«Басты дебат – 2026»: Жеті партия көшбасшысы сайлауалды бағдарламаларын таныстырды

Сөз сөйлеу алдында жеребе тартылып, партиялардың шығу реті анықталды.

Қорытынды телевизиялық дебаттың алғашқы кезеңінде жеті саяси партия өздерінің сайлауалды бағдарламаларының негізгі ұстанымдары мен басым бағыттарын таныстырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сөз сөйлеу алдында жеребе тартылып, партиялардың шығу реті анықталды. Әр өкілге сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелері мен саяси ұстанымдарын таныстыру үшін 2,5 минуттан уақыт берілді. Пікірталас алаңына елдегі жеті саяси партияның төрағасы қатысты.

Алғашқы болып Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров сөз сөйледі. Ол партияның сайлауалды науқан аясындағы жұмысына тоқталды.

Оның айтуынша, партия өкілдері 20 өңірді аралап, 700-ден астам кәсіпорынға барған, 15 мың шақырым жол жүріп, 1,5 миллион адаммен кездескен. Партия халықпен кері байланыстың маңыздылығын атап өтіп, өзін «нақты істер партиясы» ретінде таныстырды. Respublica партиясының негізгі ұстанымдарының бірі – «Елдің дамуы – еңбектің жоғары бағалануы».

Baytaq партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев өз сөзінде экологиялық мәселелерге басымдық берді.

Ол партияның негізгі идеологиясы – табиғатты кейінгі ұрпақ үшін сақтау екенін айтты. Арал теңізінің тартылуы, ауыз су тапшылығы және климаттың өзгеруі өзекті мәселелер ретінде аталды. Партия экологиялық қауіпсіздікке, табиғи ресурстарды сақтауға және оларды ұтымды пайдалануға көбірек көңіл бөлуді ұсынды.

Келесі кезекте «Ақ жол» демократиялық партиясының төрайымы Дания Еспаева партияның атқарған жұмысы мен заңнамалық бастамаларына тоқталды.

Оның айтуынша, партия 2012 жылдан бері Мәжілісте түрлі мәселелерді көтеріп келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы азаматтардың несиеге шамадан тыс тәуелділігі мәселесін көтерсе, бұған дейін шетелге заңсыз шығарылған капиталды қайтару, Кәсіпкерлік кодексті жетілдіру, мемлекеттік сатып алулар және парламенттік оппозицияны дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар жасаған.

Партияның басым бағыттарының қатарында отандық өндірісті, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасау аталды.

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай Қазақстанның даму бағыты халықтың таңдауымен айқындалатынын айтты. Партия жетекшісінің негізгі ұстанымы «Еліміздің даму бағыты жаңа Конституцияда нақты айқындалған» деген ойға негізделді.

Ол партияның бес негізгі қағидатын атады. Олар – әділеттілік, патриотизм, прогресс, жауапкершілік және еңбекқорлық. Басым бағыттардың қатарында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, 1 миллион жаңа сапалы жұмыс орнын ашу, ұлттық қауіпсіздікті нығайту және елдің егемендігін қамтамасыз ету мәселелері бар.

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов ауылдық аумақтар мен аграрлық секторды дамытуға басымдық берді. Оның айтуынша, ауыл мен қаланың дамуын біртұтас процесс ретінде қарастыру қажет. Ауыл Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігінің негізі ретінде аталды.

Осыған байланысты партия аграрлық секторды, ауыл инфрақұрылымын, интернетке қолжетімділікті және өңірлердегі тұрғын үй құрылысын дамытуды ұсынды. Қайрат Айтуғанов ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді одан әрі дамытуға жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) төрағасы Асхат Рахымжанов партияны әлеуметтік әділеттілік пен теңдікті жақтайтын саяси күш ретінде таныстырды. Партияның ұсыныстарының қатарында зейнет жасын төмендету, жәрдемақыларды арттыру, төрт күндік жұмыс аптасын енгізу және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту бар.

Асхат Рахымжанов басқа саяси күштердің сайлауалды тәсілдерін де сынға алып, әлеуметтік мәселелерге және азаматтардың өмір сүру деңгейін нақты арттыруға көбірек көңіл бөлу қажет екенін айтты.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов елдің дамуын қазақстандықтардың басым бөлігінің әл-ауқатын нақты жақсартумен байланыстырды.

«Экономика 6,5 пайызға өсті. Бірақ бұл өсімді қазақстандық сезініп жатыр ма?» – деп сауал қойды Нұрсұлтан Шоқанов.

Ол азаматтарға несие мен субсидия түрінде триллиондаған теңге берілгенін, бұған қоса мемлекет энергетика және басқа да салаларға қомақты қаражат жұмсап отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл инвестициялардың нәтижесі қарапайым қазақстандықтарға жетіп-жетпейтінін түсіну маңызды.

Шоқанов дүкендердегі азық-түлік бағасы мен азаматтардың әлеуметтік қорғалу мәселесін де көтерді. Сондай-ақ қазіргі таңда адамның ертеңгі күніне қаншалықты сенімді екеніне қатысты сауал қойды.

Жалпы дебаттың алғашқы кезеңінде жеті саяси партия елді дамытуға қатысты әртүрлі ұстанымдарын таныстырды. Талқылаудың негізгі тақырыптары қатарында экономикалық өсім мен халық табысы, әлеуметтік әділеттілік, отандық өндіріс пен шағын бизнесті қолдау, ауыл мен аграрлық секторды дамыту, экологиялық қауіпсіздік, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, несие жүктемесін азайту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері болды.