Әлемдік тәжірибеде жастардың сайлауға қатысуына қатысты жас шектері айтарлықтай ерекшеленеді. Алайда кейінгі жылдардағы негізгі үрдіс – дауыс беру жасын біртіндеп төмендету және сайлауға қатысу құқығы мен сайлану құқығы арасындағы алшақтықты қысқарту. Әлем елдерінің шамамен 90%-ы дауыс беру үшін ең төменгі жасты 18 жас деп белгілеген. Алайда пассивті сайлау құқығына, яғни парламентке сайлану құқығына қатысты талаптар әлдеқайда қатаң. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) 22 елінде (оның ішінде Германия, Франция және Ұлыбританияда) төменгі палатаға сайлану құқығы белсенді сайлау құқығымен бір мезгілде 18 жастан бастап беріледі. Әлемде депутаттыққа кандидаттар үшін ең көп таралған жас шегі – 21–25 жас. Қазақстанда, АҚШ-та, Үндістанда және Италияда парламентке 25 жастан бастап қана сайлануға болады. Ал парламенттердің жоғарғы палаталарына (сенаттарға) және президенттік лауазымдарға кандидаттар үшін дәстүрлі түрде 30-дан 45 жасқа дейінгі қатаң жас шектеулері қолданылады. Бұл талаптар белгілі бір деңгейде жас айырмашылықтарына қатысты талаптарды қамтамасыз етуге бағытталған.
Заңнамалық тұрғыдан дауыс беру құқығына ие болғанына қарамастан, әлемдегі 30 жасқа дейінгі жастар парламент депутаттарының жалпы санының шамамен 2,8%-ын ғана құрайды. Осы мәселені шешу мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Not Too Young to Run («Сайлауға түсуге тым жас емессің») атты жаһандық науқанды ілгерілетіп, мемлекеттерді белсенді әрі бастамашыл жастардың саяси үдеріске қатысуына кедергі келтіретін тосқауылдарды төмендетуге шақыруда.
Қазіргі зерттеулер жастардың саяси мінез-құлқында дәстүрлі дауыс беру нысандарының жаңа саяси қатысу тетіктеріне біртіндеп орын беріп келе жатқанын көрсетеді. Халықаралық институттар парламенттік сайлаулардағы 18–29 жас аралығындағы сайлаушылардың электоралдық белсенділігіне қатысты бірнеше негізгі жаһандық үрдісті атап көрсетеді. Олардың қатарында партиялық лоялдықтың төмендеуі бар. Атап айтқанда, жас сайлаушылар белгілі бір саяси партиямен өзін сирек сәйкестендіреді байланыстырады және дауыс беру туралы шешімді көбіне сайлау қарсаңында қабылдайды.
Келесі үрдіс – тақырыптық дауыс беру. Бұл жағдайда жастар партиялардың сайлауалды бағдарламаларын тұтастай қолдаудан гөрі, климаттың өзгеруі, экономикалық тұрақсыздық, әлеуметтік әділеттілік және басқа да өзекті мәселелер төңірегінде топтасады.
Үшінші үрдіс – институционалдық алшақтық. Әлемдегі 20–44 жас аралығындағы азаматтар сайлаушылардың 57%-ын құрағанымен, парламенттердегі орындардың небәрі 26%-ын иеленеді. Мұндай сәйкессіздік жастардың сайлау учаскелеріне барып, электоралдық процеске қатысуға деген ынтасын төмендетеді.
Соңғы маңызды үрдіс – саяси қатысу нысандарының өзгеруі. Дәстүрлі сайлаулардағы жастардың сайлауға қатысу деңгейінің төмендеуі олардың бейресми азаматтық белсенділігінің артуымен қатар жүруде. Оның ішінде онлайн-белсенділік, петицияларға қол қою, еріктілік қызмет және басқа да азаматтық бастамалар кеңінен таралуда.
