Саясаттанушылар, талдаушылар, сарапшылар және қоғам белсенділері «Әділет» партиясының өкілдерімен бірге «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын талқылады.
Кездесудің негізгі тақырыбы – «Әділет» партиясының «111+ шешімі». Құрылтай депутаттығына кандидат Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Дәулет Кәрібек құжатта азаматтардың сұраныстары, әлеуметтік зерттеулер мен сараптамалық талқылаулар негізінде әзірленген партияның нақты ұсыныстары жинақталғанын айтты. Сондай-ақ олар «111+» атауында қандай ұстаным жатқанын түсіндірді.
Алдағы бес жылға арналған «111+ шешім» құжатында сапалы жұмыс орындарын құру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, орта бизнестің үлесін көбейту, энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, инфрақұрылымды жақсарту, білім беру сапасын арттыру, балалардың құқықтарын қорғау және басқа да бағыттар қамтылған.
Басқосуда қатысушылар құжаттың форматы мен партияның сайлауалды науқанын өткізу тәсілдерін де сөз етті.
Саясаттанушы Талғат Қалиев «111+ шешім» құжаты бағдарламаның негізгі бағыттарын ықшам әрі түсінікті форматта ұсынуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл сайлаушылардың көлемді бағдарламалық құжаттарды толық оқып шығуға мүмкіндігі болмаған жағдайда тиімді.
«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев құжаттың практикалық форматына және партияның сарапшылар қауымдастығымен диалогына назар аударды. Оның пікірінше, мұндай кездесулер бағдарламаны таныстырып қана қоймай, ұсынылып отырған шешімдер бойынша кәсіби пікір алуға мүмкіндік береді.
Саясаттанушы Эдуард Полетаев партияның сайлауалды науқанды ұйымдастыруда және сайлаушылармен жұмыс істеуде жаңа технологиялық форматтарды қолданғанын жеткізді.
Кездесу барысында сарапшылар жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі партиялық жүйенің дамуын, сайлаушылармен жұмыс істеу тәсілдерінің өзгеруін, сондай-ақ жалпы бағдарламалық тұжырымдардан нақты әрі өлшенетін міндеттемелерге көшуді талқылады. «Әділет» өкілдері кездесуде айтылған сараптамалық ұсыныстар партияның алдағы жұмысында ескерілетінін айтты.
Құжатпен партияның ресми сайтынан танысуға болады: https://adilet-partiyasy.kz/kz/kurultai