдайтынын жеткізді.