Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан (ЖСДП) Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттар – Жамбыл облыстық ЖСДП филиалының төрағасы Ержан Дауренбековпен ҚР Құрылтай депутаттығына кандидат, филиалдың Жастар қанатының төрағасы Еркін Қайырбекұлы облыстық «Руханият» орталығында жастармен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Aikyn.kz
«Біз үшін сайлауалды бағдарлама – жай ғана ұсыныстар жиынтығы емес. Ол халықпен кездесулер барысында көтерілген мәселелерге жауап беруге және қоғамдағы нақты өзгерістерге жол ашуға тиіс. Бұл процесте жастардың орны ерекше. Жастардың жаңа көзқарасы, белсенділігі мен батыл бастамалары елдің дамуына серпін бере алады. Сондықтан біз жас буынның үнін естіп, олардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасауымыз қажет», – деп атап өтті Ержан Дауренбеков.
Өз кезегінде Еркін Қайырбекұлы жастарға партия бағдарламасындағы әлеуметтік бағыттарды таныстырып, әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау салаларының қолжетімділігіне кеңінен тоқталды.
Кандидаттың айтуынша, сапалы білім алу мен медициналық көмекке қол жеткізу азаматтың әлеуметтік немесе материалдық жағдайына тәуелді болмауы тиіс. ЖСДП ұстанымдарының бірі – әрбір қазақстандық үшін сапалы білім мен медициналық көмектің қолжетімді болуына жағдай жасау.
«Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – әрбір қазақстандық үшін сапалы білім мен медицинаны қолжетімді ету. Ал осы өзгерістерді жүзеге асырудағы негізгі қозғаушы күштердің бірі жастар болуы керек. Бүгінгі жастардың жаңа идеясы, жаңа көзқарасы мен белсенділігі еліміздің ертеңгі бағытын айқындайды. Біз жастармен бірге барша азаматқа тең мүмкіндік берілетін жаңа әрі әділетті Қазақстанды құруға ұмтылуымыз қажет», – деді Еркін Әбдиев.
Кездесуге қатысқан жастар да өз пікірлерін білдіріп, жас буынға тек мемлекеттік бағдарламалардың қатысушысы ретінде емес, қоғамдағы өзгерістерге тікелей ықпал ете алатын белсенді күш ретінде қарау қажеттігін атап өтті.