Тағы бір қуанарлығы, университетке отандық тағамтану ғылымы мен профилактикалық медицинаның негізін қалаушылардың бірі, академик, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың есімі беріліп отыр. Ал бүгінде ғалым негізін қалаған ұлттық тағамтану саласында қандай ғылыми жаңалықтар бар?
Ең алдымен, бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қолдайтынын ескере кеткен жөн. Мемлекет басшысы университетке белгілі ғалым Төрегелді Шармановтың есімін беру орынды екенін мәлімдеген еді және аталмыш оқу орны цифрлық денсаулық сақтау мен биомедицина салаларын табысты түрде дамытып жатқанын, еліміздегі жетекші медициналық жоғары оқу орындарының бірі екенін де атап өтті. Университеттің жаңа мәртебеге ие болуы да білім беру сапасын арттыруға, ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейтуге және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретіні сөзсіз, әсіресе болашақ дәрігерлер үшін бұл жаңалықтың маңызы айтарлықтай зор. Біз оқу ордасының алдағы жоспары мен жұмыс бағытын білу үшін медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, Астана медицина университетіне қарасты академик Е.Даленов атындағы Профилактикалық медицина ғылыми зерттеу институтының директоры Айгүл Абдулдақызына хабарласқан едік.
Оқу орны немен айналысып жатыр?
– Астана медицина университетіне академик Төрегелді Шарманов есімінің берілуін үлкен жауапкершілік ретінде қабылдаймыз. Бұл – тек тарихи тұлғаның есімін ұлықтау емес, не болмаса өткенге тағзым емес, оның ғылыми қағидаттарын қазіргі заман талаптарына сай жалғастыру міндеті деп есептеймін. Біздің негізгі бағытымыз – «Т.Шармановтың ғылыми мұрасы – қазіргі профилактикалық медицина – болашақ дені сау ұлт» деген сабақтастықты қалыптастыру, – дейді маман.
Оның сөзінше, институт осы бағытта жұмыс атқару үшін бірнеше міндетті басты мақсатқа айналдырып отырған көрінеді.
– Алдымен, ұлттық тағамтану бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүйелеуіміз керек. Ұлттық тағамдардың химиялық және тағамдық құрамын, олардың энергетикалық құндылығын, ақуыздық және май қышқылдық құрамын, дәрумендер мен микроэлементтермен қамтамасыз етілуін зерттеу – маңызды бағыттың бірі. Бұдан кейінгі міндет – қазақтың дәстүрлі тағамын профилактикалық медицина тұрғысынан бағалау, яғни белгілі бір ұлттық тағамның адам денсаулығына ықпалын ғылыми дәлелдер негізінде зерттеу, оның жас мөлшеріне, физикалық белсенділік деңгейіне, денсаулық жағдайына байланысты қолдану ереншелігін анықтау қажет, – дейді Айгүл Абдулдақызы.
Маманның айтуынша, дәстүрлі тағамдарды заманауи технологиялар арқылы жетілдіру бүгінгінің басты бағыты болуға тиіс. Ұлттық тағамдардың дәстүрлі сипатын сақтай отырып, олардың тағамдық құндылығын арттыру және қазіргі адамның қажеттілігіне бейімдеу аса маңызды. Бұл балаларға, егде жастағы адамдарға, жүкті әйелдерге, дене белсенділігі жоғары адамдарға және созылмалы аурулардың алдын алуға бағытталған арнайы рациондарды әзірлеуді де қамтиды. Сонымен қатар қазіргі нутрициология тек ас мәзірін құрастырумен шектелмейді. Адамның тамақтану ерекшелігі, дене құрамы, метаболикалық көрсеткіштері, биомаркерлері және өмір салты кешенді түрде бағалануға тиіс. Е.Даленов атындағы Профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты 2023 жылы құрылған сәттен бастап бұл бағытта жұмыстар жүргізіп келеді. Институтта «Нутрициология», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Медицина», «Геронтология» бағыттары бойынша магистранттар білім алуына мүмкіндік бар. Институттың ғылыми қызметкерлері әр жылдары «Лактобапол», «Бапол-М», «MilkyBoom-плюс», «Bee fito oil», «Bee fito drink» сынды тағамдық өнімдер мен емдік заттарды дайындап шығарды, бұл да – ауыз толтырып айтарлық ғылыми жетістіктің бірі.
