Бес білім ордасы жүз үздікке қосылды

Жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын тамыз конференциясы биыл Алматы облысында «Конституциялық құндылықтар: кәсібилік, сапа, нәтиже» тақырыбына арналды. Жиында білім беру саласында өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар сараланып, жаңа оқу жылындағы басым бағыттар айқындалды.

Конференцияға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Оқу-ағарту министр­лі­гі­нің Инвестициялық саясат және инф­ра­құрылымды дамыту департаментінің ди­ректоры Айқожа Әбсадықов, Мем­ле­кет­тік қызмет істері агенттігінің өкіл­де­рі, ардагер ұстаздар, білім беру ұйым­да­ры­­ның басшылары, жоғары оқу орын­да­рының ректорлары, аудан-қала әкім­дері, құқық қорғау органдарының өкіл­­­де­рі және педагогтер қатысты.

Конференция барысында білім сапасы мен педагогтердің кә­сі­би біліктілігін арттыру, инфрақұры­лым­ды дамыту, оқушы орындарының тап­шы­лығын азайту, цифрландыру және тәр­бие жұмысы сияқты маңызды мә­се­лелер талқыланды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұл­танғазиев өңірде білім беру саласын дамытудың үш негізгі бағыты бар екенін айт­ты. Біріншіден, жаңа конс­титу­ция­лық талаптарға сай үш ауысымды мек­теп­терді жою, заманауи мектептер салу жә­не цифрлық сауаттылықты дамыту. Екін­ші бағыт – өскелең ұрпақтың құ­қық­тық сауаттылығын көтеріп, жауапты аза­маттық ұстанымын қалыптастыру. Үшін­ші бағыт – еңбек нарығына қажет­ті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.

Сондай-ақ Марат Елеусізұлы білім са­ласына көрсетіліп отырған мем­ле­кет­тік қолдау жылдан-жылға артып келе жат­қанын жеткізді. Мәселен, биыл об­лыс­та білім саласын қаржыландыру 458,2 млрд теңгеге жетті. Оқушылар са­­­нының жыл сайын 7-10 мыңға ар­туы­на байланысты педагогтерге де сұраныс өсіп отыр. Осы­ған байланысты жалақы қо­рына жыл сай­ын қосымша 7 млрд тең­ге бөлінуде.

Алматы облыстық Білім басқар­ма­сы­ның басшысы Қайрат Жұмановтың ай­туынша, мектепке дейінгі білім беру бағы­­ты бойынша өткен жылғы мау­сым­нан бастап Қонаев қаласында 24 мек­теп­ке дейінгі ұйымда 2 951 орынға вау­­чер­лік қаржыландыру пилоттық жобасы іске қос­ылды. Нәтижесінде, балабақша ке­зе­гіндегі балалар саны 963-тен 470-ке дейін азайды. Сонымен қатар ата-ана­лар­ға қолдау көрсету үшін 365 кеңес беру орта­лығы жұмыс істеп, «Балақайлар мектебі» жобасы аясында 7 223 бала мек­тепке дейінгі даярлықтан өтті.

Бүгінде өңірдегі 5 мектеп Қазақстан­ның ең үздік 100 мектебінің қатарына ен­­ген. Ал дарынды балалардың 3 жыл­да­ғы жүлделі орындарға ие болудағы са­па көр­сеткіші 54 пайызға артты. 2025-2026 оқу жылында пәндік олим­пиа­да­лар­ға 541 оқу­шы қатысып, 303 жүлделі орын иеленді. Халықаралық байқау­лар­да 29 оқушы жеңімпаз атанды. Екі жыл қа­тарынан облыс түлектері ҰБТ-дан ең жо­ғары 140 балл жинады. Ал өткен оқу жы­лының қорытындысы бойынша об­лыс­та ­білім сапасы 68,9 пайыздан 69,5 пайызға өсті.

Өңірде 34 767 педагог жұмыс іс­тей­д­і. Оның ішінде біліктілік са­наты бар педагогтердің үлесі – 74,8%. Ал жаңа форматтағы біліктілік санатына ие мұғалімдер саны биыл 28,2%-ды құ­рап 7,1%-ға өскен.

