Пандемия көп саланың осал тұсын, олқы жағын «жалаңаштады». Мысалы, ол медсақтандыру жүйесінің дәрменсіздігін паш етті. Бүгінде биліктің барлық құрылымы, бүкіл жауапты бизнес Covid-19 кеселімен күресуде. Барша Қазақстан тұрғынын да сол алаңдатады. Ал МӘМС қоры сайтының басты бетінде бұл тақырыпта бір сөз жоқ. Тіпті, індетпен күреске қатысты қарапайым нұсқау не роликті таппайсыз. Бұл мәселе оны мүлдем қызықтырмайтын сияқты. Сарапшылар бір жайтқа назар аудартады: осы жүйені өрістету үшін мемлекет біраз жылдан бері мемлекеттік емханалар мен ауруханалар желісін қысқартуға, ал қолданыстағыларын жекенің қолына беруге ден қойып келді. Алайда әлемді жайлаған алапат дерт мұндай жағдайда майданның алдыңғы шебінен мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары табылатынын көрсетті. Қалталы клиенттер легі тыйылса, корпоративтік сақтандыру қаражатының ағыны төмендесе, жекеменшік клиникалар жабылып қалатыны мәлім болды. Қазақстанда да әдетте алға ұмтылуға, ақша үшін бәсекелесін жұлып жеуге дайын жекеменшік медициналық ұйымдар негізінен үнсіз қалды. Билікке үрейлі кеселге шалдыққан және солармен қарым-қатынаста болған мыңдаған адамды мемлекеттік жұқпалы аурулар ауруханаларына, балалар инфекциялық ауруханаларына, туберкулезге қарсы диспансерлерге тоғытуға тура келді. Елордада мемлекеттік көпбейінді медициналық орталықтың инфекциялық блогы жабдықталды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен егер пандемия күш алса, тұңғыш бесжұлдызды қонақүй болған, қазір бос тұрған 22 қабаттық Ramada Plaza алып госпитальға айналатынын жариялады. Бұл – Үкіметтің «С жоспары». Әзірге Нұр-Сұлтандағы өзге 5 жұлдызды қонақүй осы мақсатқа жұмылып жатыр. Мәселен, бұрын тек қымбат форумдар мен салтанатты жиындардың беделді қонақтары ғана түсетін EXPO жақтағы Hilton-ға енді коронавирусы болуы мүмкін деп күдікке іліккендер жатқызылуда. Онда Минск, Мәскеу және өзге шетел қалаларынан келген жолаушылар оқшауландырылды. Қонақүйдің барлық есігін полицейлер тосқауылдап тастаған. Медицина мамандары онда жатқандарға экспресс-тест жасап, бір күн ішінде вирусы әшкереленбесе, үйлеріне жібереді. «Ramada Plaza-ны біздің құрылысшылар коронавирусқа қарсы күреске лайықтап, дайындады. Сонда нысанды қабылдап алған қаланың бас медициналық дәрігері Әлиямен сөйлестім, ол жүздеген адам карантинде жатқанын, медицина мамандары тәулігіне небәрі 2-3 сағат қана ұйықтайтынын, орын-жайлар, кереуеттер жетіспейтінін ашық айтты», – дейді белгілі кәсіпкер Айдын Рақымбаев. Қарапайым қорғаныс құралдарының да жетіспеушілігі байқалған. Отандық денсаулық сақтау жүйесін өзіне сай қайта құрып шыққан медсақтандыру жүйесі бұл істен тыс қалғандай.
Дерт алдында дамыған елдер тізе бүкті
Шың елінен шыққан алапат дерттен Еуропа мен АҚШ бәрінен көп зардап шегуде. Оларда медицина – сақтандыру компанияларының уысында. Worldometer, сондай-ақ gisanddata.maps.arcgis.com порталдарында Johns Hopkins University’s Center орталығы Covid-19 жедел статдеректерін онлайн режимде жариялап отырады. Оған сәйкес, 26 наурыздағы жағдай бойынша дүниежүзінде 471 820 адам осы дертке душар болыпты. Оның 21 297-і өмірден озды. Коронавирус өршіген алғашқы 20 елдің екеуінен (Қытай мен Ираннан) басқасында халық денсаулығын қорғау медициналық сақтандыру жүйесіне негізделген. Ал ол жүйе пандемияға төтеп беруге дәрменсіздігін көрсетті. Мысалы, Италияда бұл ауруға 74 386 адам шалдықты, 7 503 адам мерт болды. Бұл – індеттің бастапқы ошағынан көп: ҚХР-да 3 287 адам өлген. АҚШ 3-орынға шықты (68 489 мыңнан астам адам, 1 032-сі дүние салды). Испания оны қуып жетуге жақын: індетке іліккендер – 49 515 адам, қайтыс болғандар – 3 647 адам. Бестікті тұйықтаған Германияда – 37 323 адам (206 адам жантәсілім етті, бір тәулікте сырқаттар саны 2 540 адамға көбейді). Қалған мемлекеттердің жағдайы: Иран – 27 017 адам (өлгендер – 2 077 адам), Франция – 25 233 (1 331), Швейцария – 10 897 (153), Ұлыбритания – 9 529 (465), Оңтүстік Корея – 9 241 (131), Нидерланд – 6 412 (356), Австрия – 5 588 (31), Бельгия – 4 937 (178), Канада – 3 409 (36), Норвегия – 3 100 (14), Португалия – 2 995 (43), Австралия – 2 766 (12), Бразилия – 2 554 (59), Швеция – 2 526 (62), Түркия – 2 433 (59). Дамыған елдердегі медицина жүйесінің оралымсыздығы жайында шетелдік ақпарат құралдарында көп жазылды. Бұл байлам жалаң болмауы үшін Америкада тұратын бұрынғы отандасымыз Ира Новикованың әңгімесін келтіре кеткеніміз жөн. 1 наурызда ол Кариб теңізі аралдарын аралаған круизден оралады. Алып кеменің соңғы 3 аялдамаға тоқтауына қабылдаушы елдер тыйым салған. Лайнердегі жолаушылардың бірі сырқаттанды. Нью-Йоркке келген күннің ертесіне тұмауратқан Ира жандәрмен өз терапевіне жүгіреді. Дәрігер қолында Covid-19 вирусын анықтайтын тестінің жоғын айтып, науқасты үйіне қайтарып жіберген. Жағдайы нашарлаған соң сырқат келесі күні өзі емделетін клиникаға қаралуға ұйғарады.300 миллиард кімнің игілігі?
