Петропавлда энергетика саласының болашағы талқыланды

Бұл – электротехника саласындағы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен өндірістік әлеуетін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын кәсіпорындардың бірі.

Respublica партиясының сайлауалды штабы Alageum Electric құрамындағы «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС-не барды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кездесуде Respublica партиясының мүшелері, Құрылтай депутаттығына кандидаттар Айдана Тоғызбаева, Нұргүл Тау, Олжас Құспеков және басқа да штаб мүшелері сөз сөйледі.

14 жылдық өндірістік тәжірибесі бар кандидат Бекжан Айтқұлов саладағы негізгі мәселелерді атап өтті.

Оның айтуынша, өндіріс орындары тұрақсыз баға, кадр тапшылығы және өнімді өткізу қиындығына тап болып отыр.

«Біз шикізатты емес, дайын өнімді экспорттауға тиіспіз. Экономиканың тұрақтылығы – зауыттар, мектептер, ауруханалар мен қарапайым отбасылар үшін алдын ала болжам жасай алатын тұрақты жүйеден басталады», – деді Respublica партиясының өкілі Бекжан Айтқұлов.

Олжас Құспеков отандық өндірушілер үшін әділ бәсекелестіктің маңызына тоқталды.

«Импорттық тауардың отандық өнім ретінде көрсетіліп, мемлекеттік тапсырысқа ие болуына қарсымыз. Біз белгілі бір бизнестің мүддесін қорғауды көздемейміз. Біздің мақсатымыз – табысына қарамастан әрбір қазақстандыққа тең мүмкіндік беру. Қарапайым отбасынан шыққан ұл-қыздар өз қабілетін жүзеге асырып, өмірден өз орнын тауып, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек», – деді Respublica партиясының мүшесі.

Respublica өкілдері энергетика саласының тұрақты дамуы әділ бәсекелестікке, отандық өндірісті қолдауға және ұзақмерзімді әрі түсінікті экономикалық саясатқа тікелей байланысты екенін атап өтті.