Ядролық соғыс қаупі артып келеді – The Washington Post

Әлем жаңа ядролық қарулану жарысына жақындап келеді

Әлем жаңа ядролық қарулану жарысына жақындап келеді. Бұған ондаған жыл бойы қалыптасқан ядролық қаруды халықаралық бақылау жүйесінің әлсіреуі себеп болып отыр, деп жазады The Washington Post.

Басылымның мәліметінше, АҚШ пен Ресей арасындағы стратегиялық ядролық қаруды шектеу туралы New START келісімінің мерзімі аяқталған. Әлемдегі ядролық арсеналдың шамамен 86 пайызы осы екі елге тиесілі. Нәтижесінде Вашингтон мен Мәскеу 1972 жылдан бері алғаш рет стратегиялық ядролық қаруды шектейтін келісімсіз қалды.

Сонымен қатар Қытай ядролық арсеналын жылдам ұлғайтып келеді. Басылым оның иелігінде 600-ден астам ядролық оқтұмсық бар екенін жазады. Солтүстік Кореяда шамамен 50 дайын ядролық оқтұмсық болуы мүмкін.

The Washington Post Азиядағы жағдайға да назар аударған. Оңтүстік Корея тұрғындарының 70 пайызға жуығы елдің өз ядролық қаруын жасауын қолдайды. Жапонияда да ядролық саясатты ашық талқылау мәселесі көтеріле бастаған.

Сарапшылар ядролық қаруы бар мемлекеттер санының артуы қателік немесе қате есеп салдарынан ядролық қару қолданылу қаупін күшейтетінін ескертеді. Басылым тәуекелді азайту үшін ядролық державалар арасында тікелей әскери байланыс орнатып, зымыран сынақтары мен ірі әскери жаттығулар туралы алдын ала хабарлау және ядролық арсеналдар жөніндегі ашықтықты арттыру қажет деп жазады.