Еліміздің әр өңірінен келген 18 команда чемпионаттың жеңімпазы атану үшін сайысқа түседі, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Қарулы күштер атынан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштері әскери институтының, Құрлық әскерлері әскери институтының, сондай-ақ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының құрама командалары қатысады.
«Әуе жүйелері» номинациясында қатысушылар FPV-дрондарды құрастыру және басқару, барлау жүргізу, сондай-ақ шартты жүкті жеткізу дағдыларын көрсетеді. «Жерүсті жүйелері» бағыты бойынша командалар робототехникалық кешендерді басқара отырып, эвакуациялау, жабдықтарды жеткізу және инженерлік қамтамасыз ету міндеттерін орындайды. Цифрлық қорғаныс саласының мамандары «Киберқауіпсіздік» бағытында модельденген кибершабуылдарды анықтау және оларға тойтарыс беру бойынша өз күштерін сынап көреді. Ал «Тактика» сайысында командалар уақытқа кешенді тапсырмаларды орындайды. Атап айтқанда, атыс дайындығы, тактикалық медицина элементтері және командалық үйлесімді іс-әрекетке арналған жаттығулар бар.
Чемпионатты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Defence Tech Center инновациялық хабы, WSE, Barys Dynamics, Ақмола облысының әкімдігі, USTEM Foundation, Ashyq Aspan Foundation, Cyberlabs қоғамдық қорлары, Astana Hub, Tensor Engineering және Barys Dynamics School ұйымдары ұйымдастырып, қолдау көрсеткенін айта кетелік. Чемпионаттың жүлде қоры – 20 млн теңге.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.