Саяси науқан алдындағы басты пікірталас «Дамыған экономика – қуатты қоғам» тақырыбына арналды. Бұл жолғы дебаттың алдыңғыларына қарағанда маңызы ерекше, себебі пікірталасқа 7 партияның көшбасшылары қатысты. Сондықтан телеарна ұжымы кезекті сөз бәйгесін «Басты дебат – 2026» деп атады.
Дебат алдында арнайы превью-бағдарлама ұйымдастырылды. Оның аясында барлық партияның сайлау алдындағы штабтарынан тікелей қосылымдар жасалып, саяси сарапшылармен сұхбат жүргізілді, сондай-ақ АҚШ, Қытай және БАӘ елдерімен халықаралық телекөпір жүргізілді. Кез келген ашық пікірталастағы ең басты мәселе – тараптарға тең жағдайдың жасалуы. Осы орайда қатысушылардың сөз сөйлеу кезегі жеребе арқылы басты дебатқа бір күн қалғанда тікелей эфирде анықталғанын айта кетейік.
Жеребе нәтижесінде бірінші болып Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров сөз алатын болды. Одан кейін «Байтақ» партиясының Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева, «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай, «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов және Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқановқа кезек тиді.
Төрт кезеңнен тұратын дебат форматы қатысушыларға партия бағдарламасын жүйелі түрде таныстыруға, оппоненттеріне сұрақ қоюға мүмкіндік берді. Дебат алдында халықтан партия көшбасшыларына 52 000-ға жуық сауал келіп түскені жария болды. Бұл сұрақтарға партия төрағалары үшінші кезеңде жауап берсе, қорытынды бөлімде партия жетекшілері өздерінің сайлауалды мәлімдемелерін жасады.
Алғашқы болып сөз алған Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров сайлауалды науқан барысында өздерінің 20 өңірді аралап, 800-ден астам кәсіпорынға барғандарын, 15 мың шақырым жол жүріп, 1,5 миллионға жуық қазақстандықпен кездескенін баяндады. Оның айтуынша, халықтың басты сұраныстарының бірі – табыстың өсуі мен бағаның тұрақтылығы. Осыған байланысты Respublica отандық өндірісті қолдау, АЭС салу, жол және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, Алатау қаласы секілді жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін ірі жобаларды іске асыруды ұсынды.
Келесі кезек алған «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев сөзін табиғатты, қоршаған ортаны қорғау мәселесінен бастады. Ол осы тұста Арал теңізінің жағдайын айтып, оны экологиялық апатқа балайтынын сөз етті. Бұған қоса партия төрағасы климаттың өзгеруі, су тапшылығы, экологиялық апаттардың адам денсаулығына әсері секілді мәселелерді күн тәртібіне шығаратынын жария етті.
«Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева болса, партияның бұрынғы Парламент Мәжілісінде атқарған жұмыстарын алға тартты. Бірнеше заң жобасының қабылдануына септескендерін жеткізді. Ал алдағы уақытта шағын және орта бизнесті дамыту, жалақы жайы, еңбек адамдарына қолайлы жағдай жасау тақырыптарын көтеретінін баяндады.
Ал елдегі жетекші саяси ұйым саналатын «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай Президенттің стратегиялық бағытына тірек болатындарын айтты. Бұл тұста төраға биыл қабылданған жаңа Конституция ел дамуының бағдарын түбегейлі айқындағанын жеткізді. Ол теледебаттың бірінші кезеңінде партияның негізгі құндылықтары мен сайлауалды бағдарламасының басты бағыттарын егжей-тегжейлі таныстырып өтті. Бағдарламада халықты толғандыратын барлық мәселе қамтылғанын қоса айтты. Сондай-ақ баспана, тұрақты жұмыс, азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және жасанды интеллектіні меңгеру мәселелеріне зер салды. Ол үшін арнайы оқыту бағдарламалары да әзірленетінін жеткізді.
«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов кіріспе сөзінде партияның негізгі ұстанымдарын атап өтті. Айтуынша, саяси ұйымның күші тұрақтылықта, ал ұстанымның өзегінде адам, еңбек, туған жер және қуатты Қазақстан тұр. Сондай-ақ ол өңірлерді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы өнімдерін ел ішінде өңдеу, отандық өндірісті күшейту мәселелеріне тоқталды.
