Shaiqas-2026 чемпионаты: «Амандық» полигонында цифрлық майданның бәсекесі басталды

Чемпионат финалистерін Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев құттықтады.

Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында ҚР Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған алғашқы ұлттық әскери-инженерлік Shaiqas-2026 чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Инженерлер мен бағдарлама жасақтаушылар арасындағы сайысқа күштік құрылымдардың, азаматтық жоғары оқу орындарының, инженерлік мектептердің, технопарктер мен отандық кәсіпорындардың атынан 18 команда қатысып жатыр. Қарулы күштер сапынан Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Қорғаныс министрлігінің үш әскери институтының командалары сайысқа түсуде.

Чемпионат финалистерін Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев құттықтады.

– Shaiqas чемпионатының басты мақсаты – отандық инженерлер мен робототехника және ұшқышсыз басқарылатын жүйелер саласындағы мамандарды бір алаңға біріктіріп, олардың әзірлемелерін Қарулы күштерде іс жүзінде қолдану. Чемпионат перспективалы мамандарды анықтауға, олардың жобаларын қолдауға және ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Сайыс «Әуе жүйелері», «Жерүсті жүйелері», «Киберқауіпсіздік» және «Тактика» атты төрт бағыт бойынша өтуде. Мәселен, «Қайсар» командасының құрамына Құрлық әскерлерінің әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары бірікті. Чемпионатта болашақ офицерлер барлау жүргізуге, мина макеттерін орнатуға және шартты түрде жараланғандарды эвакуациялауға арналған робототехникалық кешенді, сондай-ақ өздері жасаған ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар желісін таныстыруда.

– Барлық әзірлемелер институтымыздың базасында жасалды. Техниканы барынша практикалық әрі әмбебап етуге тырыстық. Робототехникалық кешен бірден бірнеше міндетті орындай алады, ал ұшқышсыз басқарылатын жүйелер барлау және басқа да қолданбалы мақсаттарға арналған, – деп атап өтті Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанты Мейірбек Оралұлы.

Осы сәттерде «Амандық» полигонында қызу жұмыс жүріп жатыр. Қатысушылар отандық робототехникалық және ұшқышсыз ұшатын жүйелердің мүмкіндіктерін көрсетіп, оларды түрлі сценарийлерде қолдануды пысықтап, цифрлық шайқастың көшбасшысы атану үшін бар күш-жігерін салуда. Инженерлік шешімдер тек дәлдігі мен технологиясы тұрғысынан ғана емес, шынайы жағдайда жұмыс істеу қабілетіне қарай да сыналуда.

Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Батыл Тойтарыс-2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына тартылып, ұшқышсыз басқарылатын жүйелер операторларымен бірлесіп робототехниканы нақты жағдайға жақын ортада қолдану тәсілдерін пысықтайды.

Алғашқы ұлттық әскери-инженерлік Shaiqas-2026 чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі 15 тамызда өтеді.