Олар «Әділетті Қазақстан» алаңында «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабымен кездесті. Жиында жұмыс, кәсіпкерлік, білім беру, цифрландыру және жастардың ел өміріне араласуы туралы сөз болды.
Партия Төрағасы Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға айрықша мән берілгенін атап өтті. Бұл білім алып, жұмысқа орналасумен ғана шектелмейді. Жастардың өз кәсібін ашып, идеяларын жүзеге асыруына және шешім қабылдауға тікелей араласуына жағдай жасау да маңызды.
Осындай тетіктердің бірі партияның цифрлық платформасы болмақ. Айбек Дәдебайдың айтуынша, «Әділет» әуел бастан цифрлық партия ретінде құрылды. Партияға тіркелу, сұрақтар мен ұсыныстарды жинау онлайн жүргізіледі, платформаның веб-нұсқасы қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, ал мобильді қосымшасы әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта азаматтардан келіп түсетін мәліметтерді талдау үшін жасанды интеллектіні пайдалану жоспарланып отыр.
«Біз «Әділетті» әуел бастан цифрлық партия ретінде құрдық. Алдағы уақытта келіп түсетін ұсыныстар мен сұрақтар жасанды интеллект көмегімен өңделіп, болашақ депутаттарымыз шешім қабылдау кезінде пайдаланады. Президент болашақ Құрылтай Big Data-ны қолдану керек екенін айтты. Бұл маңызды мәселелерді назардан тыс қалдырмай, қабылданатын шешімдердің салдарын алдын ала бағалауға мүмкіндік береді. Мұнда жастардың рөлі ерекше. Бүгінде біздің жастар штабымызда 8 мыңнан астам белсенді жұмыс істеп жатыр. Сіздердің еңбектеріңіз – жай ғана үгіт-насихат емес, бұл – азаматтық ұстаным және ел болашағына деген жауапкершілік. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанның бүгіні мен болашағы жастардың қолында», – деді Айбек Дәдебай.
Әңгіме барысында жастардың елдің қоғамдық және саяси өміріне араласуы да талқыланды. Айбек Дәдебай жаңа Конституция Қазақстанның алдағы дамуын айқындайтын құндылықтарды бекіткенін жеткізді. Оның айтуынша, заң үстемдігі, адам құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау, мемлекеттің зайырлы сипаты және азаматтық жауапкершілік жас буын үшін аса маңызды.
Одан кейін сөз JASTAR CAMP қатысушыларына берілді. Жас кәсіпкерлер, журналистер, педагогтер және қоғамдық сала өкілдері өз буыны үшін маңызды деп санайтын өзгерістер туралы ойларын ортаға салды.
Кәсіпкер әрі инфлюенсер Әділ Тасболатов орта бизнесті дамыту және цифрландыру мәселесін көтерді. Ол партияның кәсіпкерлер мен мемлекет арасындағы байланысты цифрлық форматқа көшіру және жаңа бизнесті іске қосу мерзімін бір күнге дейін қысқарту жөніндегі бастамасын қолдады.
«Мен партияның цифрлық шешімдерін қолдаймын. «Әділет» бағдарламасында бизнес пен мемлекет арасында атқарылатын жұмыстарды цифрландыру және жаңа бизнесті іске қосу мерзімін бір күнге дейін қысқарту міндеті қойылған. Бір күнде кәсіп бастап, көптеген мәселені онлайн шешу уақытты үнемдеп қана қоймайды, кәсіпкерлікке алғаш қадам басқан жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деді Әділ Тасболатов.
Басқа да қатысушылар білім беру, мәдениет және өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік беру туралы пікір білдірді. Abay Life бас редакторы Балжан Ерланқызы «Дипломмен – ауылға!» жобасының мүмкіндіктеріне тоқталды. Талғар ауданы Панфилов ауылының №17 мектебінің мұғалімі Мария Сеп «Кітап оқитын ұлт» және «Ұлттық код» бастамаларына назар аударды. «Әділет» партиясы Жезқазған қалалық филиалының төрағасы Сәкен Қайратұлы партия құндылықтары туралы айтты, ал тележүргізуші Дарын Олжабай жастар атынан бірқатар ұсынысын ортаға салды.
Партия Жастар қанатының төрайымы, Құрылтай депутаттығына кандидат Ақерке Ескендірова JASTAR CAMP ең алдымен жастар өз күн тәртібін құра алатын алаң ретінде ұйымдастырылғанын атап өтті. Республикалық сайлауалды штабпен кездесуге дейін қатысушылар стратегиялық сессиялар өткізіп, партияның алдағы жұмысындағы рөлдерін талқылады.
«Бүгін мұнда азаматтық ұстанымы белсенді, партиямен бірге әділетті болашақ жолында еңбек етуге және алдағы бірлескен жұмысымыздың бағыттарын айқындауға дайын жастар жиналды. Осы кездесуге дейін стратегиялық сессиялар өткізіп, онда партияның алдағы жұмысындағы жастардың рөлі мен ортақ мақсаттарымызды талқыладық», – деді Ақерке Ескендірова.
JASTAR CAMP Алматы облысында 12-14 тамыз аралығында өтеді. Лагерьге Қазақстанның барлық өңірінен 500-ге жуық жас келді. Қатысушылар үшін көшбасшылық, коммуникация, командалық жұмыс, азаматтық жауапкершілік және қоғамдық белсенділік бағыттары бойынша практикалық сессиялар ұйымдастырылған. Мұнда жастар өз идеялары мен пікірлерін тікелей жеткізе алатын арнайы алаңдарда жұмыс істейді. «Әділ Podcast» медиа-аймағында қатысушылар білім беру, мансап, кәсіпкерлік, жастар саясаты және елдің болашағы жайлы пікір алмасып жатыр.
Бүгінде партияның жастар қанаты 100 мыңға жуық қазақстандық жасты бір алаңда біріктіреді. Олардың 8 мыңнан астамы қазіргі сайлау науқаны аясында жастар штабының жұмысына белсенді атсалысып жүр.
Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram арнадан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy