Бұл салада заманауи технологиялармен қатар, өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін қосалқы кәсіпорындардың да маңызы зор. Солардың бірі – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ. Бұл – еліміздегі табиғи уран мен оның қосылыстарын экспорттау және импорттау жөніндегі ұлттық операторы әрі әлемдегі ең ірі табиғи уран өндірушісі. Компания әлемдік уран саласындағы ірі ресурстық базалардың біріне ие.
Сонымен қатар Қазақстан аумағында еншілес және тәуелді ұйымдар, бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялар арқылы өндіріс жүргізеді. «Қазатомөнеркәсіптің» барлық уран өндіруші активтері жерасты ұңғымалық сілтісіздендіру технологиясын – ISR (In-Situ Recovery) пайдаланады. Бұл технология кен орнын ашық немесе жерасты тәсілімен дәстүрлі игермей-ақ, уранды тікелей кенді горизонттан алуға мүмкіндік береді. ISR технологиясын қолдану – Қазақстанның қазіргі заманғы уран өндіру саласының негізгі ерекшеліктерінің бірі әрі «Қазатомөнеркәсіптің» бәсекеге қабілеттілігінің маңызды құрамдас бөлігі.
Күкірт қышқылы – уран өндірісіндегі маңызды реагент
Жерасты ұңғымалық шаймалау процесіндегі негізгі технологиялық реагенттердің бірі – күкірт қышқылы. Ол уранды шаймалау барысында уранды минералдардан ерітіндіге ауыстыруға қажетті химиялық жағдай қалыптастырады. Сондықтан күкірт қышқылы – уран өндіруші кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін маңызды ресурсы.
«Қазатомөнеркәсіп» үшін күкірт қышқылы жай ғана өнеркәсіптік химиялық өнім емес, өндірістік тізбектің стратегиялық маңызды элементі. Компанияның интеграцияланған жылдық есебінде Қазақстанда ISR әдісімен уран кен орындарын игеру үшін күкірт қышқылының едәуір көлемі қажет екені атап өтіледі.
Осы өндірістік жүйеде «СКЗ-U» ЖШС ерекше орын алады. Кәсіпорынның негізгі қызметі – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның уран өндіруші кәсіпорындарын күкірт қышқылымен қамтамасыз ету. Яғни, «СКЗ-U» ISR технологиясының жұмыс істеуі үшін қажетті негізгі технологиялық ресурстардың бірін өндіреді.
Бұл жерде өндірістер арасында тікелей технологиялық байланыс бар: «СКЗ-U»-дың тұрақты жұмысы күкірт қышқылының үздіксіз болуын қамтамасыз етеді, ал күкірт қышқылының болуы – жерасты ұңғымалық шаймалау технологиясының тұрақты жұмыс істеуінің қажетті шартының бірі.
«СКЗ-U» өндірісінің тағы бір ерекшелігі – кәсіпорынның Қызылорда облысында орналасуы және бірінші кезекте Хорасан-1/2 кеніштерінің қажеттіліктеріне бағдарлануы. Қазатомөнеркәсіп үшін аса маңызды реагентті өз өндірістік әлеуеті арқылы қамтамасыз ету өндірістік тізбектің тұрақтылығын күшейтіп, сыртқы жеткізілімдерге, логистикалық шектеулерге және нарықтағы өзгерістерге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
«СКЗ-U»: өндірістің қуаты – өңірдің әлеуеті
Сондықтан «СКЗ-U»-ды тек өндірістік-көмекші кәсіпорын ретінде емес, Қазақстанның уран саласының технологиялық инфрақұрылымының бір бөлігі ретінде қарастыруға болады. Қызылорда облысында орналасқан «СКЗ-U» ЖШС-ның тарихы сонау 2007 жылғы 25 тамыздан басталады. Сол күні серіктестік құрылып, Қазақстанда тіркелді. Кәсіпорын қатысушыларының қатарында 49 пайыз үлеспен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, 32 пайыз үлесі SAP-Japan Corporation және 19 пайыз үлесі UrAsia London Limited-те бар. Осылайша, «СКЗ-U» ұлттық атом компаниясы мен халықаралық серіктестердің қатысуымен құрылған мамандандырылған кәсіпорын ретінде қалыптасты.
Зауыт құрылысы бойынша жобаны іске асыру 2010 жылы басталды. Сол жылы жобалық қуаты жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге есептелген кәсіпорынды салуға қаржы бөлінді. Зауыт құрылысы 2010-2012 жылдары жүргізілді. Ал 2012 жылдың екінші жартысында күкірт қышқылын өндірудің сынамалық өндірісі басталды. Сол жылдың 20 желтоқсанында №30 мемлекеттік қабылдау актісіне қол қойылып, кәсіпорынды пайдалануға беру үшін қажетті бақылаушы органдардың рұқсаты алынды. Сөйтіп, 2013 жылдан бастап күкірт қышқылының өнеркәсіптік өндірісі іске қосылды.