Білім ошақтарында «Таза Қазақстан» тұ­жырымдамасы аясындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Биыл 350 мың оқу­шының қатысуымен «Болашақты бір­ге отырғызайық» акциясы, мектеп тү­лектері мен танымал тұлғалардың қа­тысуымен «Бүгінгі күн – ертеңгінің өр­кені» және «Жайна, туған өлкем!» чел­лендждері ұйымдастырылған.

Биыл өңірде еңбек нарығына қа­жет­ті жаңа мамандықтарды ашуға 500 млн теңге бөлінді. Колледждердің материал­дық-техникалық базасы да жаңартылу­да. Студенттер түрлі сайыстарда топ жа­рып, үздік нәтиже көрсетуде. Мыса­лы, WorldSkills Kazakhstan республи­ка­лық чемпионатында облысымыздың 12 студенті жүлделі орындарға ие болған. Кол­ледждердің Қытай, Оңтүстік Корея, Фран­ция, Түркия және басқа да мем­ле­кеттердің білім беру ұйымдарымен ха­лық­аралық байланыс орнатуы сту­дент­тер мен педагогтердің тәжірибе алма­суы­на жаңа мүмкіндік беріп отыр.

Облыста жастардың білімін же­тіл­діру – маңызды бағыттың бірі. Соңғы тө­рт жылда жергілікті бюджет есебінен 239 грант бөлінді. Биыл тағы 35 грант қа­растырылған. Сонымен қатар ҚХР ұсын­ған білім гранттары арқылы 2024 жыл­дан бері 65 түлек Қытайда оқып ж­атыр.

Конференцияда баланың қауіп­сіз­дігі мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Талғар ауданы прокуратурасы­ның аға прокуроры Диас Сұлтанның мә­лімдеуінше, Талғар ауданында кә­ме­летке толмағандар арасындағы құқық­бұзу­шылықтың алдын алу және жасөс­пірім­дердің құқықтық сауаттылығын арт­тыру мақсатында «Заң мен тәртіп» аза­маттық тәлімгерлік пилоттық жо­басы іске асырылған.

«Жобаға 10 мектеп пен 3 колледж қа­тысып, прокуратура, полиция және ад­во­катура органдарының 13 ардагері тәлімгер ретінде тартылды. Олар 7-10 сынып оқу­шы­лары мен колледж сту­дент­терімен құ­қықтық тақырыптарда пі­кірталас, тренинг және профилак­ти­ка­лық кездесу­лер өткізді. Нәтижесінде, оқу­шылардың құқықтық білімді мең­геру деңгейі 90 пайыз­дан асты», – деді аға прокурор.

Биыл бұл бастамаға тағы 35 ұйым қо­сылмақ. Жоба сондай-ақ бул­линг пен кибербуллингтің, зорлық-зом­бы­лықтың және басқа да келеңсіз жағ­дай­лардың алдын алуға бағытталған. Осы­ған байла­нысты Марат Елеусізұлы бі­лім, полиция және денсаулық сақтау са­ла­лары бірігіп әрекет ету керегін ай­тып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Цифрландыру тақырыбы да күн тәр­тібінен тыс қалған жоқ. Білім сала­сын­да­ғы қаржының ашық әрі тиімді жұм­салуын қамтамасыз ету мақсатында «Есеп» бірыңғай ақпараттық жүйесін ен­гізу көзделіп отыр.

Жиын барысында Айқожа Әбса­ды­қов еліміздегі білім саласын­да енгізілген өз­герістер жайлы баяндады. Айтуынша, ба­лалардың жас ерекше­ліктері ескері­ліп, оқу бағдарламалары кешенді түрде қайта қаралған. Биылғы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сынып­тарда БЖБ мен ТЖБ алынып тасталады. 5-9 сыныптарда іргелі ғылымдарды тереңдетіп оқытуға ба­сымдық беріліп, 8-9 сыныптарға «Қа­зақстан география­сы» пәнін аптасына 2 сағат көлемінде енгізу қарастырылуда.

Жиын соңында өткен оқу жылының қо­рытындылары мен жаңа оқу жылына ар­налған міндеттер сараланып, кон­фе­рен­цияның қарары қабылданды. Сон­дай-ақ білім беру саласында еселі еңбек етіп, өз ісіне адалдығымен дараланған ұс­таздар «Еңбек ардагері», «Ы.Алтын­сарин», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілерімен және Алматы облысы әкі­мінің Құрмет грамотасымен, Алғыс­ха­тымен марапатталды.

М.ЖАЛҒАСҰЛЫ