Құтқарушылар аллеясы ашылды

Орал қаласында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан өрт сөндіру қызметі мен құтқару бөлімшелерінің қызметкерлеріне арналған Құтқарушылар аллеясы ашылды.

Қаланың қақ ортасында бой көтерген жаңа нысан қаза болған қаһармандарды ұлықтайтын мемориал ғана емес, сонымен қатар абаттандырылған қоғамдық кеңістікке айналды. Жоба  азаматтық қорғау органдары құрылғанына 30 жыл толуына орай жүзеге асырылды.

Мемориалда қызметтік мінде­тін атқару кезінде қаза тапқан Батыс Қазақстан облысы азаматтық қор­ғау органдарының қызмет­кер­лері – Жарқын Фазылов, Ақан Нұр­ғалиев, Жангелді Сисеналиев жә­не Ерлан Нұғмановтың есімі мәң­гілікке жазылды.

Жобаның маңызын оның ор­на­ласқан жері де арттыра түседі. Орал азаматтық қорғау тарихында ерек­ше орын алады. Дәл осы қа­ла­да 1865 жылы елдегі алғашқы өрт сөн­діру бөлімі құрылған. Сон­дық­тан жаңа аллея алғашқы өрт сөн­діру жасақтарынан бастап қазіргі құт­қару қызметіне дейінгі тарих­тың өзіндік жалғасына айналды. Аумағы 1,5 мың шаршы метрді құ­райтын аллея толық абаттандырылды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев аза­мат­тық қорғау жүйесін дамыту кәсіби мамандарды даярлаумен ғана шектелмей, оның материалдық-техни­ка­лық базасын тұрақты түрде ны­ғайтуды талап ететінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушы маман­ды­ғы елдегі ең беделді кәсіптердің бі­ріне айналуы керегін, ал аза­мат­тық қорғау органдары қызмет­кер­ле­рінің еңбегі қоғам тарапынан лайықты бағалануы тиіс екенін атап көрсетеді. Осыған байланыс­ты саланы дамытуға және оның ма­териалдық-техникалық базасын ны­ғайтуға ерекше көңіл бөлінуде. 2025-2026 жылдары бұл мақ­сат­тар­ға облыстық бюджеттен 2,6 млрд тең­геден астам қаржы бөлінді. Бұл – құтқарушыларымыз­дың қауіпсіз әрі тиімді жұмыс іс­теуін қамтамасыз етуге бағытталған нақ­ты қолдау, – деді өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, аллея құ­ры­лысы заманауи әрі жайлы қала­лық орта қалыптастыру жұмыста­ры­ның да бір бөлігіне айналды.

– Аумағы 1,5 мың шаршы метр­­ден асатын бұл қоғамдық кеңістікті абаттандыруға жергілікті бюджеттен 28 млн теңге бөлінді. Қаланың орталығындағы қараусыз қалған аумақ жаңа тыныс алып, бір мезетте қала тұрғындарына қызмет ете­тін әрі бейбіт күннің батырларын есте сақтайтын орынға айналды, – деді Нариман Төреғалиев.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мұндай мемо­риал­дық орындардың қоғамдық маңызы зор екенін айтты.

– Батырлардың есімі халық ж­а­дында мәңгі сақталуға тиіс. Олар­дың жанқиярлығы мен қызметтік борышына адалдығы – жас ұрпаққа үлгі. Бұл аллея – өмірін адамдардың қауіпсіздігіне арнаған құт­қару­шы­лар мен өрт сөндірушілерге деген зор құрметтің белгісі, – деді министр.

Азаматтық қорғау органдары­ның қазіргі қызметкерлері үшін де аллея кәсіби сабақтастықтың символына айналды. Орал қаласы Тө­тенше жағдайлар басқар­ма­сы­ның бастығы Нұрсұлтан Серіков өрт сөн­діру қызметінің тарихы те­рең қала үшін жаңа нысанның ай­рық­ша маңызы бар екенін атап өтті.

– Мұндай аллеяның ашылуы­ның маңызы зор. Еліміздегі алғаш­қы өрт сөндіру бөлімі дәл осы қа­лада құрылған. Сондықтан мұн­дағы өрт сөндіру қызметінің тарихы терең тамырлы. Бұл орын тек де­малыс аймағы ғана емес, ел қауіп­сіздігі жолында қызмет еткен аза­маттарға тағзым ететін кеңіс­тік­ке айналады деп сенемін, – деді ол.

Бүгінде Құтқарушылар аллеясы бір­неше маңызды мәнді бір арнаға то­ғыстырып отыр. Бұл – қаза тап­қан қызметкерлердің есімін сақ­тай­тын мемориал, өрт сөндіру қыз­­­­метінің қалыптасу тарихын та­нытатын тарихи орын және қала тұр­ғындары үшін жасалған заманауи қоғамдық кеңістік.

Аида ҒАЛИЕВА,

Батыс Қазақстан облысы