Күміс Сейітова: «Адамның тәрбиесі оның сөзінен көрінеді»

Күміс Сейітова бұл туралы өзінің жазбасында атап өтті.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова қоғамдағы сөйлеу мәдениеті мен сөз әдебінің маңызына тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол дөрекі және балағат сөздердің күнделікті қарым-қатынасқа еніп бара жатқанына алаңдап, қоғам мәдениеті әр адамның сөзінен басталатынын айтты.

Күміс Сейітова бұл туралы өзінің жазбасында атап өтті.

«Көп жағдайларда біз туған-туысқан, көрші-қолаң, дос-жаран және бөгде кісілермен сөйлескенде қандай сөздерді қолданамыз, осының бәрі біздің қандай адам екенімізді көрсетеді», – деп жазды ол.

Оның айтуынша, қазақ халқы сөйлеу әдебіне ежелден ерекше мән берген. Бұл тек сыпайы сөз қолданумен шектелмейді. Оның негізінде үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, адамның көңіліне тимей және ренжітпей сөйлей білу сияқты құндылықтар жатыр.

«Ата-бабаларымыз «Тіл – жүректің айнасы» деп бекер айтпаған. Себебі адамның қалай сөйлейтініне қарап, оның тәрбиесін, адамдарға деген құрметін және мәдениетін түсінуге болады», – деді Күміс Сейітова.

Ол қазіргі қоғамда қоғамдық орындарда, көлікте, әлеуметтік желілерде және күнделікті әңгімелерде дөрекі әрі балағат сөздердің жиі қолданылатынын атап өтті.

«Кез келген дөрекі сөздің артында ең алдымен құрметсіздік тұрады. Бұл – сөйлесіп тұрған және айналадағы адамдарға, тіпті балаға дейін және ең соңында адамның өзіне деген құрметсіздікті көрсетеді», – деп жазды ол.

Күміс Сейітова қоғамдағы тәртіп пен әдеп мәселесіне тоқтала келе, мемлекетті ең алдымен оның азаматтары қалыптастыратынын атап өтті. Оның пікірінше, әр адамның сөзі, ісі және қоғамдағы қарым-қатынасы елдегі жалпы мәдениеттің қалыптасуына әсер етеді.

Сондай-ақ ол заңға негізделген және әділ мемлекет құру қағидалары күнделікті өмірде де көрініс табуы керек екенін айтты.

«Адамға деген құрмет тек ресми құжаттарда ғана емес, көшеде, көлікте, үйде сөйлескен кезде де көрінуі керек. Демек, қоғамның мәдениеті біздің өзімізден басталады», – деді Күміс Сейітова.

Оның пайымынша, адамдардың бір-бірімен қалай сөйлесетіні мен қаншалықты құрметпен қарым-қатынас жасайтыны – қоғам мәдениетінің айнасы.