Президент жеделхатында Үндістанның халықаралық аренадағы елеулі орны мен экономикалық жетістіктерін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қазір ел «Виксит Бхарат» тұжырымдамасы аясында 2047 жылға қарай дамыған мемлекетке айналып, экономика көлемін кемінде 10 триллион долларға жеткізуді мақсат етіп отыр.
Үндістан 2047 жылға қарай дамыған ел мәртебесіне жету үшін экономиканың көлемін кемінде 10 триллион долларға дейін ұлғайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді реформаларды жүзеге асыруы қажет. Бұл туралы үндістандық профессор, доктор Мохан Кумар «Виксит Бхарат» тұжырымдамасына қатысты пікірінде айтты.
Оның сөзінше, Үндістан Үкіметі ел тәуелсіздігінің 100 жылдығы атап өтілетін 2047 жылға қарай «Виксит Бхарат», яғни «Дамыған Үндістан» құруды стратегиялық мақсат ретінде белгілеп отыр.
Қазіргі таңда Үндістан жалпы ішкі өнім көлемі бойынша әлемдегі ірі экономикалардың қатарына кіреді. Алайда халық саны 1,5 миллиард адамға жақындаған ел үшін экономиканың қазіргі көлемі жеткіліксіз.
«Үндістан сөздің толық мағынасында «Виксит» яғни дамыған мемлекетке айналуы үшін ЖІӨ кемінде 10 трлн долларға жетуі керек», – деді Мохан Кумар.
Профессордың пікірінше, бұған қол жеткізу үшін елдің әлемдік саудадағы үлесін арттырып, шетелдік инвестиция көлемін бірнеше есе көбейту қажет. Сонымен қатар жер қатынастары, еңбек нарығы, энергетика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және мемлекеттік реттеу салаларында терең реформалар жүргізілуі тиіс.
Экономикалық өсім халықтың барлық тобына әсер етуі керек
Мохан Кумар экономиканың жай ғана өсуі жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның нәтижесі халықтың әлеуметтік осал және табысы төмен топтарына да сезілуі керек.
Осы бағытта Үндістанда әлеуметтік қолдауға арналған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр. Дегенмен сарапшы жастарды жұмыспен қамту мәселесін Орталық және штат үкіметтері үшін негізгі басымдықтардың біріне айналдыру қажет деп санайды.
Оның айтуынша, мемлекет барлық азаматты жұмыспен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан жастарды тек жұмыс іздеуші емес, кәсіпкер және жаңа жұмыс орындарын құрушы ретінде қалыптастыратын орта қажет.
Басты ресурс – білікті кадр
Үндістан үшін тағы бір маңызды бағыт – білім беру жүйесін еңбек нарығының талаптарына бейімдеу.
Мохан Кумардың айтуынша, оқу жүйесінің теория мен жаттауға шамадан тыс сүйенуі түлектердің еңбек нарығына дайын болуына кедергі келтіреді. Осыған байланысты кәсіптік даярлықты күшейтіп, жоғары оқу орындары мен өндіріс арасындағы байланысты дамыту маңызды.
Әсіресе жастарды заманауи технологиялармен, оның ішінде жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуге үйрету ұлттық деңгейдегі міндетке айналуы тиіс.
Сондай-ақ білім мен ғылымға бөлінетін мемлекеттік және жеке инвестицияны арттырып, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді қолдау қажет.
Профессор Үндістанның 1,5 млрд-қа жуық халқы ел үшін үлкен демографиялық артықшылыққа айналуы мүмкін екенін айтады. Бірақ бұл үшін халық білім экономикасының талаптарына сай білікті болуы керек.
Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту қажет
Соңғы жылдары Үндістан денсаулық сақтау саласын цифрландыруға және медициналық инфрақұрылымды кеңейтуге басымдық беріп келеді.
«Аюшман Бхарат», «Аюшман Арогья Мандир» секілді бағдарламалар медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырды. 2014 жылдан бері медициналық колледждердегі орын саны да екі еседен астам көбейген.
Сонымен қатар ел медициналық туризмнің халықаралық орталықтарының біріне айналуға ұмтылып отыр.
Дегенмен Мохан Кумар мемлекеттік денсаулық сақтау шығындарының көлемі әлі де жеткіліксіз екенін атап өтті. Жүрек-қан тамырлары аурулары мен қант диабетінің таралуы да ел үшін маңызды сын-қатер болып отыр.
Сондықтан медициналық қызметті халықтың басым бөлігі үшін қолжетімді, сапалы әрі арзан ету бағытындағы реформалар жалғасуы қажет.
Үндістан төмен көміртекті даму жолын таңдауға тиіс
«Виксит Бхарат» тұжырымдамасының тағы бір маңызды бағыты – тұрақты даму.
Профессор Үндістан бұрынғы индустриялық мемлекеттердің жоғары көміртекті даму моделін қайталамауы керек деп есептейді.
Оның пікірінше, Үндістанның бір мезгілде жоғары табысты экономикаға айналып, төмен көміртекті даму моделін қалыптастыруға мүмкіндігі бар.
«Үндістан мұны әлем талап еткендіктен емес, өз халқы осындай өмір сапасына лайық болғандықтан жасауы керек», – деді ол.
Мохан Кумардың айтуынша, 2047 жылға қарай дамыған елге айналу – Үндістан үшін қол жеткізуге болатын мақсат. Алайда оған жету үшін экономикалық реформалар, әлеуметтік теңдік, білім, денсаулық сақтау және экологиялық тұрақтылық бағыттары біртұтас мемлекеттік саясат аясында жүзеге асырылуы қажет.
«Алдағы жиырма жыл Үндістан тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі болады», – деп қорытындылады профессор.