Мәжіліс «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын І оқылымда мақұлдады. Құжат – Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы әрі қомақты нәтижесі. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин митингілер туралы осы жоба «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келеді деген жоғары баға берді. Заң жобасы Мәжілістің жалпы отырысында қызу пікірталас туғызды. Депутаттар бейбіт жиналыстың әралуан түрін өткізуге арналған орындарға қатысты мәселе көтерді. Олардың байламынша, қауіпсіздікті сақтау, қолайлы болуы және инфрақұрылымның қалыпты жұмысы үшін кей жағдайда ондай орынды, мәселен, ірі шерулер өткізілетін жерді анықтаған дұрыс. Алайда жеке пикеттердің орнын айқындау – орынсыз. Өйткені ашынған жеке тұлға өз мәселесін шешіп бермеген ұйым алдында пикет жасайды. Бұл ретте парламентшілер заңда тек пикет ұйымдастыруға тыйым салынатын жерлерді – стратегиялық, әскери және басқа нысандар тізімін бекітуді ұсынады. Қалғанына – рұқсат. Депутаттар заң жобасына түзету енгізіп, әкімдіктерді өз сайтында бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат етілетін орындар тізімін және олардың қай күні бос болмайтыны туралы ақпаратты жариялауға міндеттеді. Сондай-ақ екінші оқылымға дейінгі пысықтау аясында митинг өткізу үшін хабарлама жіберу мерзімі азайтылатын болады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, ІІМ-нің түсініктемелеріне қаныққан Мәжіліс депутаттары заң жобасын пысықтау әрі ондағы нормалар санын кеміту қажет деген ортақ байламға тоқтады. Талқылауды қорытындылаған Нұрлан Зайроллаұлы заң жобасының Үкімет енгізген нұсқасы Мәжілісте елеулі өзгеріске ұшырағанын атап өтті. Бұған қоса, ІІ оқылымға дейін жұмыс тобы оған ұсынылған өзгерістер мен толықтырулардың түпкілікті нұсқасын әзірлейді. – Бұл заң жобасы сөзсіз, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келеді. Құжат бейбіт жиналыстар мен митингілер ұйымдастырудың қолданыстағы тәжірибесін түбегейлі өзгертпек. Сондай-ақ ол азаматтардың құқығының да, сонымен қатар митинг өткізу кезіндегі жауапкершілігінің де оңтайлы үйлесімін қамтамасыз етеді, – деді Мәжіліс спикері. Осы күні Nur Otan партиясының парламенттік фракциясының мәлімдемесі де жария етілді. Онда көшбасшы партияның фракциясы ел Президентінің дағдарысқа қарсы шараларының нақты орындалуын жақтайтыны айтылған. Мәжіліс Төрағасы, партия фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин төтенше жағдай және Covid-19 таралуы аясында елдегі тұрақтылықты сақтау үшін қабылданып жатқан шараларға нұротандық депутаттар атынан қолдау білдірді. – Nur Otan фракциясы ел Президенті Қ.Тоқаевтың коронавирустың таралуына қарсы тұру және ТЖ жағдайында тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы тапсырмаларын бірауыздан қолдайды. Еліміз пандемияға күні бұрын дайындала бастады. Елбасы, партия Лидері Н.Назарбаев мемлекеттік деңгейде қолға алынған шаралар – уақытылы және дағдарысты ахуалға жауап береді деп баса айтты, – деді Н.Нығматулин. Фракция елдің дағдарыстан кейінгі даму жоспарын жүзеге асыруға да жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Осыған қажетті барлық жаңа заңдар жобасы бойынша жұмыс – депутаттар қызметінің негізгі бағыттарының біріне айналады. Айхан ШӘРІП