Қазақстан Халық партиясының төрағасы зиялы қауым өкілдерімен жүздесті

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоканов Алматыға жұмыс сапары барысында шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Кездесу Д. А. Қонаев атындағы Халықаралық қордың ғимаратында өтті. Оған Д. А. Қонаев қорының қоғамдық, мәдени және ағартушылық бастамалар жөніндегі үйлестірушісі Жанна Асқарова, академик А. Х. Марғұлан атындағы қордың басшысы Дәме Марғұлан, Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның ХХ ғасыр тарихы бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Константин Черепанов, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, мәдениетаралық диалог және гуманитарлық ынтымақтастық саласының маманы Владимир Толмачев, ҚР Журналистика академиясының академигі, белгілі журналист Тілеужан Есілбаев, қазақ әдебиетінің классигі Тахауи Ахтановтың ұлы Дулат Ахтанов және басқа да азаматтар қатысты. Іс-шара спикерлерінің бірі — Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың немере інісі, оның ағасы Асқардың ұлы Диар Асқарұлы Қонаев болды.

Көпшілік алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Шоқанов зиялы қауым өкілдері өзгерісті сырттай бақылаушы емес, Қазақстанның болашағын қалыптастыруға белсенді әрі толыққанды қатысушы болуы тиіс екенін атап өтті. Қазақстан Халық партиясының бағдарламасын тілге тиек еткенде Н.Шоқанов Қазақстан Халық партиясы әлеуметтік әділеттілікті, ұлттық мәдениетті, сапалы білім беруді және технологиялық дамуды бір арнаға тоғыстыруды ұсынатынын айтты.

– Қазақстанның басты ресурсы – білімді әрі білікті адамдар, – деп атап өтті Қазақстан Халық партиясының жетекшісі. – Біз мемлекет ғалымдарға, педагогтерге, дәрігерлерге, инженерлерге, мәдениет қайраткерлеріне және қоғам көшбасшыларына сүйенуі тиіс деп санаймыз.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов мәдениет қоғамның құндылығын, тарихи жадыны және елге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыратынын атап өтті. Сондықтан мәдениетті қолдау қалдық қағидаты бойынша жүзеге асырылмауы тиіс. Бұл – экономика, білім беру және қауіпсіздік сияқты стратегиялық маңызы бар бағыт.

Мәдени мұраны тек сақтап қана қоймай, оны көпшілікке қолжетімді ету қажет. Қазақстан Халық партиясы тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру жұмысын жеделдетуді, музей қорларын цифрландыруды, тарихи-мәдени нысандарды туристік инфрақұрылым қатарына қосуды және қазақстандық нысандарды ЮНЕСКО тізіміне енгізуге ықпал етуді ұсынады.

– Қазақстан Халық партиясына зиялы қауыммен формалды одақ емес, тұрақты әрі мазмұнды диалог қажет, – деп түйіндеді Н.Шоқанов. – Қазақстан мемлекет еңбек адамын құрметтегенде, білімді азаматтардың пікіріне құлақ асқанда, мәдениет қалыптастыратын, қоғамдық құндылықтарды орнықтыратын және жаңа ұрпақ тәрбиелейтін жандарды қолдағанда ғана қуатты елге айналады.