Қазақстанда банк несиесін, тұрғын үй ипотекасын, тіпті салықты кейін төлеуге мүмкіндік беріліп, азаматтарға жеңілдік жасалды. Ал жұмыс берушілер мен жұмысшылардан медсақтандыру жарнасы әрі қарай жиналып, жүктеме түсіруде. Өскемен тұрғыны Жанар Бекербаева МӘМС жүйесінің қызығын көре алмай отырғанына наразы. «Жарна аударсаңыз, кез келген жекеменшік клиника қызметіне жүгіне аласыз, тегін анализдер тапсырасыз, төлем сізге еріп жүреді деп біраз жыл уәдемен «тойдырды». Алайда жеке клиникаларға барсаң, ешқайсысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісім бекітпеген болып шығады. Кесірінен, медсақтандыру қорының қатысушылары мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда ұзын-сонар кезекте азап шеге бермек. Осылай медицина ақылы болды», – дейді ол. ДСМ-нің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаменті 2020 жылға ӘМСҚ қоры Өскемендегі 63 медұйыммен, соның ішінде 43 жеке клиникамен келісімге отырғанын жеткізді. Демек, олар МӘМС аясында халыққа тегін медициналық көмек көрсетуге міндетті. Оның бесеуі – тәулік бойғы жеке аурухана. Қазақстан бес жылдай бұрын осы жүйеге көшуге ден қойды. Ел Үкіметінің 2016 жылы 1 шілдедегі қаулысына сәйкес Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылды. «Қор – пациенттердің мүддесіне сай тиімді әрі сапалы медициналық көмекті стратегиялық сатып алумен айналысатын қаржылық орнықты ұйым» деп жазылған оның сайтында. Қордың мәліметінше, МӘМС жүйесіне 2020 жылдың қаңтар айында 34,2 млрд теңге жарна түсті. Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін қорға жалпы сомасы 246,9 миллиард теңге құйылды. Демек, бүгінде онда 300 миллиардтай қаражат жиналған. Бұл қаржының төрттен бірі ғана жаһандық пандемиядан қазақ елін құтқаруға жетер еді... Әзірге, коронавируспен күресуге Үкімет өз резервін шығындап жатыр. Бұдан бөлек, Елбасы қоры, Мәжіліс пен Сенат, бюджет қызметкерлері, тіпті жеке кәсіпорын ұжымдары ақша аударды. Сондай-ақ ірі бизнес өкілдері 40 млн доллардан астам (18 млрд теңгедей) қаржы бағыттаған. Мынадай қызықты дерек бар: 2020 жылы ӘМСҚ 1 258 қызмет жеткізушімен келісім бекітіп, 35 млрд теңге алдын ала төлем төлеп қойыпты. Ақша алушының тек 657-і ғана мемлекеттік емхана-аурухана. Қалған 601 – бүгінде негізінен есігі тарс жабық тұрған жеке клиникалар. Сондықтан қордың 1406 Call-орталығына хабарласып, ӘМСҚ коронавируспен күрес аясында жарна төлеушілерге қандай көмек көрсететінін сұрастырдық. Оператор көмекті жергілікті әкімдіктер көрсетуі тиіс екенін айтып, сырғытпа жауап қайырды. Ал ай сайынғы алдын ала ақшаны алғанымен халыққа қызмет көрсетпей, жабық тұрған жеке клиникаларға қандай жаза қолданылмақ? Қор өкілі жалпы ақпарат жоғын, тек тұтынушының нақты медұйымға шағымы ғана қаралатынын нықтады. Қор ақпарына сенсек, қазіргі уақытта Қазақстан халқының 90%-дайы немесе 17 млн адам – МӘМС қатысушысы. Ал Статистика комитеті дерегінше, қазақстандықтардың саны 18 млн 653,5 мың адамнан асты. Қанша адамның жүйеден тыс қалып тұрғанын осыдан байқауға болады. Медициналық сақтандыру жүйесін мүлдем іске алғысыз етуге болмас. Оның ұтымды жағы, жақсы қыры жетерлік. Әйткенмен, коронавирустан кейінгі әлемде бұл жүйе жетілдіруді қажет етуі мүмкін.