«Брайль қарпімен дауыс береді»: сайлау учаскелерінде арнайы трафарет пайда болады

Мүгедектігі бар адамдардың өз бетінше дауыс беру мүмкіндігі болуы тиіс.

Осы мақсатта Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге арналған бюллетеньге арнайы Брайль қарпі бар трафареттер әзірлейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бүгін ОСК отырысында аталған трафаретті көрсетіп, оның сайлау күні еліміздің барлық сайлау учаскесінде қолжетімді болатыны атап өтілді.

«Трафареттің мазмұны дауыс беруге арналған бюллетеньге толығымен сәйкес келеді және екі тілде әзірленген. Брайль қарпінің бедерлі-нүктелі таңбалары кәдімгі баспа мәтінімен салыстырғанда көбірек орын алатынын ескерсек, трафарет екі жақты етіп жасалған. Алдыңғы жағында бюллетеньнің атауы туралы ақпарат, ал артқы жағында сайлауға қатысатын саяси партиялардың атаулары және «Бәріне қарсымын» жолы жазылған. «Трафаретті әзірлеу және дайындау барысында бюллетеньге сәйкестік талаптары, сондай-ақ мамандар мен Брайль қарпін пайдаланушылардың практикалық ұсынымдары ескерілді»,  деп атап өтті ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік.

Айта кетейік, Брайль қарпі бар мұндай трафарет  мүгедектігі бар адамдарға қажетті ақпаратпен танысып, өз бетінше дауыс беруге мүмкіндік беретін жалғыз тәсіл емес. Әрбір сайлау учаскесінде арнайы бұрыштар ұйымдастырылған. Онда диагоналі кемінде 54 сантиметр болатын мониторы бар компьютер қарастырылған. Компьютерде партиялық тізімдерін ұсынған жеті саяси партия туралы Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мәліметтердің стандартты жиынтығына сәйкес бірыңғай форматта аудиоақпарат, сондай-ақ басқа да аудио- және бейнематериалдар орналастырылған. Арнайы бұрышта құлаққаптар, қосымша жарықтандыру құралдары және үлкейткіш лупа да қарастырылған.