18–25 жас аралығындағы сайлаушылардың әлем бойынша орташа сайлауға қатысу деңгейі 40–50% аралығында болғанымен, жекелеген мемлекеттер жастар арасындағы электоралдық апатияны еңсеруде айтарлықтай нәтижелер көрсетіп отыр. Жастардың сайлауға қатысуының ең жоғары көрсеткіштері міндетті дауыс беру жүйесі енгізілген, сайлау жасы төмендетілген (16 жастан бастап) және мемлекеттік институттарға деген қоғамдық сенім деңгейі жоғары елдерде байқалады. Жастардың сайлауға қатысу деңгейі бойынша Бельгия, Аустралия, Аустрия, Швеция, Дания, Норвегия және Мальта алдыңғы қатарда.
Бельгия мен Аустралияда міндетті дауыс беру заңнамалық тұрғыдан бекітілген. Дауыс беруге дәлелді себепсіз келмеген жағдайда айыппұл қарастырылғандықтан, жастар электоралдық процестерге аға буын өкілдерімен қатар белсенді қатысады.
Аустрия Еуропалық Одақ аумағында сайлау жасын алғашқылардың бірі болып 16 жасқа дейін төмендетті. Зерттеулер көрсеткендей, 16–17 жастағы аустриялық жастар 18–20 жастағы азаматтарға қарағанда сайлауға белсендірек қатысады. Мұның бір себебі – олардың өміріндегі алғашқы сайлау науқаны мектептегі білім алу кезеңімен тұспа-тұс келеді. Ал мектептерде азаматтық білім беру мәдениетінің жоғары деңгейде қалыптасуы жастардың саяси сауаттылығы мен азаматтық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Солтүстік Еуропа елдері ерікті дауыс беру жүйесі жағдайындағы жастардың сайлауға қатысу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Бұл жетістікке жастардың бейресми саяси қатысу инфрақұрылымының жақсы дамуы ықпал етеді. Оған мектеп парламенттері, саяси партиялардың жастар қанаттары және жастарға бағытталған басқа да қоғамдық-саяси институттар жатады.
Мальта жас азаматтарды электоралдық процеске тартуда жоғары көрсеткіштер көрсетіп келеді. Бұған цифрлық платформалардың сайлауалды науқандарға тиімді интеграциялануы ықпал етуде. Жалпы алғанда, электрондық дауыс беруді енгізу, сондай-ақ TikTok және Instagram сияқты әлеуметтік желілердегі белсенді ақпараттық-саяси науқандарды жүргізу жастарды сайлау процесіне тартудың тиімді құралдары екенін көрсетіп отыр.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ресми деректеріне сәйкес, 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан азаматтарының 12 605 788-і сайлаушылар тізіміне енгізілген. Сайлаушылар саны ең көп өңірлер: Алматы қаласы – 1 329 221 адам; Түркістан облысы – 1 204 659 адам; Алматы облысы – 1 042 987 адам; Астана қаласы – 1 014 817 адам.
Сайлаушылар саны ең аз өңірлер: Ұлытау облысы – 138 362 адам; Солтүстік Қазақстан облысы – 365 161 адам; Абай облысы – 402 408 адам.
2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша 18–35 жас аралығындағы жастардың үлесі Қазақстандағы жалпы электораттың шамамен 30%-ын құрайды. Абсолюттік көрсеткішпен бұл шамамен 3,78 миллион азаматқа тең. Аталған жас тобы алдағы 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауында саны жағынан ең ірі әрі электоралдық тұрғыдан маңызды топтардың бірі болып табылады.
Оңтүстік (Түркістан облысы) және батыс (Батыс Қазақстан облысы) өңірлерінде дауыс берушілер арасындағы жастардың үлесі дәстүрлі түрде республикалық орташа көрсеткіштен жоғары және бұл фактор сайлаушылардың жалпы қатысу деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді. Ағымдағы сайлау циклінде кәмелеттік жасқа толып, алғаш рет дауыс беру құқығына ие болған жастардың саны 137 мың адамнан асады.