Бүгінде күкірт қышқылы зауытының жобалық қуаты жылына 500 мың тонна немесе тәулігіне 1 500 тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді. «СКЗ-U» инфрақұрылымына күкірт қышқылы цехы, энергетикалық кешен, қосалқы бөлімшелер, вахталық немесе коттедж қалашығы және күн электр стансасы кіреді.
Өндіріс мұнай-газ, химия және уран салаларын байланыстырады
Күкірт қышқылын өндірудің негізгі шикізаты – түйіршікті күкірт. Оны жеткізуші – «Теңізшевройл» ЖШС-нан күкірт сатып алатын Samruk-Kazyna Ondeu ЖШС. Осылайша, «СКЗ-U» өндірісі Қазақстанның мұнай-газ секторын химия және уран өнеркәсібімен байланыстыратын кең өндірістік тізбектің бір бөлігіне айналды.
Өндіріс қарапайым күкіртті өңдеуге негізделген. Алдымен түйіршікті күкірт дайындалып, балқытылады. Содан кейін оны жағу процесіне жіберіледі. Күкірт ауаның оттегімен әрекеттескен кезде күкірт диоксиді – SO₂ түзіледі. Одан кейін газ каталитикалық тотығу кезеңінен өтіп, күкірт триоксиді – SO₃ пайда болады. Соңғы кезеңде SO₃ абсорбциялық жүйеде күкірт қышқылымен сіңіріліп, қажетті концентрациядағы дайын күкірт қышқылы алынады.
Бұл технологиялық процесс көп мөлшерде жылу бөледі. Алайда өндіріс барысында пайда болатын жылу босқа кетпейді. Ол кәсіпорынның энергетикалық кешенінде бу мен электр энергиясын өндіру үшін қайта пайдаланылады. Мұндай тәсіл шикізат пен энергияны тиімді пайдалануға және өндірістік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
«СКЗ-U»-да қолданылатын технология үздіксіз, аз қалдықты әрі энергия үнемдеуші сипатқа ие. Соның нәтижесінде шикізаттың мақсатты өнімге айналу көрсеткіші 99,7 пайызға жетеді. Өндірістің үздіксіз сипаты технологиялық процестің жоғары қарқындылығын қамтамасыз етуге, шикізат пен энергияны ұтымды пайдалануға, жылу шығынын азайтуға және өндірісті автоматтандырудың жоғары деңгейін сақтауға мүмкіндік береді.
Өндіріс пен энергетика қатар дамып келеді
Энергетикалық компонент – «СКЗ-U»-дың тағы бір ерекшелігі. 2013 жылы кәсіпорынның энергетикалық кешені өз қажеттіліктері үшін электр энергиясын өндіре бастады. Ал 2014 жылдан бастап электр энергиясының бір бөлігі сыртқы желілерге сатыла бастады.
Сол жылы қуаты 418 кВт/сағ күн электр стансасы да іске қосылды. Бұл жоба Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі іс-шаралар аясында жүзеге асырылды. Осылайша, «СКЗ-U» тек күкірт қышқылын өндіретін кәсіпорын ғана емес, мұнда химиялық технология энергетикалық тиімділікпен ұштасқан кешенді өндірістік модель қалыптасты.
Күкірт қышқылын өндіру кезінде алынатын жылу энергиясының едәуір бөлігі бу мен электр энергиясын өндіруге жұмсалады. Бұл ресурстарды ұтымды пайдалануға және жалпы өндіріс процесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Бүгінде «СКЗ-U» алдында өндірістің сенімділігін сақтау, өнімнің тұрақты көлемі мен жоғары сапасын қамтамасыз ету, технологиялық процестердің тиімділігін арттыру және өнеркәсіптік, экологиялық әрі энергетикалық қауіпсіздікке тұрақты назар аудару міндеті тұр. Сондықтан кәсіпорын үшін күкірт қышқылын өндіру – ең алдымен өз өнімін уран өндірудің технологиялық процесінде пайдаланатын кәсіпорындар алдындағы жауапкершілік.
Осы уақыт ішінде «СКЗ-U» жобалық қуаты жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін өнеркәсіптік кәсіпорынға айналды. Бүгінде оның негізгі миссиясы – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның уран өндіруші кәсіпорындарының қажеттіліктерін қамтамасыз ету, сол арқылы уран саласының тұрақты дамуына және Қазақстанның өндірістік әлеуетін нығайтуға үлес қосу.