Келесі сөз алған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов зейнетақы мен жәрдемақыны көбейту мәселесін алға тартты. Оның сөзінше, сайлауалды бағдарламада жемқорлықпен күресу басым бағыттардың бірі ретінде қамтылған. Сол үшін Құрылтайға өткен жағдайда аталған қатерді тоқтатуға күш салатындарын жария етті.
Бірінші кезеңнің соңғы сөзін алған Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов халықтың әл-ауқатын арттыруға күш салатындарын атап өтті. Сондай-ақ мемлекет қолдауының халыққа бағытталуы қажет екенін, еңбек адамын жоғары бағалап, медицина мен білім саласының сапасын жақсарту керегін сөз етті.
Екінші кезеңде партия төрағалары бір-бірімен сұрақ-жауап алмасса, үшінші кезеңде халықтың көкейінде жүрген маңызды сұрақтарға жауап берді. Осыдан кейін қорытынды төртінші кезең басталды. Соңғы кезеңде әр төрағаға 2 минут ішінде еркін насихатын жүргізуге мүмкіндік берілді. Әр спикер өз саяси ұйымы Құрылтайға өткен жағдайда қандай өзгерістер жасайтынын баяндады.
Әуелі Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров халыққа мүмкіндік керек екенін айтты. Оның сөзінше, ел кәсіп ашқысы келеді, жас маман еңбек етуге әзір. Сондықтан байлықты еселеп, табысын арттыру – басты мақсат. Ол Құрылтайға нақты жоспармен келетіндерін, Президент айтқандай, елімізде мықты орта тап қалыптастыру қажетін мәлімдеді. Сондай-ақ мемлекеттік мүддесі әрдайым бәрінен жоғары тұратынын жеткізді.
«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев балалардың денсаулығы және оған экологиялық ахуалдың әсері мәселесін алға тартты. Оның сөзінше, таза ауа, таза жер, таза су – басты мәселе. Партия өкілдерінің осыған дейін 600 қоғамдық тыңдауға қатысқандарын, қайта өңдеу зауыттарына инвестиция тартуға көмек бергендерін әңгімеледі.
«Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева мәлімдемесінде өздерінің саясатта 25 жылдық тәжірибесі барын алға тартты. Әр істе нәтиже көрсетіп, бастаған жұмыстарын жалғастыруға ниетті екендерін жеткізді. Сонымен қатар халық уәде емес, нақты жұмыс күтетінін айтып, өздерінің соған лайық екенін атап өтті.
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай шынайы өзгеріс ұранмен емес, еңбекпен іске асатынын баян етті. Сондықтан саяси ұйым еңбекті бағалап, экономиканы өркендетуге, мәдениет пен технологияға ден қоймақ. Партия төрағасы мәлімдемесінде өз жақтастарына шынайы алғыс айта отырып, әлеуметтік әділетсіздікке, жікшілдікке жол бермейтіндерін жеткізді. Сондай-ақ партия мемлекеттің тұтастығына қатер төндіретін барлық жолды кеспек. Сөзінің соңында Айбек Дәдебай Мемлекет басшысының реформаларын сәтті іске асырып, нақты жұмыс істейтіндерін мәлімдеді.
«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов болса, Құрылтай сайлауы жай сайлау емес, Қазақстанның келешегін айқындайтын таңдау екенін сөз етті. Сондықтан осы жауапкершілікті әр шаңырақ сезінуі керек. Сонымен қатар ол сайлауалды бағдарламасында нақты жоспарлары барын, жастарды жұмыс, біліммен қамтып, ауыл мен қала халқына бірдей мүмкіндік жасауға дайын екенін айтты.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов өздерінің нағыз сыннан өтіп, шираған саяси ұйым екенін алға тартты. Сол себепті әр отбасы, ауыл, аудан, қала, жалпы елдің жағдайын жақсартуға күш салмақ екен. Осы жайларды айта келе спикер жалпы қоғамның ахуалы назарларынан тыс қалмайтынын атап өтті.
Соңғы сөз алған Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов Құрылтайға өткен жағдайда еңбек адамына басымдық беретіндерін баян етті. Сайлауалды үгіт-насихат кезінде ұзақ уақыт еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне атсалысқан тұлғалармен ашық сөйлескендерін, жағдайды толық ұғып, олардың мәртебесі жоғары болуына кепілдік беретіндерін айтты.
Осылайша, төрт кезеңнен тұрған сайлауалды теледебаттар аяқталды. Әр партия ел дамуы жолындағы ұстанымдарын жария етті. Енді қазақстандықтар 23 тамызда таңдауын жасап, партияларға дауыс беретін болады.
М.ТӨЛЕУ