Көкке көз тіккен күн

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Байсерке ауылында «Байсерке аспаны – 2026» авиациялық мерекесі басталды. Ашық аспан астындағы шара авиация әуесқойларын, сала мамандарын, өңір тұрғындары мен қонақтарын бір алаңға жинады.

Авиациялық мереке аясында өткен бас­пасөз мәжілісінде Қазақстандағы ша­ғын авиацияны дамыту, жастарды тех­ни­калық мамандықтарға тар­ту, авиациялық мә­дениетті қалыптастыру және Алматы об­лысының туристік әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.

Жиынға «СП «Бәйтерек» АҚ басқарма тө­р-а­ғасы, Қазақстанның Халық қаһар­ма­ны, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов, «Отан» аэроклубы қоғамдық бірлестігінің бас­шысы Юрий Ельцов, «Тянь-Шань» авиациялық ұшу орталығының бас ди­рек­торы Владимир Анцупов және Қа­зақ­стан­дық шағын авиация қауымдастығының прези­денті Өмірбек Кеңесбаев қатысты.

Баспасөз мәжілісінде мамандар авиа­ция­ны тек кәсіби саламен шектеп қарауға бол­майтынын атап өтті. Олардың пікірін­ше, авиация – жас­тар­дың техника мен ин­женерияға қызығушылығын арттырып, бо­лашақ мамандығын таңдауға ықпал ете­тін маңызды бағыттың бірі.

Осы орайда көпшілікке арналған авиа­циялық ша­ралардың рөліне ерекше на­зар аударылды. Мұн­дай алаңдар тұр­ғын­дарға авиацияның мүм­кіндіктерін жа­қыннан танып қана қоймай, осы салада еңбек ететін мамандармен тікелей жүз­десу­ге мүмкіндік береді.

Сала өкілдері әсіресе балалар мен жа­сөс­пірім­дердің ұшқыш, инженер, техник се­кілді ма­мандықтарға қызығушылығын арт­тыру маңыз­ды екенін айтты. Авиа­ция­лық техниканы өз көзімен көру, кәсіби ма­мандармен сөйлесу жә­не әуе кеме­лері­нің жұмысымен танысу жас­тардың бо­ла­шақ кәсіби бағдарын айқындауына ықпал етуі мүмкін.

Сонымен қатар жиында шағын авиа­ция­ны дамыту мәселесі көтерілді. Маман­дар бұл ба­ғыт­ты ілгерілету үшін инф­ра­құры­лыммен қатар қо­ғам­да авиациялық мә­дениетті қалыптастыру, әуе кеңістігінің мүм­кіндіктері туралы ақпаратты кеңінен та­рату және бұқаралық іс-шараларды жүйе­лі өткізу маңызды екенін атап өтті.

Баспасөз мәжілісінен кейін «Байсерке ас­па­ны – 2026» мерекесінің негізгі бағ­дар­ламасы бас­талды. Байсерке аспанында әуе кемелері қалықтап, алаңда авиациялық тех­ника көпшілік назарына ұсынылды. Түр­лі көрсетілімдер мен танымдық бағ­дар­ламалар мерекенің негізгі бөлі­гіне ай­налды.

Шараға келген қонақтар әуе техника­сын жа­қын­нан тамашалап, авиация са­ласының тыныс-тіршілігімен танысуға мүм­кіндік алды. Мамандар келушілерге әуе кемелерінің ерекшеліктері мен авиа­­ция­­лық мамандықтар туралы ақпарат бер­ді.

Мерекеге балалар мен жасөспірім­дер­дің қы­зығу­шылығы да жоғары болды. Ұйым­дас­тыру­шы­лардың айтуынша, ша­ра­ның негізгі міндетінің бірі – жас буын­ның аспан әлеміне деген қызығу­шы­лығын нақты білім мен кәсіби бағдарға ұлас­тыру.

«Байсерке аспаны – 2026» авиацияны на­си­хаттаумен қатар, Алматы облысының туристік мүм­кіндіктерін таныстыруды да көздейді. Ұйым­дастырушылар авиация мен туризмді байла­ныс­тыру арқылы өңір­ге деген қызығушылықты арт­тыруға бола­ты­нын атап өтті.

Алматы облысының табиғи ерекше­лік­тері мен ашық кеңістігі авиациялық ту­ризм бағыт­та­рын дамытуға мүмкіндік бе­ре­ді. Осы тұрғыдан алғанда, Байсер­ке­дегі мереке әуе техникасының көрсетілімі ғана емес, өңірдің туристік тартымды­лы­ғын жаңа қырынан танытатын алаң ре­тін­де де қарастырылып отыр.

Шара барысында кәсіби мамандардың тә­жіри­бесі, авиациялық техниканың көр­сетілімі мен көпшілікке арналған бағдар­ла­­­­малар өзара үй­­­­лесім тапты. Келушілер үшін бұл авиация әле­мін жақыннан та­нып, жаңа әсер алуға мүмкіндік берсе, жас­тар үшін болашақ мамандығы туралы ой­­лануға себеп болатын танымдық шара­ға ай­нал­ды.

«Байсерке аспаны – 2026» мерекесінің бас­ты идеясы да осы – авиацияны көп­ші­лікке жақын­датып, оның мүмкіндікте­рін көрсету. Өйткені бү­гін аспандағы ұшаққа қызыға қараған баланың ертең ұшқыш, авиация инженері немесе техник болуы әбден мүмкін.

Осылайша, Байсеркеде өтіп жатқан авиация­лық мереке әуе кемелерінің әсер­лі көрсетілімімен ғана шектелмей, шағын авиацияны дамыту, жас­тарды техникалық мамандықтарға бағыттау және Алматы облысының туристік әлеуетін танытуға арналған мазмұнды алаңға айналды.

Мадияр ТӨЛЕУ