Елена Рыбакина WTA чемпиондық жарысында көш бастады

Канададағы жарыста қазақстандық теннисші финалға дейін жетіп, чемпиондық жарыста бірден екі сатыға жоғарылады.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Торонтода өткен WTA 1000 санатындағы турнирдің қорытындысы бойынша WTA чемпиондық жарысында қайтадан бірінші орынға көтерілді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Канададағы жарыста қазақстандық теннисші финалға дейін жетіп, чемпиондық жарыста бірден екі сатыға жоғарылады. Қазіргі таңда Рыбакинаның еншісінде 5277 ұпай бар.

Екінші орында 5065 ұпай жинаған Беларусь өкілі Арина Соболенко тұр. Бұған дейін чемпиондық жарыста көш бастаған ресейлік Мирра Андреева 5064 ұпаймен үшінші орынға жайғасты.

Торонтодағы турнирдің чемпионы атанған польшалық Ига Швёнтек екі сатыға көтеріліп, 2954 ұпаймен оныншы орынға шықты. Қазақстанның тағы бір өкілі Юлия Путинцева бір саты төмендеп, WTA чемпиондық жарысында 760 ұпаймен 57-орынға орналасты.

Теннис федерациясы мәліметінше,  WTA чемпиондық жарысында теннисшілердің ағымдағы маусымдағы нәтижелері есепке алынады. Оның қорытындысы бойынша WTA Итогтық турниріне қатысатын теннисшілер анықталады

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.