Республикалық штаб өкілі Батыржан Сейдомар мен кандидаттың сенімді өкілі Мақсат Жүсіпов Алматы облысы Қарасай ауданындағы Долан ауылына барып, мектепте ұстаздар қауымымен кездесті.
Жиында ел мен жас ұрпақтың болашағына тікелей әсер ететін экология мен білім беру мәселелері талқыланды. Мұғалімдер қоршаған ортаның қазіргі жағдайы, жастарға экологиялық тәрбие беру, білім беру инфрақұрылымын дамыту және мұғалімдер мен оқушыларға қолайлы жағдай жасау жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Партия өкілдері экологиялық мәдениетті қалыптастыруда білім беру саласының рөлі ерекше екенін атап өтті. Олардың пікірінше, бала кезден табиғатты қорғау құндылықтарын қалыптастыру – қоршаған ортаға жауапты көзқарасты тәрбиелеудің маңызды шарты.
Жиын ашық диалог форматында өтіп, педагогтердің пікірін тыңдауға және білім беру мен экология саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді«Байтақ» партиясы табиғатты қорғау, сапалы білім беру және елдің тұрақты дамуы бағытындағы бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
«Байтақ» партиясы: Әр өңірдегі тұрғындардың пікірі маңызды
Сайлауға санаулы күндер қалса да, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы үгіт-насихат жұмысын бәсеңдеткен жоқ. Партия өкілдері мен кандидаттар ел-елді аралап, тұрғындармен кездесуді жалғастырды.
Өндірісті өлке – Павлодар облысында да сайлауалды науқан қарқын алған. Филиал төрағасы Думан Тоқашев Май және Аққулы аудандарына барып, халықпен бетпе-бет жүздесті.
Павлодар облысының Май ауданы бұрынғы Семей сынақ ядролық полигонының аумағына кіретін өңірлердің бірі. Мұнда бұрынғы полигонға тиесілі 285,9 мың гектар жер бар.Әсіресе, Ақжар және Малдар ауылдық округтерінің елді мекендері ең жоғары радиациялық қауіпті аймаққа жатқызылған. Сондықтан мұнда экология мәселесі өзекті.
Жасылдар партиясы өкілдерімен жүздескен тұрғындар осы бағытта түрлі түйткілді көтерді. Атап айтқанда, радиациялық жағдайды тұрақты әрі ашық бақылау, топырақ, су және азық-түлік қауіпсіздігін зерттеу, ластанған аумақтарды анықтау және қалпына келтіру, радиациялық мониторинг нәтижелерін халыққа ашық жариялау. Бұдан бөлек тараптар инфрақұрылым, ауылдарды дамыту, халықтың өмір сүру сапасын көтеру сынды мәселелер төңірегінде де пікір алмасты.
Ауыл-аймақты аралаған партия өкілдері, үгіт-насихат материалдарын тиісті орындарға іліп, тұрғындарға таратты. Олар көпшілікті 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына белсенділік танытып, таңдау жасауға шақырды.
Экология және денсаулық – ортақ мәселе
«Байтақ» жасылдар партиясының Ақтөбе облыстық филиалы үгіт-насихат жұмысы аясында Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласына барды. Партия өкілдері аудандық аурухана қызметкерлерімен кездесіп, сайлауалды бағдарламаны таныстырды.
Жиында экологиялық қауіпсіздік, қоршаған ортаның адам денсаулығына әсері және халық үшін қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыру мәселесі талқыланды.
Медицина қызметкерлері экологиялық факторлардың денсаулыққа ықпалы, аурулардың алдын алу, өмір сапасын жақсарту бағытындағы өзекті түйткілдерді көтерді.
Партия өкілдерінің айтуынша, экологиялық саясат тек табиғатты қорғаумен шектелмеуі керек. Оның маңызды бағыты – азаматтардың денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету.