Аида Балаева: «Шәмші Қалдаяқов» медалі – өнер адамдарының еңбегіне берілетін жоғары баға

Аида Балаева жаңа мемлекеттік марапаттар туралы айтты

Бүгін Президент мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешім қабылдады.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі  Аида Балаева Мәдениет пен өнер саласы үшін маңызды әрі көптен күткен осынау шешім үшін еліміздің бүкіл мәдениет саласы өкілдері атынан Мемлекет басшысына шынайы алғыс білдірді!
Бұл мәні зор шешім – мәдениет пен өнердің қоғамдағы мәртебесін арттыруға, осы салаға бар ғұмырын арнаған азаматтардың еңбегін лайықты бағалауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың жалғасы деп білемін.
Бүгінде еліміздің мәдениет саласында 56 мыңнан астам маман еңбек етеді. Елімізде 85 театр, 286 музей, 67 концерттік ұйым және 3054 мәдени-демалыс ұйымы жұмыс істейді. Бұл сандардың артында ұлттық мәдениеттің дамуына талмай еңбек етіп жүрген қаншама адамның қажырлы қызметі тұр.
Олардың еселі еңбегі ұлттық өнерді өркендетіп, мәдени мұрамызды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге қызмет етіп келеді.
Сондықтан мұндай еңбек мемлекеттік деңгейде лайықты бағалануға тиіс екені сөзсіз.
Бүгінгі шешімге жаңа Конституцияның қабылдануы да ерекше мән береді. Тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау алғаш рет мемлекеттің негізгі қағидаттарының қатарына қосылып, конституциялық деңгейде бекітілді.
Президент атап өткендей, енді мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің конституциялық міндеті.
Бұл норма қазірдің өзінде нақты мазмұнмен толығып келеді. Кейінгі бес жылда мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есе өсті. Биылдан бастап өнер қайраткерлеріне берілетін мемлекеттік стипендиялардың көлемі де екі есе артты. Жыл сайын мұндай стипендияны 75 азамат алады.
Мемлекет басшысының қолдауымен мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне 260 пәтер берілді. Оның 200-і Астана қаласында болса, 60 пәтер Алматы қаласында табысталды. Биыл тек Мәдениет пен өнер қызметкерлері күніне орай мемлекеттік наградалармен жүзден астам әріптесіміз марапатталды.
Мемлекеттік деңгейдегі бағалау жүйесі де кезең-кезеңімен жаңарып келеді. «Халық әртісі» құрметті атағы отыз жылдан кейін қайта жаңғыртылды. Енді бұл тізім «Шәмші Қалдаяқов» медалі және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағымен толықты.
Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль ұлттық музыканы, композиторлық пен орындаушылық өнерді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне берілетін жоғары баға болмақ.
Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы ұлттық бейнелеу өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан суретшілердің, графиктердің, мүсіншілердің және басқа да бейнелеу өнері өкілдерінің еңбегін мемлекеттік деңгейде лайықты бағалауға мүмкіндік береді.
Жаңа марапаттар – Президенттің мәдениет саласына деген айрықша назарын және өнер адамдарына жан-жақты қолдауын тағы бір дәлелдей түсетіндей. Бұл әріптестеріміздің көп жылғы шығармашылық еңбегінің лайықты бағасы болып, мәдениет саласының жаңа буынына тың серпін берері сөзсіз.
Құрметті әріптестер!
Барша мәдениет саласы өкілдері атынан Мемлекет басшысына тағы да зор алғысымды білдіремін.
Бұл – баршамыз үшін шын мәнінде үлкен оқиға. Мәдениет пен өнер адам жанын емдейді, рухани байытады, өмірді сүюге, жақсылық пен ізгілікке жетелейді.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысының мәдениетті дамытуға ерекше басымдық беріп отырғаны біз үшін зор қуаныш, - деп жазды А. Балаева