Қызметкерлердің денсаулығы – басты назарда
Кез келген өндірістің тұрақтылығы ең алдымен онда еңбек ететін адамдарға байланысты. Осыны ескерген «СКЗ-U» қызметкерлердің денсаулығын қорғау мәселесіне ерекше басымдық береді.
Кәсіпорындағы негізгі бағыттардың бірі – ауысым алдындағы автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесін енгізу. Бұл медициналық тексерулердің сапасын арттыруға, өндірістік тәуекелдерді едәуір төмендетуге, тексеру кезіндегі формальды тәсілді жоюға және адам факторының әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта ауысым алдындағы медициналық тексерулер толықтай автоматтандырылып, цифрландырылған және заманауи техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесін – АСМО/ЭСМО енгізу қызметкерлердің денсаулық жағдайын бақылаудың жеделдігі мен объективтілігін арттыруға, тексеруден өту уақытын қысқартуға, өндірістік жарақаттанудың алдын алу шараларын күшейтуге және өндірістік жұмысты орындауға медициналық қарсы көрсетілімді уақытылы анықтауға мүмкіндік берді.
АСМО нәтижелері автоматты түрде eKAP ақпараттық жүйесінде көрсетіледі. Бұл уәкілетті бөлімшелерге қажетті есептілік пен талдамалық деректерге жедел қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қызметкерлердің денсаулығын тәулік бойы медициналық сүйемелдеу және бақылауды қамтамасыз ету үшін медициналық персоналдың штаты күшейтілді.
Өндірістегі қауіпсіздік: жедел әрекетке дайындық
Өнеркәсіптік медицинаның маңызды бағыттарының бірі – медициналық қызметтердің шұғыл және кезек күттірмейтін көмек көрсетуге дайын болуы. Кәсіпорында төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және зардап шеккендерге білікті медициналық көмек көрсетуге қажетті жағдайдың барлығы жасалған.
Өмір мен денсаулыққа қауіп төнетін жағдайда қауіпті өндірістік объектілер қызметкерлерінің дұрыс әрекет етуіне де ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта персоналды алғашқы көмек көрсету дағдыларына жүйелі түрде оқыту ұйымдастырылған.
Кәсіпорында халықаралық бағдарламалар бойынша оқытылған ішкі тренер-нұсқаушылар дайындалған. Олардың қатарында:
BLS – америкалық жүрек қауымдастығының (AHA) базалық жүрек-өкпе реанимациясы курсы;
PHTLS – жарақат алғандарға ауруханаға дейінгі көмек көрсету бағдарламасы, халықаралық тренер мәртебесін алумен.
Бүгінде «СКЗ-U» қызметкерлерінің 100 пайызы алғашқы көмек көрсету дағдылары бойынша оқудан өткен. Оның ішінде ZOLL AED Plus автоматты сыртқы дефибрилляторын пайдалану бойынша практикалық дайындық та бар.
277 қызметкер – өндірістің негізгі күші
2026 жылғы 31 шілдедегі жағдай бойынша, «СКЗ-U» ЖШС қызметкерлерінің жалпы саны 277 адамға жетті. Оның ішінде 259 қызметкер Күкірт қышқылы зауытында еңбек етеді. Қызметкерлердің 83 пайыздан астамы Жаңақорған ауданы мен Қызылорда облысының басқа аудандарында тұрады. Қалған қызметкерлер Алматы қаласы мен Алматы облысында, Түркістан, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Шымкент пен Астана қалаларында тұрады.
Бұл көрсеткіш кәсіпорынның жергілікті еңбек нарығындағы маңызын да аңғартады. Өндірістің тұрақты жұмыс істеуімен қатар, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту және олардың кәсіби әлеуетін дамыту да маңызды бағыттардың бірі.
Әлеуметтік кепілдік – еңбек адамына қолдау
2024 жылдың басынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін және 55 жасқа толған қызметкерлерге арналған арнайы әлеуметтік төлемдер тетігі енгізілді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, арнайы әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге байланысты еңбек шарты бұзылған кезде қызметкерге жұмыс беруші есебінен – бір күнкөріс минимумы, сақтандыру ұйымы есебінен – бір күнкөріс минимумы және мемлекеттен арнайы кәсіби төлем ретінде екі күнкөріс минимумы төленеді. Төлем мөлшері тиісті есептік жылға белгіленген күнкөріс минимумы көлеміне қарай анықталады.
Қазіргі уақытта «СКЗ-U» ЖШС-да арнайы әлеуметтік төлемдерді бес қызметкер алып отыр. Бұдан бөлек, ұжымдық шартта қызметкерлерге еңбекақы төлеу кепілдіктері, сауықтыру іс-шаралары, демалысты ұйымдастыру және басқа да әлеуметтік қолдау шараларын қамтитын әлеуметтік кепілдіктер мен өтемақылардың кең ауқымы қарастырылған.
