«Байтақ» жасылдар партиясының жиынына қаланың 650-ге жуық мұғалім қатысты

«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері халықпен жүздесті.

Павлодарда үгіт-насихат науқаны жалғасты

«Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Айдос Иманбаевтың сенімді өкілдері Павлодарда үгіт-насихат жұмысын жалғастырды. Олар қала көшелерін аралап, тұрғындарға партияның сайлауалды платформасының негізгі басымдықтарын түсіндірді.

Үгіт-насихат материалдарын орналастыруға арналған орындарға ақпараттық парақшаларды ілді. Бұл – халық арасында кандидат пен партияның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпаратты қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

«Байтақ» партиясы сайлауалды науқан кезінде тұрғындармен бетпе-бет жүздесуді дәстүрге айналдырды. Бұл – партияның негізгі бағыттары мен бағдарламалық ұстанымын халыққа кеңінен түсіндіруге жол ашты.

Халықпен тікелей жүздесу – жергілікті проблеманы анықтауға жол ашады

Сайлауалды науқан аясында Түпқараған ауданының орталық ауруханасында кездесу өтті. Жиынға жасылдар партиясының Маңғыстау облыстық сайлауалды штабы жетекшісі Аллаберген Қонарбаев, саяси кеңес мүшесі Данияр Аралбаев және Құрылтай депутаттығына кандидат Тайр Сағымбаев қатысты.

Мамандар алдында әуелі үміткер Тайр Сағымбаев сөз сөйледі. Ол сайлауалды ұстанымдары мен алдағы мақсат-міндеттерін тізіп шықты. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру, қоршаған ортаны қорғау, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларға тоқталды.

Жиында медицина саласына қатысты түрлі түйткілдер көтерілді. Аурухана қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, ұсыныстарын ортаға салды.

Тараптар ашық диалог форматында өткен кездесудің маңызды екенін атап өтті. Партия өкілдерінің пікірінше, мұндай басқосулар халықпен тікелей байланыс орнатып қана қоймай, қоғамдағы өзекті проблемаларды анықтауға мүмкіндік береді.

Қарағандыда «Байтақ» кандидаты мұғалімдермен кездесті

«Байтақ» жасылдар партиясы атынан Құрылтай сайлауына түскен үміткер Айгүл Абдуалиева Қарағандыға жол тартты. Ол қаладағы №62 мектепке барып, педагогтермен кездесті.

«Байтақ» жасылдар партиясының жиынына қаланың 96 мектебінен 650-ге жуық мұғалім қатысты. Ұстаздар алдында кандидат жасылдар партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, мақсат-міндетін жан-жақты түсіндірді. Экология, халық денсаулығы, экологиялық білім беру, тұрақты даму мәселелеріне тоқталған ол бұл істе мектептегі тәрбиенің берері зор деді.

Педагогтер де тартынып қалмады. Өздерін толғандырған түрлі түйткілді ортаға салды. Диалог форматында өткен шарада партия өкілдері мен мұғалімдер маңызды мәселелер бойынша ой бөлісіп, пікір алмасты.

Айгүл Абдуалиева мұндай кездесулердің маңызын атап өтіп, қоғамның әр саласы өкілдерінің ұсыныстары партияның алдағы жұмысына серпін береді деді.