Сайлауға қатысуға жіберілген 7 саяси партияның барлығы әйелдерге, мүгедектігі бар адамдарға және жастарға арналған 30%-дық квота бойынша заңнама талаптарын орындады. Партиялық тізімдер бойынша 145 мандатқа 35 жасқа толмаған 74 кандидат тіркелді.
Республика бойынша жастарға құқықтық ақпарат беру және олардың электоралдық мәдениетін арттыру мақсатында 248 жас сайлаушылар клубынан тұратын желі жұмыс істейді.
Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік зерттеулер жастардың азаматтық сана-сезімі мен электоралдық белсенділігінің тұрақты түрде артып келе жатқанын көрсетеді. Елдің жетекші зерттеу институтта-ры – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ), Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ), Еуразиялық интеграция институты және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жас азаматтардың саяси ұстанымдарына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.
Зерттеу нәтижелері жастардың сайлауға қатысуға деген әлеуетті дайындығының жоғары деңгейін, әлеуметтік оптимизмнің артуын, азаматтық борышты сайлауға қатысудың негізгі уәждерінің бірі ретінде қабылдауды және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына деген сұранысты көрсетеді.
Мониторингтік сауалнамалар жастардың негізгі электоралдық науқандарға қатысуға дайындығы өңірге және саяси іс-шараның ауқымына қарай 69,4%-дан 82,2%-ға дейінгі деңгейде екенін көрсетеді. Сауалнамаға қатысқан жастардың шамамен 91,4%-ы Мемлекет басшысына сенім білдіреді, ал 89,3%-ы мемлекеттің даму бағыты дұрыс деп есептейді. Бұл көрсеткіштер жастардың электоралдық белсенділігіне тікелей ықпал ететін факторлардың бірі болып табылады.
Респонденттердің 71%-дан астамы азаматтық борышын орындауды, ал 69,6%-ы жүргізіліп жатқан саяси реформалардың маңыздылығын сайлау учаскелеріне барудың негізгі себептері ретінде атаған.
Жас азаматтардың 79%-ға дейіні мемлекеттік институттардың халықтың сұраныстарына жауап беру деңгейі жақсарған деп санайды. Бұл өз кезегінде олардың өз дауысының маңыздылығына деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Әрбір жаңа сайлау науқанымен қазақстандық жастар дауыс беруге барған сайын белсендірек қатысып келеді. Еуразиялық интеграция институтының деректеріне сәйкес, респонденттердің мәліметі бойынша, 2023 жылғы парламенттік сайлауға жастардың 53,4%-ы, 2024 жылғы республикалық референдумға 63,4%-ы, ал 2026 жылғы республикалық референдумға 75,3%-ы қатысқан.
Респонденттер сайлауға қатысудың негізгі себептері ретінде азаматтық борышын өтеуді – 71%, сондай-ақ жүргізіліп жатқан саяси реформалардың маңыздылығын 69,6% атаған. Сонымен қатар дауыс беруді ажырамас демократиялық құқық ретінде қабылдау – 31,4%, ал сайлауға қатысуға мүмкіндік беретін жасқа толу 18% көрсеткішті құраған. Көрсеткіштердің жиынтық мәні 100%-дан жоғары, өйткені респонденттер жауаптың бірнеше нұсқасын таңдауға мүмкіндік алған.
«Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне деген сенім деңгейі тұрақты түрде жоғары болып, 85,7%-ды құрайды.
Президентке деген ең жоғары сенім 18–29 жас аралығындағы жастар арасында тіркелген. Осы жас тобындағы респонденттердің 90,1%-ы Президентке сенім білдіретінін («иә» және «скорее иә» жауаптарының жиынтығы) көрсеткен. Бұл – сауалнамаға қатысушылардың барлық жас санаттары арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Дәл осы факторлар 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына жас азаматтардың қатысуының негізгі уәждеріне айналуы мүмкін.
Зарема ШАУКЕНОВА,
академик, әлеуметтану ғылымдарының
докторы, профессор