Денсаулық сақтау саласын кешенді қолдау
Әр жұмысшының денсаулығын сақтау, кәсіптік аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында кәсіпорында бірқатар сауықтыру шаралары кешенді түрде жүзеге асырылады.
Олардың қатарында қызметкерлердің денсаулығын нығайту, кәсіптік аурулардың алдын алу және еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіру үшін санаторий-курорттық емдеуді ұйымдастыру бар.
Сонымен бірге «СКЗ-U» вахталық кентінің аумағында дене шынықтырумен айналысуға қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген заманауи спортзалы жұмыс істейді. Кәсіпорында корпоративтік турнирлер, спорттық жарыстар, денсаулық марафондары, сондай-ақ аурулардың алдын алу, салауатты өмір салты және алғашқы көмек көрсету мәселелеріне арналған дәрістер мен семинарлар тұрақты өткізіліп тұрады.
Қызметкерлердің денсаулығын қорғауға бағытталған бұл кешенді тәсіл өндірістік тәуекелдерді төмендетуге, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға, персоналдың еңбекке қабілеттілігін сақтауға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Білікті маман – тұрақты өндірістің негізі
Заманауи өндіріс үшін технологиямен қатар, білікті маман да қажет. Сондықтан «СКЗ-U» қызметкерлердің кәсіби құзыреттерін дамытуға ерекше көңіл бөліп, кәсіпорын қаражаты есебінен олардың біліктілігін жүйелі түрде арттыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша «Батыс Мыңқұдық» кенішінің 242-ден астам қызметкері әртүрлі бағыттар бойынша оқудан өтті. Оқу бағдарламалары еңбек қауіпсіздігі және өнеркәсіптік қауіпсіздік, үнемді өндіріс, қаржылық сауаттылық, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын қолдану бағыттарын қамтыды.
Сонымен қатар «СКЗ-U»-да үнемді өндіріс қағидаттарын енгізу бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама қызметкерлерді өндірістік тиімділікті арттырудың заманауи құралдары мен әдістеріне оқытуды, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компаниялар тобы кәсіпорындары арасында үздік тәжірибелермен алмасуды және үздіксіз жетілдіру мәдениетін дамытуды көздейді.
Бағдарламаны іске асыру өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға, қызметкерлердің кәсіби құзыреттерін нығайтуға және өндірістік қызметті жетілдірудің бірыңғай тәсілін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Өңір тұрғындарының тұрмысын түзеген кәсіпорын
Кәсіпорынның жауапкершілігі өндіріс аумағымен ғана шектелмейді. «СКЗ-U» ЖШС өзі қызмет ететін өңірлердің әлеуметтік дамуына да үлес қосып, жергілікті тұрғындарға бағытталған бірқатар қайырымдылық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді.
Нақты атап айтсақ, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында компания тарапынан бірқатар әлеуметтік жоба іске асырылды.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай еңбек ардагерлері, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларының иегерлері, сондай-ақ көпбалалы аналар қатарындағы 16 әйелге сыйлық жиынтықтарын табыстау арқылы құттықтау ұйымдастырылды.
Наурыз мейрамын мерекелеу аясында Жаңақорған кентіндегі мерекелік іс-шараларды өткізуге демеушілік көмек көрсетілді. Ұлы Отан соғысы күніне орай компания қызмет ететін өңірдегі соғыс ардагерлеріне теңестірілген тыл ардагерлеріне, Семей полигоны, Ауған соғысы және Таулы Қарабахтағы соғыс қимылдарына қатысушылардың қатарындағы 8 адамға материалдық көмек көрсетіліп, тәтті себеттер табысталды.
Жалғасын тапқан әлеуметтік жобалар
2026 жылдың екінші жартыжылдығында да әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды жалғастыру жоспарланған. Атап айтқанда, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мүгедектігі бар балаларға көмек көрсетуге бағытталған жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысу жоспарланып отыр. Акция аясында 60 отбасына көмек көрсету көзделген.
Сонымен қатар Жаңа жыл қарсаңында зауытқа жақын орналасқан елді мекендердегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының балаларына жаңа жылдық сыйлықтар табыстау жоспарланып отыр. Соның арқасында 70 балаға көмек көрсетілмек.
«СКЗ-U» ЖШС қызмет ететін өңірлердегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайту бағытталған осындай әлеуметтік бастамалар қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің өмір сүру сапасын арттыруға, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға, адами капиталды дамытуға көмектеседі. Бұл жұмыстар кәсіпорынның корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік пен тұрақты даму қағидаттарына адалдығын көрсетеді.