Елена Рыбакина Цинциннати турнирінің төртінші айналымына шықты

Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған қазақстандық теннисші үшінші айналымда WTA рейтингінің 41-сатысындағы Польша өкілі Магдалена Фрехпен кездесті.

Қазақстанның әйелдер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннатиде өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы хард турнирінде кезекті жеңісіне қол жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған қазақстандық теннисші үшінші айналымда WTA рейтингінің 41-сатысындағы Польша өкілі Магдалена Фрехпен кездесті.

Матч екі сетке созылып, екінші партияның жеңімпазы тай-брейкте анықталды. Кездесу Рыбакинаның 6:4, 7:6 (7:2) есебімен жеңісімен аяқталды.

Жаңбырға байланысты матч уақытша тоқтатылды. Теннисшілер кортта тура екі сағат өткізді. Осы уақыт ішінде Рыбакина бес эйс жасап, төрт қос қателікке жол берді және 18 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.

Осылайша, Елена Рыбакина АҚШ-тағы турнирдің төртінші айналымына шықты. Келесі кезеңде ол әлемдік рейтингте 14-орында тұрған ресейлік Диана Шнайдермен кездеседі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM   арнасынан табасыз.