Уақыт сынынан өткен университет

Осыдан отыз жыл бұрын құрылған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарихы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңімен тікелей байланысты. Ел жаңа мемлекеттік институттарын құрып, астананы дамытуға кіріскен уақытта жаңа интеллектуалдық орталық қалыптастыру міндеті де күн тәртібіне шықты.

1996 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институты мен Целиноград педагогикалық институтының негізінде құрылған университетке үлкен міндет жүктелді. Жаңа астанаға білікті мамандар қажет болды. Елге жаңа жағдайда жұмыс істей алатын кадрлар, ғалымдар мен зерттеушілер керек еді. Университет осы қажеттіліктен қалыптасты.

Содан бері Қазақстан да, оның жоғары білім беру жүйесі де айтарлықтай өзгерді. Алғашқы кезеңде басты міндет ұлттық кадрлар даярлау болса, қазір талап әлде­қайда жоғары. Университеттер халық­аралық академиялық ортада бәсекеге түседі, ғылыми зерттеулер жүргізеді, технологиялық өзгерістерге бейімделеді және еңбек нарығының жаңа сұраныс­тарына жауап береді. ЕҰУ да осы жолдан өтті.

Бүгінде университетте 30 мыңға жуық студент білім алады. Оның құрылымында 7 факультет, 3 жоғары мектеп, 3 институт, ғылыми бөлімшелер мен зертханалар жұмыс істейді. Әлемнің 25 мемлекетінен келген студенттер мен оқытушылар уни­верситеттің академиялық ортасына тартылған. ЕҰУ жүздеген шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып, бірлескен және қос дипломды бағдарла­маларды жүзеге асырып келеді.

Университеттің халықаралық пози­циясы да біртіндеп нығайды. QS World University Rankings 2025 рейтингінде ЕҰУ әлем университеттері арасында 317-орынға, QS Asia 2026 рейтингінде 61-орынға көтерілді. Бірқатар білім беру бағдар­ламалары пәндік рейтингтерге енді.

Әрине, университеттің деңгейін бір рейтингпен бағалау дұрыс болмас еді. Рейтинг белгілі бір кезеңдегі нәтижені көрсетеді. Ал университет жұмысының негізгі өлшемі оның қандай маман даярлағаны, қандай ғылыми нәтиже бергені және сол білім мен ғылымның елге қаншалықты қажет болғаны деп ойлаймын.

Отыз жыл ішінде қалыптасқан уни­верситет қауымдастығының орны ерекше. 1996 жылдан бері ЕҰУ жүз мыңға жуық маман даярлады. Бүгінде оның түлектері мемлекеттік басқару жүйесінде, ғылым мен білімде, халықаралық ұйымдарда, ұлттық компанияларда, өндіріс пен бизнесте еңбек етіп жүр.

Университеттің ғылыми әлеуеті де осы жылдары қалыптасты. Қазір мұнда ғылыми-зерттеу институттары мен ондаған зертхана жұмыс істейді. Соңғы үш жылда 887 ғылыми жоба мен грант жүзеге асыры­лып, Scopus және Web of Science база­ларында 2461 ғылыми мақала жарияланды. Жыл сайын мыңнан астам студент ғылыми жобаларға қатысады.

Бірақ бүгін университет алдында бұдан да күрделі кезең тұр.

Соңғы бірнеше жылда жоғары білімнің мазмұны өте жылдам өзгеріп келеді. Жас­анды интеллект, үлкен деректер, биотехнология, цифрлық технологиялар, жаңа инженерлік шешімдер еңбек нары­ғына тікелей әсер ете бастады. Кейбір мамандықтардың мазмұны өзгеруде, жаңа кәсіптер пайда болуда. Мұндай жағдайда бес немесе он жыл бұрын тиімді болған білім беру бағдарламасы бүгінгі сұранысқа толық сәйкес келмеуі мүмкін.

Сондықтан университеттің міндеті студентке белгілі бір көлемде білім берумен шектелмейді. Біз адамның ойлау, талдау, жаңа ақпаратпен жұмыс істеу, шешім қабылдау және үнемі білімін жаңартып отыру қабілетін қалыптастыруымыз керек.

