Қазақстан Халық партиясынан Қазақстан Республикасы құрылтайының депутаттығына кандидаттар Әлімбек Ағибаев пен Евгений Миронов үгіт-насихат науқаны аясында «ТемирГрад» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.
Кәсіпорын қара және түсті металл сынықтарын қабылдаумен және сатумен, металл прокаты мен техникалық газдарды өткізумен айналысады. Сондай-ақ компания металдардың құрамын талдау, радиациялық фонды өлшеу, жүк тасымалдау және жүк көтергіш автотехника қызметтерін көрсетеді.
Кандидаттар ұжымға Қазақстан Халық партиясы сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Кездесу барысында отандық бизнесті қолдау, лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтау және кәсіпорын қызметкерлерін толғандыратын мәселелер талқыланды.
Әңгіме ашық форматта өтті. Қызметкерлер өз пікірлерін білдіріп, кандидаттарға алдағы жұмыста ескеру үшін ұсыныстары мен аманаттарын жеткізді.