Журналист Жанарбек Әшімжан қоғамдық тәртіп пен адамгершілік қарым-қатынастың маңызына тоқталып, өркениетті қоғам құру ең алдымен әр адамның өзінен басталатынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өркениетті қоғам құру қарапайым мәдениеттен, кісілік қарым-қатынастан, адам бойындағы жағымды дағдылардан басталады ғой.
Аталарымыз қашанда адамның тегіне, тәрбиесіне ерекше мән берген. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөз бар. Бәріміз де текті атаның тұқымымыз. “Бірақ кейде сол тектілік, атадан қалған өсиет қайда жоғалып барады?” деп мен ғана алаңдаймын ба?” десем, ел ішінде де алаңдаушылық бар екен.
Бүкіл аймақтарды аралап жүрміз ғой… Саяси науқанмен. Әлеуметтік сұрақтар аз емес. Соның ішінде байқағаным — тәлім-тәрбиеге, мәдениетке, дәстүрге, адамгершілік қарым-қатынастарға қатысты сұрақтар жиі мазалайды екен.
Жаңаөзенде егделеу бір ағамыз айтты. Қызылордада орта жастағы кәсіпкер келіншек жанұшырып айтты. Қонаев қаласында көзтаныс энергетик ескертті. Күні кеше Алматыда, Ғылым академиясындағы жиында белгілі ғалым өткізіп, жеткізіп айтты.
Рас-ау… Көшеде жаға жыртысқан адамдарды, қоғамдық көлікте бір-бірін жерден алып, жерге салып жатқан жандарды, дөрекілік танытып жүрген жастарды, тойда анайы қылық көрсетіп жүрген іні-қарындастарымызды “желі шыққыр” желіден жиі көреміз.
Бұл қалай болғаны? Сонда тегіміз қайда, тектілігіміз қайда? Тәрбие қайда? Дәстүр қайда? Сыйластық қайда? Ең бастысы — адамгершілік қайда?
Сөйте жүріп өркениет, мәдениет туралы асқақ ойларды айтудан жалықпаймыз…
Шын мәнінде, өркениет те, мәдениет тектен, ділден басталмай ма? Өзгенің қателігін айтқанда алдымызға жан салмаймыз. Алдымен әр адам өзін тәрбиелеген абзал болар еді.
Мұны не үшін айтып отырмын?
Бүгінгі таңда тұтас қоғамдық тәртіп, қоғамдық мәдениет күннен күнге әлсіреп бара жатыр.
Әуелі бұл алаңдаушылық Мемлекет басшысы деңгейіне дейін жетті. Байқасаңыздар, Президент осы мәселеге қатысты бірнеше рет дабыл қақты.
Өркениетті мемлекет құру халықтың мәдениеті мен қоғамдық әдептен басталады. Ал оның негізі – дұрыс амандасу, айналаңа құрметпен қарау, тәртіп сақтау, көрінген жерге қақырынып түкірмеу, тұқыл лақтырмау, адамның ала жібін аттамау секілді қарапайым құндылықтар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, озық, заманауи елдің азаматтары ең алдымен қоғамда, яғни, көпшілік ортада, әсіресе, жұмыс орнында өздерін орынды ұстай білуі қажет.
Сондықтан өркениетті, дамыған ел боламын десек, тал-бесіктен басталатын тәрбиені түзейік, әдеп сақтайық!
Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Уақыт көшіне ілескені — бірге жасайды. Ілесе алмағаны — қалады.
Әр ісіміз, жасаған әр амалымыз, әр қадамымыз – қоғамдық мәдениетті көтеруге қосқан үлесіміз. Өзімізден басталған жақсы әдет айналамызға да, бала-шағамызға да оң әсер етеді.
Соны ұмытпайық!!!-деп жазды ол желідегі парағында.