Әлеуметтік азық-түлік бағасы арзандады

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бірқатары арзандады.

2026 жылғы 12 тамыздағы жағдай бойынша, есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Апта ішінде картоптың бағасы (-4,2%), ақ қауданды қырыққабат (-1,2%), алма (-1,1%), пияз бен сәбіз (-1%) арзандады. Сондай-ақ қатты және жартылай қатты ірімшіктің бағасы (-0,3%), майлылығы 5-9% сүзбе және тұз (-0,2%), бірінші сұрыпты бидай ұны мен қаймақ (-0,1%) төмендеді.
Бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны, рожки, сүйекті сиыр еті, сүйексіз сиыр еті, жылқы еті, майлылығы 2,2%-дан 6%-ға дейінгі пастерленген, ультрапастерленген және стерильденген сүт, жұмыртқа және сары майдың бағасы есепті аптада өзгеріссіз қалды. 

Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы бір апта ішінде Талдықорғанда (-0,7%), Ақтау мен Жезқазғанда (әрқайсысы -0,4%), Петропавлда (-0,3%), Астанада (-0,2%), Қарағанды, Қостанай, Орал, Өскемен және Павлодар қалаларында (-0,1%) төмендеді. Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Семей және Тараз қалаларында баға алдыңғы апта деңгейінде сақталды. 
Республика бойынша картоптың орташа бағасы келісіне 259 теңгені құрады, ал ең төмен баға Павлодарда тіркелді – келісі 191 теңге.
Ақ қауданды қырыққабаттың республика бойынша орташа бағасы келісіне 189 теңге болды. Ең төмен бағалар Түркістанда – 142 теңге, Таразда 152 теңге деңгейінде тіркелді. 
Алманың орташа бағасы келісіне 797 теңгені құрады. Ең төмен баға Шымкентте тіркелді – 639 теңге. 
Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы келісіне 3 779 теңгені, тауық етінің бағасы 1 736 теңгені құрады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.