Бұл жоғары білім сапасына деген көзқарасты да өзгертеді.

Бұрын сапа көбіне оқу бағдарла­ма­сының мазмұны, оқытушының біліктілігі немесе материалдық база арқылы баға­ланса, қазір студенттің университетті аяқтағаннан кейінгі мүмкіндігіне көбірек назар аударылады. Ол алған білімін пайда­лана ала ма? Өзгеріп жатқан еңбек нарығына бейімделе ме? Жаңа техноло­гиялармен жұмыс істей ала ма? Зерттеу жүргізуге, жаңа идея ұсынуға қабілетті ме?

Соңғы жылдары ЕҰУ-дағы білім беру бағдарламаларын жаңарту кезінде осы мәселелерге басымдық беріліп келеді. Академиялық саясат пен білім сапасын бағалау тәсілдері қайта қаралды. Ақпа­раттық технологиялар саласында жасанды интеллект, криптология, заттар интернеті және киберфизикалық жүйелер бағыттары дамуда. Инженерлік бағдарламаларда ғарыш техникасы, ұшқышсыз жүйелер, энергия тиімділігі мен цифрлық жобалауға назар аударылуда. Биотехнология, эколо­гиялық қауіпсіздік және педагоги­калық инновациялар бойынша да жаңа бағыттар қалыптасып келеді.

Мұнда тағы бір маңызды мәселе бар. Университет ғылымы университеттің өз ішінде қалып қоймауы керек.

Ғылыми зерттеудің нәтижесі эконо­микаға, өндіріске, мемлекеттік басқаруға немесе қоғамның нақты мәселелерін шешуге қызмет еткен кезде оның құнды­лығы артады. Сондықтан алдағы кезеңде ғылым мен нақты сектор арасындағы байланысты күшейту біз үшін негізгі міндеттердің бірі болады.

Қазір ЕҰУ құрылымында иннова­циялық өнім шығаратын 10 шағын өндіріс жұмыс істейді. 2025 жылы университеттің төрт стратегиялық нысаны индустрия­ландыру картасына енгізілді. Студенттік стартаптар да дамып келеді. Бұл жұмысты енді жекелеген жобалар деңгейінде қалдырмай, университеттің ғылыми және инновациялық саясатының тұрақты бөлігіне айналдыру қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылым мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Мемлекет басшысы зерттеу университеттерін дамыту, ғылымды өндіріспен байланыстыру, жас ғалымдарды қолдау және адами капиталдың сапасын арттыру жөнінде нақты міндеттер қойды.

Бұл міндеттердің орындалуы жетекші ұлттық университеттердің жұмысына тікел­ей байланысты.

Ол үшін білім беру бағдарламалары еңбек нарығындағы өзгерістерден кейін емес, сол өзгерістермен қатар жаңарып отыруы керек. Ғылыми зерттеулердің нәтижесі нақты экономикаға көбірек енгізілуі қажет. Халықаралық әріптестік университеттің академиялық және ғылыми мүмкіндіктерін кеңейтуге қызмет етуге тиіс. Ең бастысы, университет студент үшін білім алатын орын ғана емес, оның кәсіби және тұлғалық тұрғыдан қалып­тасатын ортасы болуы керек.

Отыз жыл бұрын ЕҰУ жаңа астананың интеллектуалдық орталықтарының бірі ретінде құрылды. Бүгінде Астана үлкен саяси, экономикалық және білім беру орталығына айналды. Университет те осы өзгерістермен бірге өсті.

Алдағы кезеңдегі міндет те түсінікті. ЕҰУ Қазақстанға қажет мамандарды даяр­лайтын, бәсекеге қабілетті ғылыми нәтижелер шығаратын және елдің интел­лектуалдық дамуына нақты үлес қосатын зерттеу университеті ретінде даму­ын жалғастыруы керек.

Индира РЫСТИНА,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық 

университетінің Басқарма мүшесі – 

сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау 

жөніндегі проректоры