Ұлттық ұлан сапындағы шахматшы сарбаз қызмет етеді

Павлодар қаласындағы Ұлттық ұланның 6679 әскери бөлімінде қызмет ететін қатардағы жауынгер Марат Абылайхан – шахматтан спорт шеберіне үміткер.

Астана қаласынан әскер қатарына шақырылған жас сарбаз жасөспірімдер арасындағы республикалық шахмат турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы.

Марат шахматпен үшінші сыныптан бастап айналысады. Интеллектуалды ойынға деген қызығушылығы оны түрлі республикалық жарыстардың жеңіс тұғырына шығарып, бүгінде спорт шеберіне үміткер деңгейіне жеткізген.

Әскери бөлімде де оның шахматтағы шеберлігі көпшілікті тәнті еткен. Қарулас сарбаздар арасында өткен бәсекелерде Маратқа шақ келер қарсылас табылмаған. Уақыт өте келе сержанттар мен офицерлер де жас шахматшымен ойнауға қызығушылық таныта бастаған.

– Жауынгерлік қызметтен бос уақытта шахмат ойнауға құмарбыз. Әр өңірден келген сарбаздар арасында кімнің мықты екенін байқап көрдік. Марат ешкімге дес берген жоқ. Оның қарсыласынан ұтылып жатқанын әлі көрмедім. Кейде өзім де  одан фигуралардың қитұрқы жүрістерін үйретуін сұраймын. Жолдастарына құшағы айқара ашық Марат тақта үстіндегі тартысты ойын туралы кеңестерін айтудан жалыққан емес, – дейді қатардағы жауынгер Ерхат Ерназаров.

Әскерге дейін Марат Астанадағы шахмат мектептерінің бірінде жаттықтырушы болып еңбек еткен. Ол жасөспірімдерге шахматтың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, елордадағы кіші буын арасында түрлі турнирлер ұйымдастырған.

– Мақсатым – халықаралық деңгейдегі гроссмейстер атанып, Қазақстанның көк туын әлемдік ареналарда желбірету. Шахмат адамды сабырлыққа, терең ойлауға және қарсыластың әрекетін алдын ала болжауға үйретеді. Бұл қасиеттер әскери қызметте де аса маңызды, – дейді қатардағы жауынгер Марат Абылайхан.

Айта кетейік, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Павлодар қаласындағы түзеу мекемелерін күзету бойынша жауынгерлік міндеттерді атқарады.