– Ерболат Даленов пен Төрегелді Шармановты тек әріптестік пен ғылыми қызмет емес, бауырластыққа ұласқан терең адами байланыс біріктірді. Екі ғалымның да ортақ ұстанымы – халық денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу және ұлттың денсаулық әлеуетін нығайту. Олар медицинаның болашағын профилактикамен, дұрыс тамақтанумен, салауатты өмір салтын қалыптастырумен және адам өмірінің сапасы мен ұзақтығын арттырумен байланыстырды. Институттың қазіргі қызметі де академик Е.Даленовтың профилактикалық медицина жөніндегі ғылыми идеяларын Т.Шармановтың нутрициология мектебімен табиғи түрде ұштастырып отыр, – дейді А.Абдулдақызы.
Төрегелді Шармановтың шәкірттерінің бірі ретінде Айгүл Абдулдақызының сөзінше, қазір институт мамандарының ғылыми ізденісінде дұрыс тамақтану мен ұзақ өмір сүру арасындағы байланысты зерттеумен айналысып жатыр. Бұл тақырып академик Т.Шарманов қалыптастырған «тамақтану – профилактика – денсаулық – ұзақ өмір сүру» парадигмасымен толықтай үндеседі.
Тағамтану академиясының тың жаңалығы
Бүгінге дейін Төрегелді Шармановтың шәкірттерінен 44 ғылым докторы, 70 ғылым кандидаты шықты, сонымен қатар ұлттық тағамтану саласында төл шәкірттерінен бөлек, жас буын да қалыптасып, ғылыммен айналысып келеді. Осы жөнінде Төрегелді Шармановтың өмірде де, ғылымда да жолын жалғаған ұлы, Қазақ тағамтану академиясының президенті, ғалым Алмаз Шарманмен де тілдескен едік. Ғалымның айтуынша, осыдан 50 жыл бұрын әкесі негізін қалаған Қазақ тағамтану академиясының жұмысы қазір одан сайын жанданып, ерекше қарқында дамып келеді.
– Жұмыстары ұдайы жалғасын тауып келеді. Жас зерттеушілер, жаңа буын қалыптасып үлгерді. Қазір еліміздегі отандық өсімдіктер мен жануарлардан алынатын тағамдық өнімдердің химиялық құрамының ұлттық анықтамалығын жасап жатырмыз. Мұндай іргелі басылым елімізде бұрын-соңды болған емес. Сонымен қоса, бірегей «Нутриенттердің периодтық кестесін» дайындап жатырмыз. Ғылымда шамамен 135 өмірлік маңызды тағамдық компонент – ақуыздар, майлар, көмірсулар, дәрумендер, минералдар және басқа да биоактивті заттар белгілі, алайда табиғатта оның көлемі одан да көп. Сол себепті де ең ірі ұлттық дерекқорды қалыптастырып отырмыз, бұл тізімде 27 мыңнан аса тағам мен тағамдық өнімдердің нутриенттік құрамына егжей-тегжейлі сипаттама жинақталған, – дейді Алмаз Шарман.
Қазақ тағамтану академиясы цифрлық технологиялар мен ЖИ жүйесіне де көңіл бөліп, жобаларын жетілдіруді қолға алған. Мысалы, NutriSteppe-AI платформасы әр адамның жеке ерекшелігіне қарай жекеленген сауалатты тамақтануға арналған мәзір ұсына алады. Tagam-AI мобильді қосымшасы арқылы ішер асыңыз бен тағамдық өнімдердің құрамын, ақуыз, май, көмірсу, дәрумен, минерал, басқа да тағамдық компоненттердің мөлшерін біле аласыз, ол үшін тағамды суретке түсірсеңіз жеткілікті.
