Жамбыл облысында 19 жастағы әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Қайғылы жағдайдың алдында Мадина құрбысына күйеуімен жанжалдасқанын және ажырасқысы келетінін айтқан.

Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы әйелдің өліміне қатысты тергеу басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әлеуметтік желілерде тараған мәлімет бойынша, Мадина Рашидқызы күйеуімен бірге тұрған. Ерлі-зайыптының сегіз айлық сәбиі болған. Марқұм Өзбекстан азаматы, ал оның күйеуі Қазақстан азаматы екені айтылады.

Қайғылы жағдайдың алдында Мадина құрбысына күйеуімен жанжалдасқанын және ажырасқысы келетінін айтқан. Сондай-ақ одан 15 мың теңге қарыз сұраған. Бірақ құрбысы қажетті ақшаны тауып бере алмаған.

Келесі күні Мадинаның қайтыс болғаны туралы хабар келген. Оның мәйіті үйден табылған.

Полиция департаментінің мәліметінше, өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын хабарлады.