Бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Ерғазы Қожақов пен партия белсенділері Отбасы орталығының ұжымымен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кездесу барысында халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру, отбасылардың әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның әлеуметтік бағыттарына тоқталып, отбасы институтын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бастамаларды таныстырды.
«Біз үшін халықпен тікелей сөйлесу, азаматтардың ұсыныстары мен мәселелерін тыңдау – сайлауалды жұмыстың маңызды бөлігі. Отбасы – қоғамның негізгі тірегі. Сондықтан отбасыларды қолдау, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және әр азаматқа лайықты өмір сүруге мүмкіндік жасау мәселелері біздің бағдарламамыздың маңызды бағыттарының бірі», – деді ЖСДП өкілдері.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Отбасы орталығының ұжымы әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, отбасы саясаты және азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауға қатысты өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Партия өкілдері көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасып, оларды шешудің ықтимал жолдарын талқылады.
«Сайлауалды үгіт-насихат барысында халықпен тікелей кездесіп, «Прогресс жолындағы 20 белес» бағдарламамыздың негізгі бағыттарын таныстырып келеміз. Бүгінгі кездесуде отбасы институтын қолдау мен азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды», – деді ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Ерғазы Қожақов.
Партия үшін халықпен ашық әрі сындарлы диалог орнату, азаматтардың пікірін ескеру және қоғамдағы өзекті мәселелердің тиімді шешімдерін бірлесіп іздеу – басты қағидаттардың бірі. Отбасы орталығының ұжымымен өткен кездесу осы ұстанымның нақты көрінісіне айналды. Партия өкілдері алдағы уақытта да тұрғындармен және қоғамдық ұйымдармен тікелей байланыс орнатып, әлеуметтік саясатты жетілдіру, отбасы институтын нығайту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстарды бірлесіп талқылауды жалғастыратынын жеткізді.