Қуана айтарлығы, Орталық Азиядағы ең заманауи зертханалардың бірі NutriTest зертханасы да біздің елімізде жұмыс істейді. Зертхана кейінгі 30 жылға жуық уақытта тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бағалап, зерттеу жұмысымен айналысып келеді. Мұнда озық аналитикалық жабдықтарды пайдаланатын жоғары білікті химиктер, биологтар, микробиологтар және басқа да мамандар қызмет етеді.
Алмаз Шарман Астана медицина университетінің жаңа мәртебеге ие болғанын естіп, ерекше қуанғанын да жеткізді. Оқу орны мен Қазақ тағамтану академиясының байланысы жөнінде де пікірін білген едік.
– Ұлттық университет мәртебесі – бұл еңбектің мойындалуы ғана емес, сонымен бірге білім беру, ғылым және халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа мүмкіндік. Мен университет ректорымен тұрақты түрде қарым-қатынас орнатып келемін, жалпы саланың, оқу орнының одан әрі даму перспективаларын бірге талқылау да өткіземіз. Алда да бірқатар ұсынар идеям бар, оны қазір айту ертерек болар, бірақ болашақта университет үшін қосымша мүмкіндіктер ашатын жаңа бастамаларды ұсына алатынымызға сенімдімін, – дейді академия президенті.
Ғылым жолындағы жалғастық
Төрегелді Шарманов бар ғұмырын ұлттық тағамтану саласына арнағанын білеміз. Ғалымның бастамасымен Қазақ тағамтану академиясы әйелдер мен балалардың тамақтану мәселесіне көңіл бөліп, мектептегі тамақтану жүйесін жетілдірді, ғарышкерлерге арналған рациондарды дайындады, тамақтану саласындағы мемлекеттік стандарттар мен ұлттық саясатты қалыптастыруға қатысты. Академик еліміздегі йод тапшылығын зерттеу, темір тапшылығы анемиясының алдын алу, балалар тағамын дамыту, емдік-профилактикалық және рационалды тамақтанудың ғылыми негіздерін қалыптастыру бағытында сүбелі еңбек етті. Бүгінде де бұл бағытта жұмыстар жалғасып жатыр. Қазақ тағамтану академиясы қазір тағамды D дәруменімен және басқа да микронутриенттермен байыту мәселесімен айналысып жатыр. Семіздік, диабет және жүрек-қан тамырлары ауруларының таралуы артып отырған жағдайда рационның сапасы, соның ішінде тағамдық талшықтардың, дәрумендердің, минералдардың және басқа да биологиялық белсенді компоненттердің жеткілікті болуы жыл өткен сайын маңызды мәселе болып отыр.
– Жақында біз Қазақстан халқына арналған салауатты тамақтану бойынша жаңартылған ұлттық нұсқаулық дайындадық. Біз әкем жарты ғасырға жуық уақыт бұрын негізін қалаған Академия ұстанымын жалғастырып келеміз, яғни аурудың емін іздегенше, оның алдын алуды басты ұстаным деп білеміз. Менің ойымша, Төрегелді Шармановтың басты мұрасы да дәл осында жатыр. Ол тамақтану адамның жеке таңдауының мәселесі ғана емес екенін көрсетті. Бұл – ұлттық денсаулық сақтау саясатының, аурулардың алдын алудың және болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтаудың ең маңызды құралы, – дейді Алмаз Шарман.
Қазір Астана медицина университетінде әлемнің бірнеше елінен келген 11 мыңға жуық студент білім алады. Жыл сайын оқу орнын шамамен 3 мың жас маман тәмамдайды. Ұлттық жоғары оқу орны мәртебесі мен Төрегелді Шарманов есімінің берілуі университеттің ел медицинасы мен ғылымындағы орнын одан әрі айқындай түсеріне әрі тағамтану саласына да тың бастамалар сыйлайтынына сеніміміз мол.
Айсұлу СЪЕЗХАН