Назым Қызайбай Олимпиада қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін жоғары марапатқа ие болды

Салтанатты рәсім Қазақстанның Ұлттық олимпиадалық комитетінде Спорт күніне орай ұйымдастырылды.

Қазақстандық боксшы, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының спорт командасының мүшесі Назым Қызайбай жоғары мемлекеттік спорттық марапатқа ие болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Салтанатты рәсім Қазақстанның Ұлттық олимпиадалық комитетінде Спорт күніне орай ұйымдастырылды.

Рәсім барысында спортшыға «Қазақстан Республикасының Олимпиада қозғалысының еңбек сіңірген қайраткері» I дәрежелі төсбелгісі табысталды. Бұл марапат спортшының жоғары жетістіктерін, көп жылғы еңбегін, отандық спортты дамытуға және Қазақстанның халықаралық аренадағы спорттық беделін арттыруға қосқан үлесін айқындайды.

Назым Қызайбай қазақстандық бокстың жетекші өкілдерінің бірі саналады. Ұлттық ұланның спорт командасы сапында өнер көрсетіп жүрген ол халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, өзінің жетістіктері арқылы жас спортшыларды жоғары нәтижелерге ұмтылуға жігерлендіріп келеді.

Сол күні Назым Қызайбаймен бірге Қазақстанның өзге де боксшылары мен жаттықтырушылар штабының өкілдері марапатталды.