Әкесі қуғындалған, өзі балалар үйінде өскен: Қазақ операсының жұлдызы Роза Жаманованың белгісіз тағдыры

Бибігүл Төлегенова ерекше бағалаған Роза Жаманованың біз біле бермейтін өмірі

Қазақтың ән өнері дәстүрлі орындаушылықтан бастау алып, ХХ ғасырда кәсіби музыкалық театрмен жаңа арнада дамыды. 1930 жылдардан бастап ұлттық опера қалыптасып, халық әндері мен дәстүрлі музыкалық мұра сахналық жанрдың мүмкіндіктерімен ұштаса бастады. «Қыз Жібек», «Абай», «Біржан – Сара» секілді опералардың дүниеге келуімен бірге кәсіби вокалдық орындаушылық мектебі де қалыптасты. Күләш Байсейітова бастаған осы мектептің кейінгі буынында қазақ және әлемдік опера репертуарын қатар алып жүрген әншілердің бірі – Роза Жаманова болды.

Балалар үйінен Алматыға дейін

Роза Жаманова 1928 жылы 16 сәуірде Ақтөбеде дүниеге келген. Оның балалық шағы туралы деректерде ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленгені көрсетіледі. Жаманованың өзі бір сұхбатында әкесінің Орал өңірінен, анасының Тайпақтан болғанын айтып, «Балалар үйінде өстім» деп еске алған. Туысы Жантемір Тасқалиевтің естелігі бойынша, әкесі Үмбет Жаманов кеңестік қуғын-сүргінге ұшырап, айдалып кеткеннен кейін қайтыс болған. Роза балалар үйіне, оның Болат есімді бауыры басқа балалар үйіне жіберілген. Уақыт өте музыкалық білім ала бастайды. Алғашында гобой аспабын меңгерген, кейін вокалға ден қойған. Орал музыкалық училищесінде оның дауыс мүмкіндігін сольфеджио пәнінің оқытушысы А.Муравьева байқап, кейін Н.Дмитриева-Лещенко мен Б.Горскийден вокалдық дайындықтан өткен. 

Роза Жаманова Оралдағы музыкалық училищеден кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда жеке ән салу мамандығы бойынша білім алды. Оның вокалдағы негізгі ұстазы профессор Александр Курганов болған. Р. Жаманова консерваторияда Ахмет Жұбановтың дәрістеріне де қатысқан. Кейін ол Жұбанов туралы естелігінде өзін «Ахмет ағаның студенті» деп атап, оның дәрістерін ерекше ықыласпен тыңдағандарын айтқан. Консерваторияны 1950 жылдар ортасында тәмамдап, үлкен сахнаға жолы ашылады.

Дирижер Исидор Зактың кеңесімен Роза Жаманова әуелі Алматы опера және балет театрының дайындық тобына қабылданып, кейін солистік құрамға өткен. Үлкен сахнада алғашқы партиялары деп «Ер Тарғын» операсындағы Ақжүніс және Ақжелең партиялары айтылады. 

Жалпы айтқанда, әнші репертуарының бір бөлігі қазақ операларындағы жетекші әйел партияларынан тұрды. Ол Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде» Жібекті, Мұқан Төлебаевтың «Біржан–Сарасында» Сараны, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абайында» Ажарды орындады. Сондай-ақ «Жалбырдағы» Қадиша, «Амангелдідегі» Бану, Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлуындағы» Қамар мен «Алпамысындағы» Гүлбаршын сияқты партиялар оның репертуарында болған.

Әрине, ол қазақ операларымен шектелмеді. Жаманова Джузеппе Вердидің «Аидасында» Аида, «Бал-маскарадта» Амелия, «Дон Карлоста» Елизавета, «Трубадурда» Леонора партияларын орындаған. Джакомо Пуччинидің «Чио-Чио-сан» операсында Мадам Баттерфляйды сомдады. Және де Петр Чайковскийдің «Евгений Онегиніндегі» Татьяна мен «Иолантадағы» Иолантаны да орындағанын жазады.

Оның орындаушылық тәсілі туралы замандасы Базарғали Жаманбаев нақты сипаттама қалдырған. Ол Жаманованың әр қойылымға алдын ала дайындалып, партияға музыкалық және драмалық тұрғыдан терең кірісетінін жазады. Жаманбаев әншімен 1966 жылдан бастап шамамен 30 жыл бірге жұмыс істеген. Сондықтан бұл баға кейінгі жалпы сипаттамадан гөрі әріптесінің тікелей бақылауына негізделген.

Роза Жаманова өнернамасында 1958 жылғы Мәскеудегі қазақ мәдениетінің онкүндігі ерекше аталады. Ол  Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы Ажар партиясын орындаған екен. Ол осы сапарды өзінің шығармашылық жолындағы маңызды кезең ретінде еске алып, сол буындағы әншілер мен музыканттардың қалыптасуында Ахмет Жұбановтың еңбегін ерекше атаған.

Бибігүл Төлегенованың естеліктерінде Роза Жаманова студенттік кезеңнен бастап кездеседі. Бибігүл Ахметқызы консерваторияны аяқтайтын жылы Ленинградтағы байқауға Роза Үмбетқызымен бірге барғанын айтады. Оның естелігінде екі жас әншінің концерттік аяқкиім іздеп, суық күні дүкен аралағаны, содан кейін Ленинград консерваториясының үлкен залына асығып жеткені баяндалады. Кейін екеуі қазақ операсының басты партияларының бірі – Жібек бейнесі арқылы да байланысты болды. Б.Төлегенованың естелігінде Күләш Байсейітовадан кейін Жібек партиясын Роза Жаманованың да орындағаны айтады. 

Роза Жаманова сахнадағы жұмысымен қатар Құрманғазы атындағы консерваторияда педагогикалық қызмет атқарды. Өмірбаяндық деректерде оның 1977 жылдан консерваторияда сабақ бергені, 1987 жылы профессор болғаны көрсетіледі. Сонымен бірге ол Қазақстандағы музыкалық жоғары оқу орындарына арналған жеке ән салу бағдарламасын әзірлеуге қатысқан. Кейін вокал факультетінде кеңесші ретінде жұмыс істеді. Оның қоғамдық қызметінің ең ұзақ бағыттарының бірі Қазақ театр қоғамымен байланысты. Өнер иесі 1962-1979 жылдары Қазақ театр қоғамының төрайымы болғаны көрсетілген. 1968 жылдан Халықаралық театр институтының мүшесі болды. Осылайша, оның кәсіби қызметі тек опера сахнасымен шектелмей, вокал мамандарын даярлау және театр саласының қоғамдық ұйымдарына қатысу бағыттарын да қамтыды.

Роза Жаманова 1957 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, ал 1959 жылы КСРО халық әртісі атанды. 1972 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Әр жылдары Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен, тәуелсіздік кезеңінде «Парасат» орденімен марапатталды. Сондай-ақ «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының иегері болды. Роза Жаманова 2013 жылғы 27 желтоқсанда Алматыда 85 жасында қайтыс болды.