Солтүстік Қазақстан облысында Құрылтай депутаттығына кандидаттар педагогтермен, өнеркәсіп саласының жұмысшыларымен, спортшылармен, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен және аграрлық сектордың мамандарымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Штаб өкілдері партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған 7 стратегиялық мақсат пен ел дамуының 10 негізгі басымдығын таныстырды.
Бағдарлама Оқушылар сарайындағы «Digital Urpaq» алаңында педагогтермен кездесуден басталды. Оның барысында кадр даярлау, білім беру ісін цифрландыру және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсету сынды негізгі тақырыптар көтерілді.
Құрылтай депутаттығына кандидат Шолпан Каринова партияның сайлауалды бағдарламасы аясында 2031 жылға дейін елімізде кемі 300 мың жаңа оқушы орнын ашу және балабақшаларда 79 мың жаңа орын құру жоспарланып отырғанын атап өтті.
«Әділет» партиясы білім беру жүйесінің барлық деңгейінде академиялық адалдық қағидатын енгізуді қолдайды. Біз ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттырып, инженерлік, IT және гуманитарлық бағыттағы мектептерді дамытамыз. Бала құқығын қорғау және инклюзивті білім беруді дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда тек инфрақұрылым ғана емес, педагог кадрларды даярлау, отбасыларды сүйемелдеу және одан әрі кәсіби білім алу мүмкіндіктерін кеңейту маңызды», – деді Шолпан Каринова.
Кадр даярлау мәселесі «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ ұжымымен өткен кездесуде де жалғасты. Онда өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және кәсіпорындардың қажеттілігін ескере отырып маман даярлау мәселелері сөз болды.
Кандидат Ерлан Саировтың айтуынша, партия студенттердің практикалық даярлығын тікелей өндіріс орындарында кеңейтуді ұсынып отыр. Бағдарламаның негізгі бағдарларының бірі – 2031 жылға қарай студенттердің кемінде 45 пайызы колледждерде ғана емес, кәсіпорындар базасында да білім алатын жағдай жасау.
Кандидаттардың өңірдегі сапары Үстел теннисі орталығында жалғасты. Мұнда спортшылар қауымымен кездесу өтті. Құрылтай депутаттығына кандидат Гүлісхан Нахбаева партия бағдарламасында қолжетімді спорт инфрақұрылымын дамыту және «Саламатты шаңырақ» ұлттық науқаны арқылы тұрақты дене шынықтырумен айналысуға жағдай жасау көзделгенін атап өтті. Мақсат – 2029 жылға қарай спортпен тұрақты айналысуды қазақстандықтардың тең жартысының өмір салтына айналдыру.
Сәбит Мұқанов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен өткен кездесуде мәдени бастамалар мен қоғамдық диалогты дамыту мәселелері талқыланды. Бұл бағытта партия бағдарламасы өңірлерде жастарға арналған жаңа кеңістіктер, соның ішінде коворкингтер, жасөспірімдер клубтары мен комьюнити-орталықтар құруды көздейді.
Бағдарлама аясын кандидаттар аграрлық сектордың өкілдерімен кездесті. Шаруалар қаржыландыру ісін қолжетімді ету, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, қайта өңдеу саласын дамыту және кадр тапшылығы мәселелерін көтерді.
Құрылтай депутаттығына кандидаттар Константин Петров пен Геннадий Зенченко партия бағдарламасында дуалды білім беру ісін дамыту және жаңа агротехнологияларға оқыту арқылы ауылға заманауи кадр даярлау, медициналық көмектің, оның ішінде телемедицинаның қолжетімділігін кеңейту, сондай-ақ атаулы әлеуметтік қолдау көрсету және еңбек етуге лайықты жағдай жасау көзделгенін атап өтті. 2030 жылға қарай АӨК өнімдерінің экспортын 3,5 есеге арттырып, қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
«Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін жай ғана өндіру емес, оны ел ішінде қайта өңдеп, қосылған құны жоғары өнім жасау маңызды. Бұл – жаңа кәсіпорындар, жұмыс орындары және ауыл тұрғындарының табысы. Алайда кадр болмаса, агроөнеркәсіп кешені одан әрі дамымайды. Сондықтан жас мамандар ауылда жұмыс істеу мен өмір сүрудің болашағын көре алатындай жағдай жасауды ұсынамыз», – деді Геннадий Зенченко.
Солтүстік Қазақстан облысы – «Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы барған 18-ші өңір. Осы күні кандидаттар облыс аумағындағы Қызылжар, Мамлют, Шал ақын және Мағжан Жұмабаев аудандарында да бірқатар кездесу өткізді. Ал бір күн бұрын Петропавл қаласында 30 мыңнан астам қала тұрғыны қатысқан Open Air іс-шарасы ұйымдастырылды.